Қырағылық олардың айтқан серті

Қырағылық олардың айтқан серті

Қырағылық олардың айтқан серті
ашық дереккөзі
18 тамыз – Қазақстан Республикасы шекарашыларының күні. Елбасының жарлығымен 1992 жылдан бері аталып келе жатқан айтулы мерекеге биыл – 26 жыл. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінде қазір «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік», «Солтүстік» және «Жағалау күзеті» атты өңірлік басқармалар құрылған. Көзі қырағы сарбаздар әрдайым шекара қауіпсіздігін қадағалайды. Негізгі қауіп-қатерлер – есірткі саудасы және заңсыз еңбек миграциясы. 3 мың шақырымнан астам шепке созылып жатқан «Батыс» шекара тобы ағымдағы жылдың жеті айында 1500 құқық бұзушыны ұстап, есірткі құралдарын сату бойынша 15 факті тіркеген. Ал шекара қызметінің «Солтүстік» басқармасы жыл басынан бері  ұрланған 37 көлікті ұстады. «Обаған» және «Қайрақ» бекеттерінде тек машина ғана емес, 400 тасбақа,  15 тотықұс,  киіктің 97 дана мүйізін, аңшы пышағы мен «Байкал» тапаншасын да шекарадан өткізбей тастады. «Оңтүстік» өңірлік басқармасы Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларымен шекараласатын жалпы аумағы 2413,76 шақырым жерді күзетеді. Биыл өңірлік басқарма аумағында өткізу бекеттерінен 5 млн азамат, 100 мың көлік құралы өткізілсе, оның ішінде ҚР заңнамасын бұзған 2317 азамат ұсталып, 60 контрабандалық әрекеттің жолы кесілді. 6 заңсыз көші-қон арнасы анықталып, осы деректер бойынша қылмыстық істер қозғалғаны мәлім. Қазақстан шекарасының  жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан астам. Күн сайын елімізде шекара құрылымдары кәсіби деңгейінің артуына қатты көңіл бөлінуде. Соңғы 2-3 жылда шекара қызметінің теңіз және авиация паркіне осы заманғы 4 кеме, 6 тікұшақ және 1 ұшақ қосылып, шекарашылардың техника, құрал-жабдықтармен жарақтануы жақсара түсті.