"Цифрлық Қазақстан" – көшке ілесудің бір жолы

"Цифрлық Қазақстан" – көшке ілесудің бір жолы

"Цифрлық Қазақстан" – көшке ілесудің бір жолы
ашық дереккөзі
Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын атап көрсеткен еді. Аталмыш бағдарлама – дамыған елдер көшіне ілесудің бір жолы. Сондықтан, жаңашыл жоба елімізде  кешенді жүзеге асып келеді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Жамбыл өңірінде де қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Жамбыл облысы тұрғындары үшін  соңғы 5 ай ішінде 906 мың мемлекетттік қызмет көрсетілген, оның ішінде 452 мыңы электрондық негізде. Бүгінгі күні «Электорондық үкімет» порталы арқылы 621 қызмет түрі көрсетіледі. Сонымен қатар, қызмет алушы «Connection point» секторы арқылы өздігінен қызмет ала алады. Қазір 194 мыңнан аса тұрғын осы секторға тіркеліп,  электрондық цифрлық қолтаңба алған. Одан бөлек, мемлекеттік корпорация бірнеше жаңа пилоттық жобаларды жүзеге асыруда. Олар қызмет алушылардың уақыттарын үнемдеуге көмектеседі.  Мәселен, баланың туу туралы куәлігін алу, балабақшаға кезекке тұру, мемлекеттен берілетін жәрдемақыларға сұраныс, мекенжайға онлайн тіркелу өтініштерін смс хабарлама арқылы бере алады. Алыс аудандар мен шалғай елді-мекендерде тұратын халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында облыстағы 408 мекемеде 86697  тұрғынға кеңес берілген. Өңірдегі Байзақ ауданының шалғай жатқан елдімекендерінің тұрғындары үшін жағымды жаңалық. Енді мемлекеттік қызмет алу үшін аудан орталығына барып, бітпейтін кезек пен түрлі кабинеттерде уақыт өткізудің қажеттілігі жоқ.  Себебі,  енді әрбір ауыл округіне қарасты кітапхана ғимаратында халыққа қызмет көрсету бөлімшелері ашылуда. Осындай бөлімшенің алғашқылары Түймекент және Диқан ауылдық округінде пайдалануға берілді. Ашылып отырған халыққа қызмет көрсету бөлімшесінде ауыл тұрғындары  мемлекеттік қызметтің 18 түрін пайдалана алады. Анықтама қағазынан бастап, электрондық цифрлік қолтаңбаға дейін, айыппұл мен түрлі төлемдер түрін де осы жерде жасай алады. Заман талабына сай бөлімшенің кітапхана ішінде ашылуының да себебі бар. Келген жұрт кезек күтіп бос тұрмай, сөрелерде тұрған кітаптармен танысып, оқуына болады. Осылайша, жауапты мамандар  кітап оқуға жастар мен ауыл тұрғындарының ынтасын жоғарлатуға да ықпал етеміз деген сенімде. Сонымен қатар, Жамбыл облысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мектептерде ІТ-сыныптар ашылуда. Іргелі оқу ордасы ТарМУ-де «Білікті мамандарды даярлауға арналған ІТ орталық» ашылды. Жаңа орталықта  аудандар  мен Тараз қаласынан келген 50-ге тарта жұмыссыз мамандар 3 ай бойы ІТ саласындағы білімдерін шыңдап, біліктіліктерін жетілдірмек. Облыстық «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен ашылған орталықтың өңірде цифрлық дағдыларды үйрену мен ІТ кәсіпкерлікті дамытуға қосар үлесі зор болмақ. Мұнда іріктелген барлық мамандар жыл соңына дейін ІТ мамандықты игеріп шығады. Олар мұнда 5 курс бойынша сұранысқа ие цифрлық саладағы заманауи серверлер мен Ұялы қосымшаларды жасауды меңгереді. IT орталық – жаңа мүмкіндік. 3 айлық оқу аяқталысымен мамандарға арнайы сертификаттар табысталады.  Сонымен қатар барлығы да жұмыспен қамтылатын болады. Таразда тағы бір ІТ-сынып ашылды. Енді мектеп оқушылары ақпараттық технологияны тегін меңгере алады. Игі бастама «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында жүзеге асты. №30 мектеп-гимназияда ашылған ІТ-сынып заман талабына сай. Мұнда электронды құралдар, робототехника жиынтықтары, жоғарғы жылдамдықты интернет пен beb-бағдарламалары бар компьтерлер бар. Яғни, үйренем деген жасқа бар жағдай қарастырылған. Орталық балалары еуропалық білім беру стандарты бойынша оқытпақ. Енді оқушылар қарапайым алгоритмдер құрумен қатар, бағдарламалар тізімін, ойындар мен WEB сайттарды жасап шығара алады. Сондай-ақ, өңір кітапханаларының қоғамдағы кеңістігін дамытып, оларды үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімдеу және цифрландыру жүйесін енгізу мақсатында облыстық Ш.Уәлиханов атындағы кітапханасында жиын өтті. Шара барысында кітапханадағы  цифрландырылған ақпараттық орталықтың бірқатар тындырымды тірліктері қаралды. Жалпы, облыс көлемінде 288 кітапхана және 4 млн-ға жуық кітап қоры бар. Соның ішінде 243 мыңнан астам кітап облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап орталығына тиесілі. «Цифрлы қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында атқарлыған істер көп. Оған дәлел, жиырмасыншы ғасырдың орта шеніне дейінгі кітаптар цифрлы жүйеге көшкен. Айта кетелік, кітапханадағы 10000-нан астам құнды кітаптың бүгінде 5700-дейі электронды нұсқаға аударылыпты. Сонымен қатар, кітапхана ұжымы негізгі үш бағытта толымды тірліктер атқаруда. Соңғы бір жылдың көлемінде кітапханаға 163 мыңнан астам келушілер болса, оның 17700-ден астамы бұл лекке жаңадан қосылушылар. Сондай-ақ, кітапхана 1974 жылдан бергі мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларды жинақтау мақсатында «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар» жобасын жүзеге асырып отыр. 1948 жылға дейінгі  цифрландырылған кітаптарды енді электронды түрде кітапхана сайтынан көруге болады.  Ал, кітаптарды цифрландыру жүйесі әлі де жалғаспақ.