Академиялық адалдық – уақыт талабы
Академиялық адалдық – уақыт талабы
Алматы қаласының білім беру мекемелерінде сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-шараларды күшейту мен білім саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» атты семинар кеңесті Алматы қаласының білім басқармасымен бірлесе «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесі ұйымдастырған. Шараға қаладағы орта білім беретін ұйымдар мен мектеп, колледж басшылары қатысты. Кездесу барысында «Sanaly urpaq» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қ.А. Токушев жүргізілген талдаудың нәтижесінде 18 ұсыныс енгізіп, оның ішінде колледж, мектеп қызметкерлері мен студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды бекіту, мектептердегі салымдарды жинауды жою, қатаң түрде стандарттарға сәйкес мемлекеттік қызметті уақытылы және сапалы негізде көрсету мәселелерін талқыға салды.
Семинар аясында «Sanaly urpaq» жобасы шеңберінде академиялық адалдық және сыбайлас-жемқорлыққа қарсы технологияларды қамтамасыз ету тетігі мен білім беретін ұйымдардың жүзеге асырылатын бағалау жүйесін қалыптастыру ұсынылады. Болжам негізінде бұл бағалау жыл сайын өткізілетін болады. Оның нәтижелері бойынша қалыптасатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтингісі орта мектеп, колледж және жоғары оқу орындарына әр білім беру деңгейі үшін бөлек жүргізіледі.
Семинар соңында Алматы қаласының білім беру басқармасы басшысының орынбасары Л.А. Жылқыбаева мектеп және колледж директорларына өз қызметтері аясында академиялық адалдық қағидасына сүйене отырып қызметті жүзеге асыру қажеттігін қадап тапсырды.