Жамбылдың жарқын жолы
Жамбылдың жарқын жолы
1984 жыл. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін екі жігіт (бірі – Нұртөре Жүсіп, қазір республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы, екіншісі – мен) жолдамамен Павлодар облыстық газетіне жұмысқа орналасып, жалпақ тілмен айтқанда «жапырып жазып жүрген» уақытымыз. Шыны керек, бұрын-соңды аяқ баспаған бөтен облыс деп жатсынған жоқпыз. Алғашқы күннен бастап-ақ редакцияны бұрыннан бауыр басқан ұжымдай көріп, үлкен-кішісімен біте қайнасып кеттік.
Жұмыстан басқаға мойын бұрмаймыз. Өзімізді көрсеткіміз келеді. Танытқымыз келеді. Бір нөмірде кейде, тіпті, үш-төрт мақаламыз жүреді. Әр аптаның дүйсенбісінде – лездеме. Апталық нөмірлер талқыланып, жақсы-жаман мақалалар сарапқа салынады. Сақа журналистер – Қажымұрат Смағұлов, Тұрсынбай Ибадуллин, Төлеубек Қоңыров, Нәсіполла Есімов, Бақыт Баймұратов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Социал Әйтенов, Шолпан Байғалина, Ғалымбек Жұматов ... біздің жазған-сызғанымызға жоғары баға беріп жатады. Бас редактор Балтабай Сейсенбеков пен оның орынбасарлары Айтжан Бәделханов, Әжібек Жүсіпов те «Жастар газетімізге жаңа серпін берді» деп желпіндіріп қояды. Мақтағанды кім жек көрсін?!. Осыны естіген Нұртөре екеуміз келесі жолы, тіпті, өндіре жазамыз.