Бензин бағасын қымбаттатқандар
Бензин бағасын қымбаттатқандар
Апта басында Бразилияда Petrobras және Shell компаниялары менеджерлерінің қолына кісен салынды. Аталмыш компаниялар осы уақытқа дейін жанармай бекеттеріндегі бағаны заңсыз қадағалап отырған деп айыпталуда.
Petrobras және Shell компанияларына қатысты тергеу жұмыстары бір жылдан бері жалғасып келеді. Тергеу шараларының барлық процестері құпия түрде өтті. Алаяқтарды тұтқындап, үйлеріне тінту жүргізу үшін барлығы 50 агент жасырын жұмыс істеген.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында өткен көлік иелерінің наразылық шарасына дәл осы жанармай бағасы себеп болған. Сол кезде ереуілшілер Petrobras басшысы жұмыстан кетсін деп талап еткен болатын. Осы ереуілден кейін Бразилияда дистрибьютерлік компанияның 8 қызметкері қамауға алынды. Оларға Парана штатындағы жанармай бекеттерінде бағаны негізсіз көтерген деген айып тағылып отыр. Соның салдарынан Бразилияда жүргізушілердің ауқымды наразылық шарасы өтіп, жолдар жабылған еді. Ереуілге шыққандар биліктен жанармай бағасын тұрақтандыруды талап етті. Нәтижесінде Бразилия президенті Мишел Темер жүргізушілердің талабын орындап, дизель отынының бағасын төмендетуге мәжбүр болды.
Тұтқындалған компания өкілдері жанармай құю бекеттерінде нарықтық бағаны заңсыз көтергені үшін айыпталуда. Өйткені жанармай бекетінің операторлары дистрибьюторлармен өзара қитұрқы әрекеттерге барған.
Әзірге компания басшылары ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Тек олардың қызметкерлері кәсіпорын озық бизнес әдіспен жұмыс істеп, тұтынушыларға барынша қолайлы мүмкіндік жасайтындықтарын айтып әлек. «Petrobras және Shell компанияларының Куритибеде жүргізілген бақылау операциясына қатысты жазбаны қарауға мүмкіндігі болмай отыр. Сол себепті бұл жағдай туралы мәлімдеме жасалмады. Айта кету керек, жанармай бекеттеріндегі бағаны дилердің өзі қояды. Сол себепті бүкіл компанияға алаяқ деп жала жабу негізсіз екенін естен шығармау қажет», – дейді компания қызметкерлері.
Бразилиядағы жанармай дауына қатысты шиеленіскен оқиғаны тергеу жұмыстары әлі де ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені биліктегілер бұл мәселеге қатысы бар азаматтарды жаппай темір торға қамауды жоспарлап, жұдырықтарын түйіп-ақ отыр. Айта кететін бір жайт, жанармай бағасының құбылуы Бразилия экономикасына айтарлықтай шығын әкелген. Оның үстіне, елдегі көлік жүргізушілерінің наразылық шарасы шығынды еселей түсті. Әзірге қаржыгерлер нақты шығынның сомасын анықтай алмай әбігерге түсуде.