Сарыарқадағы салтанатты той

Сарыарқадағы салтанатты той

Сарыарқадағы салтанатты той
ашық дереккөзі
Қарағанды облысында қазақтың көмекей әулиесі – Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті. Мерейлі мереке қарсаңында ұлттық спорт түрлері бойынша ауқымды сайыстар да ұйымдастырылды. Жүлдеге қымбат көліктер мен Астана қаласынан пәтер тігілді.  Қазақша күресте 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпазға «Toyota Camry 55» жеңіл көлігі берілді. Бұл сыйлық дзюдодан халықаралық деңгейдегі спорт шебері Абылайхан Шаратовқа бұйырды. Қазақша күреспен қатар ат жарысы және аламан бәйгеге деген қызығушылық та өте жоғары болды. Топ бәйгеге қатысуға 20 адам өтініш берген. Оның ішінде Ресей мен Қырғызстан елінің спортшылары да бар. Бұл жарыстарда бас жүлдеге Астана қаласынан бір бөлмелі пәтер тігіліпті. Топ бәйгеде Алматы облысы, Талғар ауданының тұрғыны Мейірхан Бұлғыновтың сәйгүлігі жеке-дара келді. Аламан бәйгеде 27 тұлпардың ішінде қарағандылық Нұрлыбек Мұхамедияровтың сәйгүлігі оза шапты. Сөйтіп иесіне «Toyota Prado» көлігін сыйлады. Көкпарға Қарағанды облысынан 4 команда қатысты. Оның ішінде Абай ауданының көкпаршылары жеңімпаз атанып, 500 мың теңгеге ие болды. Асық атуда 2003 және 2005 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер өзара мықтыны анықтады. Бұл сайыста бас жүлде 100 мың теңгенің сертификаты болды. Ол сыйақы Шет ауданынан келген Айсұлтан Боранбайға бұйырды.