Биыл «Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталады
Биыл «Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталады
Биыл «Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылы 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары (ТУП) мен оқу бағдарламалары бекітілді. Енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайды, бірнеше ТУП-тарды дайындап бекіттік. Мектептің өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс жасауына мүмкіндік бердік. Барлық мектептерге осы ТУП-тар арқылы академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейміз. Бұл жерде әр мектептің білуі қажет мәселе -қай ТУП-пен жұмыс істейтінін мектеп өзі шешеді. Жалпы мектептермен қатар, гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер үшін де, кешкі мектеп үшін де оқу жоспарлары мұғалімдер ұсынысы ескеріліп жасалды», - деді министр.
Сонымен қатар Е. Сағадиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-ші сыныптарға «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізілетінін атап өтті. Оқулықтар мазмұны өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасалды. Бүгінгі күні оқулықтар дайын.
«Биыл «Информатика» пәні 3-ші сыныптан басталады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2-ші сыныптардан енгізіледі. Олардың бағдарламалары дайындалуда. Цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылуда. Әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100 пайызға жеткізілді, енді мұғалімдер оны тиімді пайдалана білуі қажет», - деді Е. Сағадиев.