Жаңалықтар

Медиация институтын енгізу заман талабы

ашық дереккөзі

Медиация институтын енгізу заман талабы

Азаматтардың сотқа сенімі артып келе жатқанын сот қарайтын істер санының артуынан да байқауға болады. Алайда, істің көбеюі белгілі бір деңгейде оның қаралу сапасына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені, жүктемесі көбейген судья үшін істерді жан-жақты сараптауға уақыт тапшылығы туындамай тұрмайды. Осы себепті де елімізде дауларды сотқа дейін реттеу институттары енгізілуде. Соның бірі болып табылатын медиация институты Алматы қаласы Алатау аудандық сотында өткен семинарда сөз болды. Аудандық әділет басқармасының мамандары, судьялар, медиаторлар мен БАҚ өкілдері қатысқан шараның тізгінін Алатау аудандық сотының судьясы Ербол Ак-куов ұстады. – Медиация институтын енгізу заман талабы. Алайда, ол қазақ халқына таңсық дүние емес. Кешегі дуалы ауыз билер ел ішіндегі дауды бітімгерлікпен шешіп отырғанын білеміз. Яғни, қазақтың дала дәстүрі, баба дәстүрі заманға орай жаңа формада қайта қолданысқа еніп отыр, – деді Ербол Мұратұлы. Қазақстанда бұл институт 2011 жылы 28 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» заңмен реттеледі. Бейтарап ұстанымдағы үшінші тараптың, яғни медиатордың қатысуымен дауды шешуге бағытталған бұл рәсімнің қолдануға жататын және қолдануға жатпайтын санаттары заңмен нақтыланған. Сондай-ақ, судья Ербол Мұратұлы аталмыш рәсімді жүргізетін медиаторлар да өз ішінен бөлінетінін еске салды. «Біріншісі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар. Екіншісі, кәсіби емес медиаторлар. Медиаторлықты таңдаған адам өз қызметін кәсіби де, кәсіби емес те негізде жүзеге асыратыны заңда көрсетілген. Жас шамаларының да шектері белгіленген. Мәселен, жоғары білімді, жасы 25-ке толған, ҚР Медиаторлар одағынан арнайы оқудан өткен тұлға кәсіби медиатор бола алады. Кәсіби емес медиаторлыққа келсек, онымен айналысуға 40 жасқа толған, ел ішінде беделге ие, адамгершілігі жоғары адамдар құқылы», – деді ол. Шара модераторының медиация туралы кіріспе сөзінен соң қатысушылар аталмыш институттың артықшылықтары жайла ойларын айта келе, жетілдіруді қажет ететін тұстарына да тоқталды. Сонымен қатар, медиацияның ел арасында әлі де кең қолданысқа енбей тұрғаны тілге тиек етілді. Ал, мұның бір себебі оның насихатының әлде де болса кемшіндігінде екені ескеріліп, осы мақсатта бірлескен шаралар атқаруға уағдаласты.