Бастауыш партия ұйымдарының белсенділігі артады
Бастауыш партия ұйымдарының белсенділігі артады
Қарағанды қаласында «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен партияны жаңғырту аясында бастауыш партия ұйымдарының бірінші аймақтық форумы өтті.
Форумға ірі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен Астана, Алматы қалаларының, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы аумақтық филиалдар төрағаларының бірінші орынбасарлары қатысты. Бастауыш партия ұйымдарының алғашқы аймақтық форумы 4 секция бойынша жүрді. Бірінші секцияда партия Хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен бастауыш партия ұйымдарын белсенді ету тұжырымдамасы талқыланды. Қатысушыларға партияның барлық қызметін цифрландыруға, партия мүшелерінің бірыңғай базасын құрып, құжат айналымын азайтуға және партия қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған «Сандық партия» жобасы таныстырылды.
Екінші секцияда қатысушылар партияның Орталық аппаратының Баспасөз қызметінің жетекшісі Әлия Бөриеваның қатысуымен партиялық білім беру жүйесін, БПҰ мен партия мүшелері қызметін белсенді ету тұжырымдамасын талдады.
Үшінші секцияда «Нұр Отан» партиясының саяси жұмыстар департаментінің директоры Данияр Әлжановтың қатысуымен партияның идеологиялық жобалары, цифрландыруға, халықтың сандық сауатын арттыруға, үш тілділікке көшу, бизнестің геоақпараттық онлайн-сервисі, кіші және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік жастар саясаты, «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламаларды қолдау және жүзеге асыруға бағытталған партиялық 22 жаңа жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс формалары мен әдістері талқыланды. «Жаңа жобалар – біркүндік акция немесе кеңселік шаралар емес, партия мүшелерінің еңбегі, нәтижесінде қазақстандықтардың өмірі мен тұрмысы жақсаруы тиіс», – деп атап өтті форумда Тамара Қасымқызы.
Төртінші секция жұмысы адами ресурстарды басқару мен партияның кадрлық резервін қалыптастыру мәселесіне, бастауыш партия ұйымдары мен партия мүшелерінің деректер базасын белсенді ету, бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру мен жетілдіру үшін бағалау жүйесін енгізуге арналды. Аймақтық форумның қатысушылары үшін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппараты құрылымдық бөліністерінің жетекшілері, партияның саяси менеджмент Академиясының оқытушылары, танымал тренерлер мен саясаткерлер әртүрлі бастауыш партия ұйымдарының өкілдеріне «Шешендік өнер», «Саяси коммуникация» және т.б. тақырыптар бойынша тренингтер өткізді.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 1 миллионнан астам мүшесі бар 5839 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Қазір бастауыш партия ұйымдарының 51,3 пайызында (3001 бірлік) 3-тен 100-ге дейін, 41,6 пайызында (2432 бірлік) 100-ден 500-ге дейін мүше бар. Бастауыш партия ұйымдары жұмысын ұйымдастыруда БПҰ төрағасы маңызды рөл атқарады. Тұрақты түрде БПҰ төрағаларына, партия мүшелеріне әртүрлі партиялық оқу әдістері (онлайн-оқу, семинар-тренингтер) ұйымдастырылады. 2017 және 2018 жылдары 4 мыңға жуық БПҰ төрағасы білімін жетілдірді.