Ақ бидай сату тиімді
Ақ бидай сату тиімді
Қай кезде де бидай ұны нарықтағы құндылығын жоғалтқан емес. Өйткені халықтың басты тұтынатын тағамдарының арасында ұн өнімдері көш бастайды. Астық жинау маусымында бидай бағасына жұрттың алаңдаушылық танытатыны да сондықтан. Бидай мен ұнды экспорттаушы елдердің қатарына кіретін елімізде биыл бидай бағасы қымбаттамақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның қымбаттауы нанның құнына әсер етпейтінін бірден ескертті.
Бидай бағасының өсімі нені білдіреді?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, биыл әлемдегі бидай өсіретін мемлекеттерде өнім көлемі төмендеп кеткен. Осы сәтті тиімді пайдаланған Үкімет отандық астықтың құнын көтеріп отыр. Бұл қазақ диқандары үшін тиімді қадам болмақ. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Халықаралық бидай жөніндегі кеңес 2018 жылдың шілдесі мен 2019 жылдың маусымы аралығын қамтитын ауылшаруашылық жылындағы бидай өсіру болжамын жариялаған еді. Халықаралық кеңес әлем бойынша бидай жинау 741 млн тоннаға дейін төмендейтінін мәлімдеген. Ал биылғы бидай жиынының әлем бойынша көрсеткіші 758 млн тоннаны құрайды деген де болжам бар. Айта кету керек, өткен жылы әлем бойынша 754 млн тонна бидай жиналған. Соңғы деректер бойынша, дәнді дақылдың бір тоннасы бірден 13 мың теңгеге қымбаттап үлгеріпті. Былтыр бидай өнімі 35 мың деңге деңгейінде сатылса, қазір 3-сыныпты бидайдың 1 тоннасы 48-49 мың теңгеге бағалануда. Министрлік бағаның одан әрі көтерілуін күтуде. Бұл – ала жаздай тер төккен диқандар үшін жақсы жаңалық. Қолындағы барын салып, күзгі жиын-терімнен үміт күтетін шаруалар дәл осы кезде еңбегінің жемісін көреді. Бірақ бидайдың қымбаттауы нан бағасына еш әсер етпейді деген шенеуніктер бидайдың наубайханалар мен нан зауыттарына төмен пайызбен берілетініне уәде етті. Ал шенеуніктердің сөзі қаншалықты орындалатыны бәріне беймәлім. Қазір егін жинау жұмыстарына қажетті жанармайдың қымбаттап кеткенін ескерсек, астық құнының әлі де көтерілуі бек мүмкін. Мұндай жағдайда нан зауыттары да бағаны қымбаттатуға тырысары сөзсіз. Айналып келгенде, жыл соңына қарай қарапайым халық тағы да қымбатшылыққа ұрынуы ықтимал. Жалпы, биыл егіс алқаптарынан 20 миллион тонна астық жинау жоспарланған. Оның 10 миллионы экспортталса, қалған бөлігі ішкі нарыққа сатылады екен. Демек, сапалы бидайдан тартылған ұнның бағасын қымбаттатпау үшін қазынадан көп ақша жұмсау қажет болатын сияқты. Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жаздағы құрғақшылықты ескерсек, бұл көрсеткіш өте жақсы деп отыр. Жасыратыны жоқ, көктемгі дала жұмыстары басталған кездің өзінде диқандар биыл рекордтық көрсеткішке қол жеткізу қиын екендігін ашып айтқан. Қазір Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда мен Шығыс Қазақстанда орақ науқаны жүріп жатыр. Ал Жамбыл мен Түркістан облыстарында егін жинау жұмыстары тәмамдалды. Екі өңір бойынша орташа түсім гектарына 21 центнерді құрады.Бидай экспорты артуда
