__Басты слайдерҚоғамСаясат

Конституция – Тәуелсіздік кепілі

Кез келген мемлекеттің тәуелсіздігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – сол елдің Конституциясы болып табылады. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

1995 жылдың 30 тамызы – Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан күн ретінде белгілі. Сондықтан да Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Соңғы ширек ғасырдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ел азаматтарының құқықтық тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ететін Ата заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясын басшылыққа ала отырып, Отанымыздағы қоғамдық тәртіпті мінсіз күзетуде. Ішкі істер министрлігінің құрамындағы Ұлттық ұлан сапындағы әрбір сарбаз антына адал, сертіне берік. Ал еліміздің ішкі қауіпсіздігі мен тұрақтылығының кепілі болып келе жатқан ұландық офицерлік құрам мүшелерінің әрекеті әбжіл, қызметі қырағы.

Ел Тәуелсіздігінің тарихи шежіресіне көз жүгіртсек, ширек ғасырдағы әр жылымыз бір-біріне ұқсамайтын, айрықша өзгерістерге толы кезең. Қоғамдық тәртіпті күзету – Ата заң аясында азаматтардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету десек, оның орындалуы ойдағыдай деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі біздің әскеріміз қазіргі кезде Конституция шеңберінде қабылданып, қолданысқа еніп жатқан заңдарды басшылыққа ала отырып, тек қоғам тыныштығын ғана күзетпейді. Адам жанын рухани құндылықтармен сусындатып, ізгілікке үндейтін гуманистік бағыттағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Астана күнін айрықша атап өту мақсатында Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарындағы оркестр ұжымдары арасында алдымен аймақтық конкурс ұйымдастырылса, үздік шыққан өнерпаз ұжымдар елордада мерекелік шаралардың шырайын келтірді. Яғни, «Әскери керней» байқауы арқылы астаналықтар мен қала қонақтарының назарына әскердің өнерін паш етті. Бұл нені білдіреді? Біз осындай игілігі мол іс-шара арқылы әскерилердің әлеуеті жан-жақты екендігін көрсете алдық. Осылайша, ұландықтар салтанатты саптық жүріс пен киім үлгісімен қатар, патриоттық рухтағы ән-жырын жұртшылыққа ұсынды. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмыстарымыз ел аумағымен ғана шектелмей, Ресейде өткен «Амур толқындары» халық-­аралық фестивалінде жалғасын табуы біздің Тәуелсіз Қазақстан азаматы ретінде таныла түсуімізді қамтамасыз етті.

Ата заңымыз Қазақстанның Тәуеліздігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, құқықтық тәртіп әскері ретінде Ұлттық ұланның өзге елдермен әріптестігінің іргетасын нықтап қалады. Мамыр айында Алматы облысындағы арнайы полигонда Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына қатысушы 6 елдің арнайы мақсаттағы күштерінің «Кобальт-2018» бірлескен арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Үш күнге созылған шара аясында арнайы жасақ алға қойылған міндетті ойдағыдай орындап шықты. Содан соң, Президент Н.Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын және қорғаныс ведомстволарының министрлерін Ақордада арнайы қабылдады. Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық ету кезеңінде өтіп жатқан Қорғаныс министрлерінің кеңесі мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары комитетінің сессияаралық отырыстарына қатысушыларға ілтипат білдіріп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Жарғылық органдары кең ауқымды мәселелерді қарастыратындығын тілге тиек етті. «Атап айтқанда, әскери саладағы көп жақты ынтымақтастықты дамыту, халықаралық терроризмге, заңсыз есірткі айналымына және заңсыз миграцияға қарсы күрес жүргізу, сондай-ақ, үйлесімді ақпараттық саясатқа қатысты ұстанымдарды әзірлеу мәселелерін қарастыру көзделіп отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бірлескен оқу-жаттығулар мен операцияларды жүргізу барысында мемлекетаралық байланыстарды үйлестіру, ұжымдық тетіктерді жетілдіру, сондай-ақ, өзара іс-қимылды пысықтау үшін қорғаныс ведомстволары мен қауіпсіздік кеңестері аппараттарының рөлі зор екеніне көңіл бөліп, «Кобальт-2018» оқу-жаттығу шараларының нәтижелеріне ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, осы кездері Қазақстанда қатар ұйымдастырылған тағы бір шара, халықаралық «KADEX-2018» көрмесі болды. Ұлттық ұлан өзі иелігіндегі техникаларымен көрмеге қатысып, өзге елдерден келген әріптестерімен тәжірибе алмасты. Орайы келгенде, Нұрсұлтан Назарбаев әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы практикалық шараларға ерекше көңіл бөлуге шақырып, «KADEX-2018» көрмесінің мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін айтты.

