Түпкі нәтижесін беретін  тиімді бағдарлама

Түпкі нәтижесін беретін  тиімді бағдарлама

Түпкі нәтижесін беретін  тиімді бағдарлама
ашық дереккөзі
Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жария еткен «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы»  халықтың жағдайы төмен топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, жалақысы төмен қызметкерлер үшін салықты азайту, қазақстандық білім беру жүйесінде жоғарғы білім сапасын арттыру, елді мекендерді газдандыруды жалғастыру сияқты мәселелерге мән берді. Бұл бағдарламаның ең бір ұтымды тұсы – жаңа әлеуметтік саясатты жүргізу арқылы халықтың жағдайын барынша жақсарту. Бұл түпкі нәтижесін беретін өте тиімді бағдарлама болып тұр. Қазір Елбасының әлеуметтік бағдарламасы республикамыздың түкпір-түкпірінде қарқын алуда. Өйткені бұл халық үшін өте тиімді екені сөзсіз. Әсіресе, бұл бағдарлама халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңір үшін өте қажет. Жаңа атауға ие болған Түркістан облысының Шардара ауданында бұл жұмыстың шырайы кіріп, жұмыс жандана бастады. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында биыл ауқымды шаруалар қолға алынып, жүзеге асуда. «Ырыс алды – ынтымақ» форумында  аудан әкімі Болатбек Қыстауов Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына шардаралықтардың нақты іс-әрекетімен үлес қосып жатқанын айтты. Десе дегендей, бүгінгі таңда аудан көлемінде халықты тұрғын үймен қамту бағытында қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында сметалық құны 822,1 млн теңгені құрайтын  4 қабатты, 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандарды жыл соңына дейін тапсыру көзделіп отыр. Келесі жылға да дәл осындай 40 және 24 пәтерлі тұрғын үйлерді салу ісі жоспарланып, жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Бұлардан бөлек қала аумағында мобильдік коммуналдық үлгідегі 2 қабатты, 10 пәтерлі 2 тұрғын үй, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 2 қабатты, 10 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылыстары жүргізілуде. Қызметтік үлгідегі мұндай коммуналдық үйлерді алдағы уақытта басқа да ауылдық округтерден салыну жоспарланып отыр. 2018 жылы жалпы  8183,6 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 110 отбасы баспанамен қамтылатын болады.  Аудан бойынша кезекте тұрған әртүрлі санатқа жататын 1085 отбасының мәселесі алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешілетін болады. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бері іске асып жатқан «Шардара қаласы, 4-мөлтек ауданының 1-кезеңіне  инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы» нысанына 2018 жылы республикалық және облыстық бюджеттерден  313,1 млн теңге қаралып, құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген соң, Шардара қаласының кезекте тұрған 322 азаматы жер учаскесімен қамтамасыз етіледі. Аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың тікелей қолға алуымен былтырғы жылдан бастап газдандыру ісіне жан бітті деп айтсақ жарасады. Атап айтар болсақ, «Газ құбырын бұрып алу және ОҚО, Шардара ауданын газбен қамтамасыз ету үшін ГРС №17 Ұзын ата және ГРС №18 Шардара» газ тарату стансасы құрылысына 2017 жылға облыстық бюджеттен 258,8 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нысан құрылысын 2018 жылы аяқтау көзделіп, бұл жұмыстарға 771,6 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта осы жоба іске қосылып, Шардара қаласы және қаламен іргелес 11 елді мекен тұрғындары табиғи газбен қамтылуға мүмкіндік алады. Шардара қаласының ішкі газ жүйелерінің құрылысы осы жылдан бастау алып, кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Аудандағы ауыз толтырып айтатын шаруаның бірі – туризмді дамыту бойынша да келелі жұмыстар қолға алынуда. Шардара ауданы жағажай туризмін дамытуға қолайлы аймақ. Шардара су қоймасы жағалауындағы  туризм саласын дамыту бойынша бүгінгі таңда орман қоры жерінен  елді мекен санатына ауыстырылған 255 гектар жер учаскесіне  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталмақ. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, мұнда 60 нысан құрылысы қаралғанын айта кету қажет. Тартылатын инвестиция көлемі 6,7 млрд теңге шамасында болып отыр, оның ішінде мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 1,7 млрд теңге жоспарлануда.  Атап айтар болсақ, нысан құрылысын бастау үшін жер учаскесін алуға көптеген инвесторлар қызығушылық танытып отыр.  Осы жұмыстар нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, келуші туристердің саны 40 мыңнан асады деп жоспарлануда.  Бұл жұмыстар  халықты жұмыспен қамтуға, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей септігін тигізеді.

Мира Мырзағалиқызы