Нан бағасы қымбаттай ма?

Нан бағасы қымбаттай ма?

Нан бағасы қымбаттай ма?
ашық дереккөзі
Грузия елінде соңғы үш аптада ұн бағасы бірден 3 долларға қымбаттады. Енді қарапайым халық нан бағасы шарықтап кете ме деп алаңдаулы. Сарапшы мамандар ұнның қымбаттауына импорттаушы елдерде астықтың аздығы және коммерциялық кәсіпорындарда газ бағасының көтерілуі әсер еткенін айтады. Грузияның астанасы – Тбилиси маңында орналасқан нан өнімдерін шығаратын зауытта күнделікті мыңға жуық батон, бәліш, тоқаш пісіріледі. Бұрын 1 қап ұн 14 доллар болса, қазір 17 доллар. Әзірге  компания қоймасында ұнның біраз қоры бар. Дегенмен ол екі  аптаға ғана  жетеді. Ал қоймадағы ұн таусылғаннан кейін ұнды жаңа бағамен сатып алуға тура келмек. Өз кезегінде бұл нан бағасына әсер етпей қоймайды. Дүкен сөрелерінде  нанның бағасы әзірге 30 цент. Бірақ кәсіпкерлер бұл бағаны ұстап тұру қиынға соғатынын айтып отыр. Сарапшылардың айтуынша, Грузия 90 пайыз астық импортына тәуелді. Сол себепті баға шикізат тасымалданатын елдегі түсімге байланысты. Одан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер үшін газ бағасы қымбаттаған. Бұл да тауар  бағасына тікелей әсерін тигізуде. Грузиядағы астық және нан өнімдерін  өндірушілер қауымдастығының дерегінше, 11 тамызда Чикаго биржасында бір тонна астық 15 долларға қымбаттады. Бүгінде тоннасына 200 доллардың орнына 232 долларды құрап отыр. Грузияның басты тасымалдаушысы – Ресей. Онда биыл астық түсімі айтарлықтай аз. Сол себепті Грузия балама  нарықты іздей бастады. Оның қатарында Қазақстан мен Украина бар. Егер қыркүйек айындағы астық жинау науқанынан соң баға  қолжетімді болса, Грузия астықты Қазақстаннан импорттамақ. Ал Грузия әзірге өзін-өзі 10 пайызға ғана астықпен қамти алады. Қазіргі уақытта Грузия елдегі астық түсімін еселеуді мақсат етіп отыр. Ол үшін әр аудан бидайдың түрлі сортын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Яғни, өндіріс көлемін  арттырмайынша, баға импорттаушы елдерге тәуелді болмақ.  Сарапшылардың айтуынша, нан бағасы күзде кемінде 5 пайызға  қымбаттайды.