Монополистерге жүктелген міндет
Монополистерге жүктелген міндет
Алматы қаласындағы «Нұр Отан» партиясының қалалық кеңесінде өткен саяси кеңесте коммуналдық қызметтерге тариф қалыптастыру мәселесі талқыланды. Жиын барысында шаһарда жылу, электр қуаты, су және кәріз жүйесінің тарифтері жыл соңына дейін бұрынғы деңгейде қалатыны, ал газға тіптен 4 пайызға төмендейтіні белгілі болды.
Саяси кеңесте Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек коммуналдық қызметтерге тариф қалыптастыру жүйесі қала тұрғындары арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін, бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының тұрақты бақылауында екеніне тоқталды. Әкімнің мәліметінше, қазіргі уақытта 1,5 миллионға жуық алматылық тұрғындар қызметтерді жергілікті бюджет есебінен шектелген баға бойынша алады. Сондай-ақ, коммуналдық төлемдері жалпы табысының 10 пайызынан асатын қала тұрғындарына тұрғын үй көмегіне қаражат бөлінуде.
«Мемлекет басшысы негізсіз тарифты жоғарылатуға жол бермеуге нұсқау берді. Ол тікелей адамдардың өмір сүру деңгейіне, кәсіпкерлерге, бағаларға, бәріне әсер етеді. Осы мақсатта қалалық прокуратурамен монополистер арасында ауқымды, жан-жақты тексеру жүргізілді. Негізсіз бағаларды көтеру фактілері анықталды. Қабылданған шаралар арқасында 1,5 млн-ға жуық азаматтардың құқықтары қорғалды, 4,7 млрд теңгеге жуық өтемақылық тарифтер енгізілді. Коммуналдық қызмет құнын арттыру үшін ешқандай да негіз жоқ. Біздің алматылықтар артық төлем жасамауы үшін, кез келген негізсіз әрекеттер тоқтатылады. Президенттің тапсырмасы бар және ол орындалады», – деді қала басшысы Бауыржан Байбек.
Алматы прокуроры Берік Жүйріктаев шаһардың басты қадағалаушы органдары тарапынан жүргізілген тексеру барысында бірқатар монополия субъектілері жөнінде шығындардың негізсіз өсуі, оның ішінде шығындардың жасанды өсуі және инвестициялық бағдарламардың орындалмауы анықталғанын тілге тиек етті. «Біз Алматыэнергосбытта электр қуатын реттеу қызметіне тарифтік сметада жарияланған соманың 70 пайызы, ал амортизациялық аударымдар бойынша 30 пайызы ғана жұмсалғанын дәлелдедік. Яғни, жоспарлаған 500 млн теңгенің орнына 150 млн теңге жұмсалған. Нәтижесінде, үш жыл ішінде тарифке негізсіз 1 млрд 370 млн теңге бөлінген. Бұл сома 2018 жылға арналған тарифті келісу кезінде шегерілген. Энергосбыт өз кінәсін мойындап, жауапкершілікке тартылды. Өз кезегінде «Алатау Жарық Компаниясы» төтенше реттеу шараларын енгізу есебінен электр қуатын беру тарифін көтерді. Кейінірек анықталғандай, олар бұл шараны төтенше жағдай санатына жатпайтын кішігірім авариялар мен ағымдағы жөндеу керектігімен негіздеген. Біздің талаптарға сәйкес, уәкілетті орган өз шешімінің күшін жойды. Қабылданған шаралармен 2,17 млрд теңгеге шығындарды өтеу үшін өтемдік тарифтері енгізілді. Ағымдағы тариф 5,6 пайызға төмендеді», – деді Берік Жүйрікбаев.
Сонымен қатар, «КазТрансГазАймақ» жұмысы да тексерістен өтті. Мұнда инвестициялық бағдарламаның белгілі бір шаралары орындалмағаны анықталды. Прокурорлық шаралардың арқасында 425 млн теңге өтемақылық тариф енгізіліп, кәсіпорын 50 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Монополияға қарсы өкілдердің есептеулері бойынша, Алматы тұрғындары үшін орташа есеппен бір жылда бір бөлмелі пәтер үшін 4,2 мың теңге, екі бөлмелі пәтер үшін 6,6 мың теңге, үш бөлмелі пәтер үшін 9,6 мың теңге үнемделеді. Тұтынушылар бұның бәрін қазан айында өз түбіртектерінен көре алады.