Отырар диқандары олжалы
Отырар диқандары олжалы
Түркістан облысының шаруалары ала жаздай тер төгіп, енді бейнеттің зейнетін көріп отыр. Өңірдегі Отырар ауданының диқандары қауын-қарбызды көрші мемлекеттерге экспорттауды бастады.
Отырар ауданындағы шаруашылықтардың бірі жиын-терім басталған бір аптаның ішінде Ресей мен Қырғыз еліне 300 тонна қауын-қарбыз жөнелтіп үлгеріпті. Биыл бұл аумақтағы диқандар 210 гектар жерге қауын, 50 гектарға қарбыз егіп, өнімдерін өзгелерге саудалауда. Шаруашылық иелерінің айтуынша, дәмі тіл үйіретіндіктен қауынның Мырзашөл және Жиенбет деп аталатын түрлеріне сұраныс жоғары. Тіпті, сатып алушылар егіс алқабының басына өздері келіп, тиеп әкетуде. Қазір шаруашылықта жүзге жуық адам күн-түн демей қауын жинаумен айналысуда.
Диқандар болашақта қауын-қарбызды егіп қана қоймай, терең өңдеу өнеркәсібімен айналысуды көздеп отыр. «Келешекте біз тамшылатып суару әдісімен де жаңа технологияларды қолдануды мақсат етіп отырмыз. Мысалы, техникамыздың бәрін лизинг арқылы алып келеміз. Үкімет тарапынан көмек көрсетіліп, сумен жақсы қамтуда. Субсидия арқылы жанармай алудамыз. Қауын-қарбызға сұраныс жылдан-жылға артып келеді», – дейді кәсіпкер Ғани Рыскелді.