Қазақстан бүгінде алдыңғы қатарлы 10 астық экспорттаушы елдердің қатарында. Өткен жылы да 20,6 млн тонна астық жиналып, оның 9 млн тоннасы сыртқа экспортталған. Соңғы бес жыл көлемінде астық өндіру орташа 19,1 млн тоннаны құраса, экспорт көлемі ұнмен қоса алғанда 8 млн тоннаға жетті. Әлем елдерінде ұн өнімдеріне деген сұраныс жоғары екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар, бидай өсіруге ниеттілер көп. Бірақ барлық елдің ауа райы бидай өсіруге қолайлы бола бермейді. Бұл жағынан алғанда, Қазақстанның жолы болып тұр. Қазақстан бидайы сапасы жөнінен талайлардан алда тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан шетелге бидай сату көлемін арттырып, бұл көрсеткіш 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында 1,5 есеге өсті. Үстіміздегі жылдың алғашқы 5 айында Қазақстан шетелге 2,5 млн тонна бидай экспорттаған. Жеткізілген бидайдың жалпы сомасы 251,3 млн долларды құраса, тауар экспортынан түскен түсім 79,5 пайызға артты. Бидайдың басым бөлігі Өзбекстанға (678,4 мың тонна) жөнелтілді. Тәжікстан 30,4 млн долларға 202 мың тонна, Ауғанстан 23,4 млн долларға 140,4 мың тонна, Түркия 28,8 млн долларға 134 мың тонна бидай сатып алды. Өз кезегінде Қытай мен Италияға Қазақстаннан 120 мың тоннадан астам бидай жөнелтілді. Үстіміздегі жылдың наурыз айындағы деректерге иек артсақ, Ресей астық экспорттауда АҚШ пен Еуроодақты басып озып, көш бастап келеді. Айта кетерлігі, 2010-2011 жылдары АҚШ-тан ең жоғары көлемдегі астық сыртқы нарыққа шығарылған. Бұл көрсеткішті әлі ешбір ел қайталай қойған жоқ. Экспорт көлемін азайтуды жаппай жүзеге асырған кезеңде АҚШ өндірісті 15,4 млн тоннаға дейін азайтқан болатын. Сондықтан бұл елде жиналып қалған өнім өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда аз. Нарық заңдылығына сәйкес, тұтынушылар көбейген сайын сұраныс та еселене түсетіні белгілі. Осы ретте алдағы 10 жыл көлемінде Үндістанда халық санының артуына байланысты бидай импорттау 79 млн тоннадан 96 млн тоннаға артпақ. БҰҰ Азық-түлік және қауіпсіздік ұйымының мәлімдеуінше, 2026 жылға қарай бидайға деген сұранысты көп жағдайда дамыған елдер емес, керісінше халық көп шоғырланған Африка мен Азияның кейбір мемлекеттері қалыптастырады.Тасымалда түйткіл болмауы керек
Бидай экспорты қазақстандық нарық үшін табысты болып отыр. Бірақ астықты тасымалдау да оңай шаруа емес. Естеріңізде болса, өткен жылы бидай таситын вагондар жетіспей, шаруалар шырылдап қалған. Вагонның тапшылығы бидай мен ұнның экспортын тежеп, жағдайды әбден ушықтырғаны бар. Солтүстік Қазақстан облысында өнімді тасымалдауға қажетті 500-ге жуық вагонның жетіспеушілігі қазан айында байқалды. Ал шенеуніктер вагондардың ел ішіндегі порттар мен шетелдегі кеден бекеттерінде тұрып қалғанын мәлімдеп құтылды. Биыл да төккен тер, есіл еңбегіміз еш кете ме деп алаңдаған шаруаларды Ауыл шаруашылығы министрі «былтыр болған олқылықтардың алдын алып жатырмыз» деп сендірді. Биыл мемлекеттік органдармен бірлесіп, логистика мәселелерін шешу жоспарланып отыр. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев болса, диқандардың бидай таситын жабық вагондарға деген сұраныстарын қанағаттандыру туралы жауапты ведомствоға нақты тапсырма жүктеді. Премьер-министр биылғы астықты қабылдап, кептіретін элеваторлар мен көкөніс сақтау қоймаларының техникалық жарақтандырылуын ерекше бақылауға алуды да ұмыт қалдырмау керектігін айтқан еді. «Энергетика министрлігі егін ору науқаны барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен мұнай өнімдерін өткізуде басымдық алатынын тағы бір еске саламын. Егін ору жұмыстарының аяғына дейін облыстардың мұнай өңдеу зауыттарының бекітілген кестесіне сәйкес, дизель отынымен тұрақты түрде қамтамасыз етуді бақылауға алу қажет. ҚР ИДМ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортының кеңеюін ескере отырып, диқандардың жабық вагондарға деген сұраныстарын қанағаттандыру үшін іс-шараларды қабылдауды тапсырамын», – деді Бақытжан Сағынтаев. Айта кетейік, шаруаларды шаршатқан дизель отыны бағасының қымбаттауы диқандардың жұмысына кедергі болып отырғанын бұған дейін жазғанбыз (№33, 16 тамыз, 2018 жыл). Бірақ бұл мәселенің толыққанды шешімін табарына күдік көп болып тұр. Өйткені Энергетика министрлігі отын бағасын бақылауда ұстауға қауқарсыз.Ұн өндіру «үрпиіп» тұр
