Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан қашанда сенімді әріптес болып қала береді
Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстан қашанда сенімді әріптес болып қала береді
Өткен аптада Қазақстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан президенттері Түркіменстанның Түркіменбашы қаласында бас қосты. Ондағы мақсат – Арал теңізі мен Арал аймағының күрделі әлеуметтік-экономикалық, су шаруашылығы және экологиялық мәселелерін талқылау. Басқосу Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы қарсаңында өтті. Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларын Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ерекше ықыласпен қарсы алды.
Қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан басшысы Сооранбай Жээнбеков және Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыс өткізді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отырыс барысында Түркіменбашы саммитінің Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы қарсаңында өткізілуінің маңызына тоқталды. Одан әрі Елбасы Аралды құтқару қорының жұмысы белсенді түрде жүргізіліп жатқандығына назар аударды. «Аралды құтқару қоры халықаралық деңгейде белсенді жұмыс жүргізуде. Соның арқасында Арал өңіріне әлемдік қоғамдастық пен халықаралық қаржы институттары тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп келеді. Біздің бірлесе жұмыс істегеніміздің арқасында бұл қор Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстары өңірдегі халықтардың ортақ игілігі болғандықтан, осы аймақтағы мемлекеттер оң идеялар мен жобалар ұсынғанын тілге тиек етті. Мәселен, қазіргі уақытта Түркіменстанның бастамасымен БҰҰ деңгейінде Арал аймағы елдеріне арналған арнайы бағдарлама қабылдау мәселесі қарастырылуда. Ал Тәжікстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы 2018 жылдан бастап «Су – орнықты даму көзі» атты халықаралық іс-қимылдың он жылдығын жариялады. Өзбекстан биылғы маусым айында Ташкентте Орталық Азияның халықаралық экологиялық форумын жоғары деңгейде өткізді. Қырғызстанның бастамасы бойынша БҰҰ құрылымдарының қолдауымен «Шу және Талас өзендерінің бассейндеріне арналған іс-қимылдардың стратегиялық бағдарламасы» даярланды.
Қазақстан да бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізуде. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» ауқымды жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Сырдария өзенінің төменгі саласындағы экологиялық жағдай елеулі түрде жақсарды. Солтүстік Арал қалпына келіп, онда судың деңгейі 2010 жылдан бері тұрақты түрде 42 метрлік көрсеткішті ұстап тұр. Судың тұздылығы төмендеп, теңіздің қоректік базасы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қалпына келуде. Арал теңізінің қазақстандық бөлігіндегі микроклимат пен әлеуметтік жағдайы жақсарды. Балық өңдейтін бірқатар кәсіпорын ашылып, олардың өнімі шетелге экспортталуда», – деді Мемлекет басшысы. Елімізде осы бағытта атқарылған шараларды атап өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысқан елдер делегацияларын 2018 жылдың 10-12 қазаны аралығында Астана қаласында өтетін Трансшекаралық су ағыны мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі БҰҰ конвенциясына мүше тараптар кеңесінің 8-сессиясына қатысуға шақырды.
Қазақстан Президенті басқосуда 25 жыл бойы жұмыс жүргізіп келе жатқан Халықаралық Аралды құтқару қоры міндеттерінің жан-жақты талқыланғанына назар аудара отырып, Қазақстан ұсынып отырған шараларды атап өтті. «Қордың қазіргі институттарының негізінде Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын басқару жүйесін автоматтандырудың, бөлудің, есепке алудың, мониторинг жасаудың, соның ішінде олардың сапасын жақсартудың уақыты келді. Қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне қайта оралудың маңызы зор. Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитетін елдеріміздің біріне тұрақты орналастыру мәселесін қарастыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл кездесудің халықаралық ауқымдағы маңызды оқиға екенін айтқан Мемлекет басшысы: «Біз мұнда жаңа басымдықтар мен міндеттерді анықтадық. Орталық Азияның орнықты дамуы мен өркендеуі үшін бұл мәселелерді шешудің маңызы аса зор. Сондықтан мұның бәрі біздің әрі қарай бірлесіп, үйлесімді іс-қимыл жасауымызды талап етеді. Мен Қазақстанның әрқашан да өңірлік ынтымақтастық мәселелері жөнінде дәйекті әрі сенімді әріптес екенін және солай болып қала беретінін нық сеніммен айтқым келеді», – деді жиындағы қорытынды сөзінде.
Мемлекет басшылары отырысының қорытындысы бойынша өткен бірлескен баспасөз мәслихатына қатысып, журналистер мен ресми делегациялар алдында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал аймағының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттерінің күш-жігерін қолдау үшін тараптардың осы мәселемен айналысатын дүниежүзілік қоғамдастыққа, БҰҰ-ға және барлық қорлар мен банктерге жүгінуі қажеттігін алға тартты. «Біз өз тарапымыздан Қордың жұмысын жетілдіруге уағдаластық. Барлық мәселелерді, соның ішінде ескірген шешімдерді, сондай-ақ, Қордың барлық басқарушы және атқарушы органдарының қызметін талдау мәселесін шағын құрамда ашық талқыладық», – деді Қазақстан Президенті.