АТА ЗАҢ – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ КЕПІЛІ
АТА ЗАҢ – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ КЕПІЛІ
ҚР Конституциясы күніне орай, 27 тамызда Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында ҚХА хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» КММ өткізген «дөңгелек үстел» тақырыбы осылай аталды.
Бұл іс-шараға «Нұр Отан» партиясының «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы «Бірлік» Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің мүшелері, сондай-ақ, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штаб мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстел» басында «Қасым Ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолынан» бастап, барлық заңдарымыздың негізі болып табылатын ҚР Конституциясының күллі ел өміріндегі, мемлекетіміздің тұтастығы мен шекарамыздың қауіпсіздігін, отандастарымыздың азаматтық құқықтарын қамтамасыз етудегі мән-маңызы хақында жүйелі әңгіме өрбітілді.
Алғашқы баяндамашы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Асыл Смағұлова «Ата Заң – Ел бірлігі» деген тақырыпты өрбітті. Келесі баяндамашы философия ғылымдарының кандидаты Дмитрий Анатольевич Мацюк «ҚР Конституциясы – мемлекеттіліктің негізі» деген тақырыпта әңгіме қозғады. Бұдан кейін мінберден сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Жастар қанатының төрағасы Аян Бүркіталин мен облыстық ҚХА жанындағы «Бірлік» Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбеков, «Вайнах» шешендердің этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Хасан Сағаев қазіргі жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен құқықтық сана-сезімін қалыптастыру, азаматтық бастамашылдық пен жауапкершілікті дамыту төңірегінде де сөз қозғап, жастарға ой салды.
«Дөңгелек үстелдің» қорытындысында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Бақытгүл Снабаева барлық қатысушыларды ҚР Алтын Заңы күнімен құттықтады.
Гүлсамал АЙМАХАНОВА
Ақтөбе қаласы