Қазақ халқының астық өндіруде көш басында болуы қалыпты жағдай. Бірақ еліміздің көл-көсір астықтан өнім алуда қиналып отырғаны шындық. Мәселен, елімізде бидайды өндіру және оны экспорттау жағынан көш басындамыз деп мақтанғанымызбен, оны өңдеп, ұн өндіру көлемі азайып барады. Соның салдарынан ұн экспорты тоқырап тұр. Қазақстаннан ұн сатып алып отырған мемлекеттер қатары жыл санап азайып келеді. Әзірге қазақстандық ұн Ауғанстан нарығына ғана көптеп жөнелтілуде. Былтырғы жылы да өнімнің басты бөлігі осы елге экспортталған еді. Яғни, Ауғанстан елімізден өткен жылы 1,5 млн тонна ұн сатып алған. Өзбекстан 600 мың тонна ұн алса, Тәжікстан мен Қырғызстанның сұранысы 50 мың тонна көлемінде ғана болды. Қазақстан 2007-2010 жылдар аралығында ұн экспорты бойынша Түркия мен Еуропа елдерін артта қалдырып, әлемде алғашқы орынға шыққан. Ал 2016 жылы елімізде алғаш рет ұн экспорты 2,4 млн тоннаға жетіп, 500 млн доллардан аса соманы құрады. Десек те, соңғы жылдары сыртқы нарық көлемінің төмендегені байқалуда. Бұған не себеп? Ең алдымен, бұрын Қазақстан ұнын импорттаушы негізгі мемлекеттер болып саналып келген Орталық Азия елдері сауда-саттықты тарифтік емес шектеу шараларын қолдана бастағанымен байланысты. Мысалы, көршілес өзбек елі өнімнің келісімшарттық құнының 5 пайызы мөлшерінде акциздік салық енгізіп, оны 2017 жылы алып тастады. Бірақ 2012 жылы бұл мемлекет ұн енгізуге 10 пайыздық баж салығын енгізген болатын. Ал Тәжікстанда импорттық тауарларға түрлі қосымша құн салығы бекітілген. Ұнға енгізілген қосымша құн салығы 18 пайызды құраса, бидайға 10 пайыз. Ұн өндірушілер соңғы бірнеше жыл қатарынан Қазақстан үкіметіне көршілердің осындай әрекетіне жауап қатуын, ұқсас шара қолдануын сұрап келеді. 2010 жылдан бастап ұн тарту саласының жағдайы күрт өзгерді. Салаға ең бірінші соққы астықты тасымалдау тарифінің көтерілгендігі болды. Бұған дейін қазақстандық агрохолдингтердің артықшылығы астықты Қара теңіз портына дейін жеткізу болды. Тарифтің көтерілуіне байланысты бұл жол енді тиімсіз. Шаруалар өз өнімін өткізудің басқа жолын іздей бастады. Осы сәттен бастап қазақстандық ұн мен астық өзара бір-біріне бәскелеске айналып шыға келді. Қазақстаннан ұн алып жүрген елдерде таңдау пайда болды. Ұн сатып алған тиімді ме, әлде астық па? Сараптай келе, астық алған тиімдірек болатынын ұғынды. Өйткені бұл арзанырақ түседі. Оның есесіне бұрын Қазақстаннан ұн сатып алып жүрген мемлекеттер өз ұн тарту кәсіпорындарын жандандыра түсуге назар аударды. Сөйтіп, бұрын қазақ елінен ұн сатып алып отырған мемлекеттер елімізден бидай алып, оны өңдеп, Қазақстанмен бәсекеге түсе бастады. Бұл елдердің көш басында Өзбекстан тұр. 2007 жылы Қазақстан Өзбекстанға 157 мың тонна астық пен 732 мың тонна ұн экспорттаған. Салыстырып қарайтын болсақ, 2015 жылы 1 миллион 405 тонна астық пен 818 мың тонна ұн сатып алған. Одан бері де бұл айырмашылық еселене түскені белгілі. Қалай десек те, астық өндіруден ешкімнен кенде емес Қазақстан өз өнімдерін өндіруге баса назар аударуы қажет. Әйтпесе, бидайды экспорттаушы негізгі елдердің бірі бола тұрып, көрші елдерден ұтылатын түріміз бар.