Жаңалықтар

Адамзатқа үлгі болған Аннан

ашық дереккөзі

Адамзатқа үлгі болған Аннан

Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы бас хатшысы, Нобель сыйлығының лауреаты Кофи Аннан 80 жасында қайтыс болды. Кофи Аннан БҰҰ-ны басқарған алғашқы қара нәсілді азамат. Ол бас хатшы ретінде қатарынан екі мәрте сайланып, халықаралық ұйымды 1997-2006 жылдар аралығында басқарған. Ол кейінірек БҰҰ-ның Сирия бойынша уәкілі ретінде қызмет атқарып, аталған аймақта қақтығысты тоқтатып, бейбітшілік орнатуға күш салды. Оның өліміне байланысты сенбі күні мәлімдеме таратқан Кофи Аннан қоры Аннанды «әлемдік деңгейдегі мемлекеттік тұлға» ретінде сипаттап, «өмір бойы әділетті және бейбіт әлем үшін күрескен» азамат деп атады. «Қай жерде қасірет пен мұқтаждық болса, сол жерден табылып, адамдардың қасіретін терең түсініп, жанашырлықпен өзіне баурады. Оның әр істеген ісінен шын мейірім мен жылылық сезіліп тұрды» делінген мәлімдемеде. Кофи Аннанның Біріккен Ұлттар Ұйымына бас хатшылық жасауы Ирак соғысы мен СПИД індетінің өрістеп тұрған шағымен тұспа-тұс келген. Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев та Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдап, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке көңіл айту жеделхатын жолдады. «Кофи Аннан халықаралық деңгейдегі танымал саясаткер ретінде бүкіл ғұмырын әлемде тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуға арнады. Осыдан біраз жыл бұрын Кофи Аннан сынды парасатты, адал әрі мейірбан тұлғамен таныстым. Жаһандық дамудың өзекті мәселелеріне қатысты ұстанымдарымыз ұқсас болатын. Мен әлі күнге дейін кездесулеріміз бен өзара әңгімелескен сәттерімізді жылы сезіммен еске аламын», – делінген жеделхатта.