Мектеп – кеме, білім – теңіз
Мектеп – кеме, білім – теңіз
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін», – деген екен ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, актер Серке Қожамқұлов. Расында, «анасы бар адамдар ешқашан қартаймайтыны» іспеттес, ұстазы бар адамдар да мәңгілік шәкірт болып қала бермек. Осы тұста алдағы Білім күні мерекесіне орай, «жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақынға да, жатқа да әділ» бола білген ұстаздар қауымы да ерекше толқитыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин). Өмірге деген көзқарасты түп-тамырымен өзгертіп жіберетін де ұстаздар кездеседі өмірде. Бұл қандай күш дейсіз ғой?! Ол – ұстаздың жан-жақты білімі және оны оқушының санасына ғана емес, жүрегіне де жеткізе алатын қабілеті. Алдағы күндері Қазақстандағы барлық мектептерде алғашқы қоңыраудың үні естіледі. Тамыз айының басында Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл Қазақстанда мектеп табалдырығын 342 мың бала аттағалы отыр. Осы мерекені Алматы қаласы және облысының ұстаздары мен ата-аналары қалай қарсы алып, қандай жаңалық күтетінін арнайы сұрап білген едік.
Бақытнұр Әділов, Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
БҰЛ ҒАСЫР – ЖАЙБАСАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙТІН ҒАСЫР
– Жаңа оқу жылына қалай дайындалып жатырсыздар? – Дәстүрлі алғашқы мектеп қоңырауын сыңғырлатуға, мектеп партасына асыққан оқушыларымызды киелі білім шаңырағымен қайта қауыштыруға дайынбыз. Мектебіміз жаз бойы жергілікті бюджет қаржысының есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын тек ата-аналарға жауапкершілік артылып қоймайды. Сонымен қатар ұстаздардың да жауапкершілігі күшейе түсіп, әбігерге түсетіні анық. Республикамызда дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы, қателеспесем, осымен он жыл қатарынан өз жұмысын жүйелі түрде өткізіп келеді. Осы акция аясында мектебіміздің 60-70-ке жуық көмекке зәру отбасыларындағы балаларға жылда қажетті көмек көрсетіліп келеді. Жаңа мектеп киімдерінен бөлек, жаңа мектеп портфельдеріне ие болған оқушылардың, ата-аналардың риза болып қуанғанын көргенде, осындай игі істер жасап жатқан жандарға риза болып қаласың. Биыл мектебімізге үлкен екі жабық футбол стадионы сыйға берілгелі тұр. Бұл стадион мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің қолдауымен салынуда. Биылғы 2017-2018 оқу жылын жеңісті және жемісті тәмамдадық десем, қателеспеймін. Себебі мектеп бітіруші түлектеріміздің ҰБТ-дан алған бағалары нәтижелі болды. 26 түлек 11-сыныпты бітірсе, оның 24-і ҰБТ-ға қатысып, 19-ы грант иегері атанды. Мектебіміздің осы жылғы білім сынағында алған бағалары биыл 114,4 баллды құрады. Бұл дегеніміз – өткен жылмен салыстырғанда 11,6 баллға артық көрсеткіш. Екі оқушы «Алтын белгі», бір оқушымыз Үздік аттестат иегері атанды. Түлектеріміздің барлығы білім деңгейлерін жоғары деңгейде көрсетіп, қалаған оқу орындарының гранттарына ие болды. – Білім сапасын арттыру үшін қандай өзгерістерді ұсынар едіңіз? – Бүкіл әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін көрсетіп отыр. Нарықтық заманда өркениетке сай сапалы білім беру ақпараттық интеллектуалдық ресурстарды өз бетімен ала алатын, талдай білетін, идея бере алатын, үнемі даму үстінде болатын, жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлға қалыптастыру болып отырғандықтан, алдымен өзімнің кәсіби деңгейімді көтеру үшін педагогикалық шеберлік орталықтарынан білімімді жетілдіру үстіндемін. Әрине, негізгі мақсатым қазіргі заман талабына сай, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолын жан-жақты күшейту. Себебі XXI ғасыр бәсеке, білім, ғылым ғасыры. Бұл ғасыр – жайбасарлықты көтермейтін ғасыр. Яғни, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отыр. Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд мұғалім жайлы былай дейді: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Ендеше мұғалімнің қиын да күрделі еңбегінде небір күрделі қиындықтар кездеседі. Шебер ұстаз соның бәріне төтеп беріп, сабақ үрдісін түрлендіріп отыруы керек. Қазіргі қоғамдағы мұғалім – жеке көзқарасы бар, соған қарай жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық, шығармашылық қасиеті бар әрі оқушысын осы қасиеттері арқылы өз бетінше оқып, ізденіп, кеңейтілген білім алуға үйрете алатын маман болуы керек. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген XXI ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», – деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың, яғни жаңашыл мұғалімнің қолынан келеді. – Қазақстан білім ошақтарының болашағын қалай елестетесіз? – Әрбір мектеп қабырғасы – балаға рух беретін, мәдениет қалыптастыратын, білік дарытатын білім ошағы деуге болады. Қазіргі мектеп ордалары жаңаша түрде, жаңа әдіс-тәсілдермен Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасына сәйкес жұмыс істеуде. Еліміздегі заманауи білім ошақтарында білімді оқушыларға дайын түрде бермейді, сонымен қатар берген білімге, тапсырмаға кері байланыс жасау қалыптастырады. Соңғы жылдары мектептердің оқыту барысы мен жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілуде: мұғалімдер сабақ жоспарын қайтадан дайындауда, білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін қолданып сабақ беруде. Бүгінгі оқушылар көптеген шығармашылық, тәжірибелік, жобалық тапсырмаларды көп орындауда. Өйткені бүгінгі білім жүйесінің міндеті болып тұр. Қазіргі таңда жастардың көп бөлігі зерттеу жұмыстарына, ғылыми-практикалық конференцияларға, интеллектуалды конкурстар мен олимпиадаларға қызығуда. Бұл дегеніміз баланы жаңа заман талабына ілесе алатын, білімді азамат болуға дайындайды. Яғни, білім ошақтары тек білім алатын жер емес, ол әлеуметтік-қоғамдық даму ортасы болып қалыптасады. Мектептерде балаларға арналған қоғамдық ұйымдар жұмыс жасайды. Болашақ мектеп бейнесі – жаңа достар табатын орта, баланы қоршаған ортаға бейімделуге қалыптастыратын білім ошағына айналатынына кәміл сенемін. XXI ғасырда, технология дамып жатқан заманда мектептің білім сапасы жылдан жылға дами беретініне көзім жетеді. Шара Қалықова, Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп директоры:ОЗАТ ШӘКІРТІМІЗ ҰБТ-ДА 140 БАЛЛ АЛДЫ
– Біздің мектеп №123 жалпы білім беретін мектеп ретінде 1989 жылы негізі қаланып, 1991 жылы іске қосылған. 1997 жылы Қожа Ахмет Яссауи аты берілді. 2002 жылы көп салалы мектеп-гимназия статусын иеленді. Мектебімізде 2063 оқушы білім алып, 159 ұстаз еңбек етуде. Олардың 62 пайызы жас ұстаздар. Мұғалімдер әр пәннен жеткілікті. Қазіргі білім саласы мен сапасына көңіліміз толады. Бағалау жүйесі өзгертілді, жаңа оқулықтар шығарылып, мектептер қамтамасыз етілді. Оқушыларымыз оқулықтармен толықтай қамтылды. Мектебіміз бастауыш сыныптар мен математикалық-жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша көптеген жетістіктерге жетуде, атап айтсақ, «Абай оқулары» мен «Айтыс» сайыстарында бас жүлде иеленді. Ағылшын тілінен «British buldog» сайыстарында да жүлделі орындарымыз бар. Болашақта мектебіміз «Үздік мектеп» конкурсына қатыспақшы. Биыл ҰБТ-дан 140 балл алған алматылық түлек Шиара Құдайбергенова біздің мектепте білім алған.Дайындаған
Аяулым Салықжанова,
Арман Құдайберген