Басты міндет – әрбір азаматты еңбекке тарту

Басты міндет – әрбір азаматты еңбекке тарту

Басты міндет – әрбір азаматты еңбекке тарту
ашық дереккөзі
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысы формальды емес жұмыспен қамтылған халықты формализациялау және оларды еліміздің экономикасына тарту жөніндегі жол картасын іске асыру барысы, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына арналды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1,4 млн-ға жуық азаматтың мәртебесі анықталғанын атап өтті. Оның айтуынша, жыл басында мемлекеттік деректер базасында 2,7 млн адамның мәртебесі болмаған. Дегенмен министрлік орталық жəне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, формальды емес жұмыспен қамтылған халықты формализациялау жəне оларды еліміздің экономикасына тарту жөніндегі жол картасын іске асырып, аталған көрсеткішті екі есеге дейін азайтқан. Мəселен, 548,4 мың жұмыскер еңбек келісімшарттарын жасасып, тиісінше міндетті зейнетақы жарналары түсе бастаған. 9,3 мың үй жұмысшысы, 13 мың кəсіпкер өз қызметтерін ресми түрде тіркеген. Сондай-ақ, 84 мың адам əлеуметтік төлем алушы ретінде тіркелген, 19 мың адам – атаулы əлеуметтік көмек алушы, 29 мың адам – жүктілігі бойынша есепке алынған. Сонымен қатар, үй шаруасындағы əйелдердің, студенттердің, елден кеткендердің, кəмелетке толған оқушылардың жəне басқа да мəртебесі болмаған азаматтардың əлеуметтік мəртебелері анықталған. «Бүгінгі таңда Өнімді жұмыспен қамту бағдарламасына халықтың мақсатты тобының қатарына 92,7 мың адам тартылды. Соның ішінде 62 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқан, 12 мың адам – қысқа мерзімді оқыту курстарына, 8 мыңы – əлеуметтік жұмыс орындарына, 3,4 мыңы – жастар практикасына, 12,4 мыңы – қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Жалпы, есепті кезеңде орталық жəне жергілікті деңгейлерде азаматтардың мəртебесін анықтау бойынша жаңа жүйелік шаралар қабылданды. Осылайша, мəртебесі анықталмаған азаматтарды барынша қамту мақсатында жаңа өзектілендіру арналары əзірленді. Əр өңірде жұмыс істейтін азаматтар «конвертпен» төлеуге жəне міндетті зейнетақы жарналарын аудармауға мəжбүрлеу фактілері туралы хабарлауға болатын жедел желілер құрылды», – деді министр Мәдина Әбілқасымова. Одан әрі министр мәртебелері анықталмаған азаматтардың төрт негізгі санаты (жалдамалы жұмыскерлер, дербес негізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер, тіркелмеген жұмыссыздар) бар екенін айтты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың статустарын формализациялау бойынша өңірлердегі қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы бірқатар облыс басшылары да баяндады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының əкімі Даниал Ахметов облыста жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша, деректер базасында 78,2 мың адам сəйкестендірілгенін жеткізді. Ал Түркістан облысының əкімі Жансейіт Түймебаев өңірде 436 мың адам сәйкестендірілгенін баяндады. Алматы қаласының əкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, жыл басынан бері қалада 101,5 мың адамның статусы анықталған. Оның ішінде тіркелмеген 32 мың жұмыссыз статусын ресми тіркеген. Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев формальды емес жұмыспен айналысатын адамдарды ел экономикасына тарту жұмыстарын жалғастыру туралы тапсырма берді. «Аталған жұмысты жалғастырып, жаңғырту қажет. Біздің басты міндетіміз – əрбір азаматты еңбекке тарту», – деді Бақытжан Әбдірұлы. Сондай-ақ, Премьер-министр əкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейту керектігін қадап айтты. Сондай-ақ, цифрландыру арқылы азаматтардың деректерін анықтаудың ұсынылып отырған жаңа форматы дұрыс екені сөз болды. Осыған орай, Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау министрлігіне Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігімен бірлесіп цифрландырудың жаңа арналарын енгізуді қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру туралы тапсырма берілді. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамтуды формализациялау жөніндегі заң жобасы бойынша жұмыстарды жылдамдатуы тиіс. Үкімет мүшелері талқылаған келесі мәселе – Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары. Аталмыш тақырып бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Министрдің айтуынша, 2025 жылға дейінгі мақсат – адамдардың өмір сүру деңгейін Экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымы елдеріне сəйкес келетін деңгейге дейін көтеруге əкелетін экономиканың сапалы жəне тұрақты дамуына қол жеткізу. Көздеген мақсатқа жету үшін ел экономикасы орта есеппен жылына 4,5-5 пайыздан жоғары өсім көрсетуі тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сəйкес, Стратегиялық картаның барлық индикаторы бойынша қандай да бір саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған оң өсім динамикасы байқалады. «Жалпы, қабылданған Стратегиялық карта Стратегиялық жоспардың көрсеткіштеріне қол жеткізуге бақылау жүргізуге жəне жоспарлардан ауытқу кезінде тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Түйінді ұлттық индикаторларға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Стратегиялық картаның жоспарлы мəндері тек Стратегиялық жоспарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда түзетілетін болады», – деп атап өтті Ұлттық экономика министрі. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев Президент тапсырмасына сəйкес, орталық жəне жергілікті органдардың Стратегиялық даму жоспарының басты индикаторларына қол жеткізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды. Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев 2025 жылға дейін Стратегиялық даму жоспарының ұлттық индикаторларына қол жеткізу негізгі басымдықтардың бірі екенін айтты. Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға жəне өңірлердің əкімдіктеріне Стратегиялық картаға сəйкес Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын түзету жөніндегі жұмыстарды жылдамдатып, оны іске асыру бойынша шараларды қабылдау туралы тапсырма жүктеді.