Баспанамен қамту – басты міндет

Баспанамен қамту – басты міндет

Баспанамен қамту – басты міндет
ашық дереккөзі
Тұрғындарды баспанамен қамту қашан да маңызды мәселе. Бүгінге дейін өзектілігін жоймаған бұл мәселе елімізде шешімін тауып келеді. Ол үшін Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасын бекітілген мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Мұндай бағдарламалар Жамбыл өңірінде де өз нәтижесін беруде. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек», – деген болатын. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуде айтарлықтай маңызды рөл атқарған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында сәтті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, аталмыш бағдарлама аясында Т.Рысқұлов ауданында биыл 9500 шаршы метр болатын 100 жеке меншік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Жамбыл облысының аудандарында баспанамен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударылып отыр. Соның нәтижесінде аудан халықтары баспаналы болып жатыр. Мұның бір дәлелі – Сарысу ауданындағы баспанамен қамтамасыз ету көрсеткіші. Сарысу ауданында тұрғын үй құрылысы 2017 жылмен салыстырғанда 2,3 есе ұлғайды. Бүгінде ауданда тұрғын үй құрылысы бойынша да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында жалпы алаңы 7895,0 шаршы метр болатын 11 жеке тұрғын үй мен 1 коммуналдық көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй құрылысы көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 2,3 есе ұлғайған. Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыз айында жариялаған «Президенттік бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіндегі көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Бүгінде тұрғындарды баспанамен қамту аталған бағдарламаның маңызы айрықша. Жамбыл облысында да «7-20-25» бағдарламасы бойынша жаңа тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласындағы №15 мөлтек ауданында жаңадан бес қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Мұндағы 10 үйдегі 800 пәтер жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Бүгінде  Тараз қаласы бойынша 15,3 мың адам баспана кезегінде тұрған болса, Елбасы бастамасы аясында аталған бағдарламамен 9 мыңға жуық отбасы  баспанамен қамтылатын болады. Бұл пәтер кезегінде тұрғандардың 58,8 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта өңірде 13 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. 7 үй қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Жыл соңына дейін 1570 пәтер пайдалануға беріледі. Бағдарлама бойынша 9 мыңдай азаматты баспанамен қамту көзделген. Жамбылдықтарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алудың тиімді тетіктері де түсіндірілуде. Таяуда Тараз қаласында орналасқан «Жеңіс» саябағында «7-20-25» Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын ақпараттық түсіндіру мақсатында акция өткізілді. Акция жұмысына «Қазақстан Халық банкі», «Цесна банк», «АТФ Банк», «Банк ЦентрКредит» банкілері, Тараз қаласында «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысын жүргізуші құрылыс және жобалаушы компаниялар, қала тұрғындары қатысты. Акция барысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерді сатып алу жолдары, қолжетімділігі, құны және әр банктің шарттары жайлы мамандар тұрғындарға толыққанды мағлұмат берді. «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болу үшін алғашқы жарнаның көлемі де 20 пайызға дейін төмендетілген. Бұл тұрғындар үшін тиімдірек болғаны сөзсіз. Жергілікті әкімдік, жауапты мемлекеттік органдар бұл бағдарламаның тиімділігі, артықшылықтары туралы халыққа әлі де кеңінен насихат жүргізетіні сөзсіз.