Ал мұның алдында Отарда өткен әскери парадқа қатысқан Мемлекет басшысы ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арнаған сөзінде Қарулы Күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өткен еді.

Президент еліміздің дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырғанына тоқталып, бүгінгі Қазақстан әскері тәуелсіздігімізді күзетіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атсалысып және Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функцияларды лайықты атқарып жатқандығын айтқан болатын.

Жалпы, Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді әрдайым басты назарда ұстап келеді. Тіпті, еліміздің осы күнгі жемісті жолының бастауы болып саналатын «Қазақстан – 2030» Стратегиясында Мемлекет басшысы: «Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Егер біз өз мемлекеттігімізден айырылып, егемендігіміздің негіздерін, өз жеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ», – деп атап өткен болатын.

Ұзақ мерзімді басым мақсаттарға ие осындай ұстанымның үдесінен шығу жолында әрбір ұландық жауынгер жанын салып елі мен жерін қорғауға, Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге сақадай сай болуы тиіс. Әрине, ол үшін денсаулығы мығым, салауатты өмір салтын ұстанатын, парасат-пайымы жоғары сарбаздар қатарымызда көп болғаны керек. Сондықтан да жыл сайын құқықтық әскер қатарында қызмет атқаратын жауынгерлер арасынан үздіктерді анықтау шарасы республика көлемінде ұйымдастырылып келеді. «Күрең берет» деген атаумен өткізілетін байқауда сарбаздар сан түрлі психо-физиологиялық сынақтардан өтіп, өзінің білімді һәм білікті, ерік-жігері қалыптасқан жан екендігін әйгілейді. «Жүзден жүйрік шыққан» үздіктер күрең берет киіп жүру құрметіне ие болып, белгілі бір деңгейде жауапкершіліктер арқалап, өзінен кейінгі ізбасарларға үлгі-өнеге көрсетеді.

Өткенсіз бүгін жоқ. Әскердің қалыптасуы жайлы сөз қозғай отырып, Тәуелсіздікті иеленген кезіміздегі өтпелі кезеңнің уақытша қиыншылықтарының құрсауында қалғанымыз туралы да ұмытпауға тиіспіз. Экономикамыз қарыштап алға дамыған бүгінгідей берекелі кезеңде сондай жағдайлар болып еді десеңіз, бүгінгі жастар оған сенбейтін де шығар. Басқаны айтпағанның өзінде алғышептегі әскери бөлімшелерде электр жарықтарының бірде болып, бірде болмаған да кездерін бастан өткіздік. Елге адал қызмет етіп, Отан қорғауды ең қастерлі қызмет санаған азаматтарымыз мұндай жағдайларға шыдамдылық пен төзімділік танытты.

Ең бастысы, сарбаздарымыздың басы аман, бауыры бүтін болды. Мемлекет тарапынан бізге ең алдымен талайлы тағдырдың еншісіне сай бұрынғы Кеңес Одағынан қалған Өскемен, Курчатов және Степногорск қалаларындағы стратегиялық аса маңызды нысандарды күзету тапсырылды. Бұдан өзге көптеген түзеу мекемелері мен ел үшін маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Бұл міндеттерді де біз абыройлы атқара білдік.

Петропавл қаласындағы Ішкі әскерлер жоғары әскери училищесінің Ұлттық ұлан Әскери институты деп атауын өзгертіп, келешектегі тағдырларын әскери өмірмен байланыстырғысы келетін жастарымызды қабылдадық. Ел мен жердің бүтіндігін ойлаған әріптестерім сол кездегі қиыншылықтарға мойымай, мемлекетіміздің Тәуелсіз ел атанғанына шынайы қуанғандарына талай рет куә болдық. Елбасының салиқалы саясаты арқасында Ұлттық ұланды сан-салалы жағынан дамыту мен жетілдіруге айрықша көңіл бөлінді. Міне, осылайша сындарлы сәттерден сүрінбей өттік.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген ұлағатты сөзін жүрегінде сақтап, туған елімізді көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр азаматымыздың қасиетті міндеті және перзенттік борышы. Ел тыныштығын қамтамасыз ету – отансүйгіштіктің нағыз белгісі. Отанымызды күзету – үлкен абырой, асқан жауапкершілік!

 

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

генерал-лейтенант,

Қазақстан Республикасы

Ұлттық ұланының

Бас қолбасшысы

Back to top button