Жамбылда арнайы даму картасы әзірленді
Жамбылда арнайы даму картасы әзірленді
Жамбыл облысында өңірдің ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беру мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы бойынша арнайы даму картасы әзірленді.
Бүгінгі күні даму картасының жоба-жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар басталды. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев Асқар Мырзахметовке агроөнеркәсіп кешенін дамыту картасы аясында жасалып жатқан және келешекте атқарылатын шаруалар туралы есеп берген болатын.
Сол есептен белгілі болғандай, 2019 жылы өңірдегі ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 4 есеге ұлғаяды. Бұл жуырда ғана қабылданып, әр тармағы жіті қаралған даму картасында көрсетілген шарттарды жүзеге асыруда қол жеткізуге болатын болжам. Атап айтқанда, өңірдегі мал және егін шаруашылығы динамикасы бірдей қалыптасады. Салаға салынатын инвестиция көлемі де арта түспек.
Берік Нығмашев айналымнан шығып кеткен 224 мың гектар жердің 175 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылады деп отыр. Алайда бұл тек 2021 жылға қарай толығымен жүзеге асады. Ал биыл 12 мың 500 гектарды қайтаруға мүмкіндік бар. Аймақ басшысы бұл тірлікті 4 жылға дейін созбай, жеделдету қажеттігін айтты.
Мәліметтерге қарағанда, аймақта ауылшаруашылығы бойынша 108674 гектар жерге сұраныс бар екендігі анықталған. Бірақ бұл көрсеткіш тым аз болуы мүмкін. Сондықтан, әлі де болса зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары 2021 жылға қарай егістік жерлерді ұлғайту жоспарын 66 мың 400 гектарға жеткізуді көздеп отыр. Бұған қоса, мал шаруашылығын дамыту, кооперативтерді біріктіру, еңбек өнімділігін арттыру бойынша да жұмыстар жалғаса береді. Айта кетейік, қазір өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу картасы да әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығын дамыту мақсатында 2018-2024 жылдар аралығында шетелден 36 мың басқа жуық МІҚ малын сатып алу көзделген. Жылдың басында өңірде етті мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама қабылданып, индикаторлар көрсетілген еді. Осыған байланысты Мойынқұм ауданы «Агрофирма Төріпкен» серіктестігі Алтай өңірінен 600 бас асыл тұқымды ірі қара әкелді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында ет өнімін арттыруға бағытталған жұмыстар бір жолға қойылып келеді. Мәселен, Қордай ауданының шаруалары көршілес аймақтармен тығыз байланыс орнатып, өз жұмыстарын жандандыруда.
Елбасы Ұлт жоспарының 100-нақты қадамында да Қазақстан өзін-өзі етпен толық қамтамасыз етіп, оны экспорттау мәселесін алға қойған еді. Қордайлық шаруалардың басым бөлігі ет бағытындағы жұмыстарын жандандыруда.
Мәселен, аталған аудандағы ірі шаруа қожалықтардың бірі «Дәурен-ай» серіктестігі Даму бағдарламасы аясында мал бордықылау алаңын ашқан. Қазіргі уақытта мыңнан астам ет бағытындағы ірі малын бордықылауда.
Ірі қара етінің басым бөлігін көршілес Алматы облысыны жөнелтетін шаруашылық алдағы уақытта экспорт көлемін ұлғайтуға да ниетті. Әрине, тұрғындар жұмысы алға жылжып, кәсіптері жүрсе, сәйкесінше өңір экономикасы да өрге баспақ.
«Агрофирма Төріпкен» ет бағытындағы мал шаруашылығымен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Қазір шаруашылықта 3000 басқа арналған бордақылау алаңы бар. Енді серіктестік репродуктор шаруашылығын құруды көздеп отыр. Яғни, имппорт арқылы келген асыл тұқымды малдан өнім алып, оны өңір шаруаларына өткізу.
Бүгінгі таңда бағдарламаны іске асыру барысында ауыл шаруашылығын қолдау қоры мен аграрлық несие корпорациясы өтінімдерді қабылдауда. Қазіргі уақытта 3 жоба бойынша 104,9 млн тг несие беріліп, Ресей елімен келісімдер жасалуда. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыста 1467,2 тонна ет экспортталған. Мұнан өзге, 2000 бас бордақыланған бұқашықтарды Өзбектсан мемлекетіне экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде.