Ерлан Сағадиев: Латынша «Әліппе» оқулықтары дайындалып жатыр

Ерлан Сағадиев: Латынша «Әліппе» оқулықтары дайындалып жатыр

Ерлан Сағадиев: Латынша «Әліппе» оқулықтары дайындалып жатыр
ашық дереккөзі
Латынша «Әліппе» және кирилицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылы Елбасы, Үкімет біздің білім саласына, жастарымызға, ұстаздарға ерекше назар аударып, үлкен қамқорлық көрсетіп, осының арқасында біршама маңызды мәселелер шешілді. Алдағы оқу жылының басты міндеті -ұстаздардың жағдайын жақсарта отырып, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік мектепке дейінгі білімде ең жақсы дамыған. Жекеменшік балабақшалар үлесі 30%-дан асты. Ал 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамтуды 93 пайызға жеткіздік», - деді Сағадиев. Оның сөзіне қарағанда, «Балапан» бағдарламасы арқылы балабақшалардағы жалпы орын саны халықтың сұранысынан асты. Бірақ бұл республика бойынша көрсеткіш. Өкінішке қарай, аймақтарда теңгерімсіздік бар. «Бұл жағдай миграцияға байланысты. Ірі қалаларда, әсіресе Алматы мен Астанада тапшылық үлкен. Одан кейінгі маңызды жұмыс - ол балабақшаға кезекке тұру мен жолдама беруді толығымен электронды форматқа ауыстыру. Сонда кезек жария түрде және тез жылжитын болады», - деді министр. Сонымен қатар ол келесі жылдан бастап нөлінші сынып тәрбиешілері мен мұғалімдерін дайындау шаралары басталатынын атап өтті. «Латынша «Әліппе» және кирилицада «Букварь» базалық оқулықтарын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Оқулықтар 2020-2021 оқу жылына дайын болады», - деді ведомство басшысы.