«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде ақынның туғанына 173 жыл толуына байланысты салтанатты шаралар өтті.  Абайдың 173 жылдығына байланысты шара жылдағы дәстүр бойынша ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жырларын оқумен басталды.

Мұнан кейін «Рухани жаңғыру» жобасы аясында мемлекет қолдауымен жарық көрген қос кітаптың тұсауы кесілді. Бірі музей қорында сақтаулы данышпан ақын жайындағы естеліктерден құралса, екіншісі ата-аналар мен балаларға арналған Абайдың таңдамалы шығармалары.

«Абай сәулесі» деген жаңа бір ұғымды енгізсек дейміз, өйткені Абай өлеңдерін, қара сөздерін оқып отырғанда ұлы ақынның әрбір сөзінен, әрбір шумақтан біз еңбекке, ерлікке, адалдыққа, елді сүюге, Отанды сүюге деген ерекше бір ұлағат аламыз», – дейді Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков.

Бүгінде Абай музейінде 20 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Жыл сайын табылып жатқан жаңа деректер қаншама. Биыл да мемлекет қолдауымен Ресейдің мұрағаттарына ғылыми іссапарлар ұйымдастырылып, Абай әлеміне қатысты құжаттар әкелу жоспарда бар екен.

Back to top button