Жаңалықтар

Жамбылда шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді

ашық дереккөзі

Жамбылда шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – елімізде алдыңғы орынға шығарылып отырған мәселелердің бірі, экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Сондықтан, елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі жобалар қолға алынды. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалардың бірі – «Береке» бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама бойынша орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға Жамбыл облысында 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл жөнінде Тараз қаласындағы «өңірлік коммуникациялар қызметінде» өткен брифингте Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков мәлімдеді. Бұдан бөлек, Жандәулет Несіпбекұлы шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жұмыстар туралы баяндады. Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, қазіргі таңда  мемлекет тарапынан орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай  кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес, былтыр бұл салаға 817 миллион 500 мың теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы бұл сомма 1 миллиард 232 миллион 800 мың теңгеге артқан. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға бағытталған басқа да жобалардың көрсеткіші осылай артып келеді. Сонымен қатар, баспасөз отырысында өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Береке»  бағдарламасы арқылы төмен пайызбен несие алу мүмкіндіктері туралы да түсіндірілді. Бизнесті қолдауға бағытталған «Береке» бағдарламасы бойынша салалық шектеусіз шағын және орта бизнес өкілдеріне арзан несие берілуде. Бұл бағдарламаға биылғы жылы жергілікті әкімдік тарапынан 500 миллион теңге және Даму қоры тарапынан 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы несиелендіруге жұмсалатын сома 1,5 миллиард теңгені құрап отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың маңызды екенін үнемі тілге тиек етеді. «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90%-дан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50%-дан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек» – деген болатын Елбасы. Бүгінде Жамбыл облысында кәсіпкерлік саласымен айналысуға ниет білдірген жандарға кең өріс ашылып отыр. Ол – шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 10 миллион теңге несие алған меркілік кәсіпкер Лесбек Әбілдаев кірпіш зауытын ашқан. Меркі ауылында орналасқан кірпіш зауыты жылына 1 миллион дана күйдірілген кірпіш шығаруға қауқарлы. Өндіріс орынының ашылуымен  ауылдың 30 тұрғыны тұрақты жұмыс тапты. Дайын өнімді Жамбыл облысының барлық аудандарына өткізеді. Бүгінде Меркі кірпіш зауытының өнімі мектептер, балабақшалар салуда, жеке тұрғын үйлердің құрылысына пайдаланылады. Кәсіпорын басшысы мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігі мол екендігін айтып отыр. «Кірпіш зауыты қазір шикізатты Меркі тауының баурайындағы 14 гектар жерге орналасқан карьерден алып отыр. Мұнда негізінен 125-маркалы сапалы өнім шығарылады. Ол Тараз қаласындағы сараптамалық орталықтан да өткен. Соңғы жылдары зауыт басшылығы бірнеше жаңа техника сатып алған. Ол тракторлар мен ауыр жүк көліктері», – дейді жеке кәсіпкер Лесбек Әбілдаев. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында аяқтан тік тұрған меркілік кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орынын бұдан да кеңейтуге ниетті. Ол сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасының өсуіне өз септігін тигізбекші.