Жер сілкініп, су басты...

Жер сілкініп, су басты...

Жер сілкініп, су басты...
ашық дереккөзі
Индонезия дүниежүзіндегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет болып есептеледі. Мұнда халықтың 87 пайызы ислам дінінің суннит бағытын ұстанады. Халқы – 242 млн-нан астам адам (әлемдегі 4-орын). 18 тамыз күні Индонезия астанасы Джакартада 2018 жылғы Азиада ойындары басталғаны белгілі. Ал елдің келесі бөлігі, Ломбок аралында үздіксіз жалғасқан зілзалалардан бейбіт тұрғындар қапияда мерт болуда. Бірақ бұл туралы көптеген шетелдік БАҚ дүмпіл қағып, үстін-үстін ақпарат таратып жатқан жоқ. Жайшылықта Парижде немесе Еуропаның кез келген қаласында пышақ ұстаған әлдебір әумесер біреуді жараласа, жапа-тармағай шуылдайтын журналистер қауымы аузына су толтырып алған сияқты құдды бір. Таяуда Генуяда көпір құлағанда Еуроодақ елдерінің барлығы туларын түсіріп, қайғыға ортақтығын білдірді. Ал Индонезиядағы зілзала мен Үндістандағы тасқыннан қаза тапқан адамдар неліктен еш еленбей қалуы тиіс? Әлде адамға деген жанашырлықтың өзін әр құрлықтың әл-ауқатына қарай өлшеп, таразылап таныту орын алып бара ма? Айта кету керек, Индонезия Жер бетіндегі ең қауіпті сейсмоаймақта орналасқан. Бұл елде жылына 6-7 мың жер сілкінісі тіркеледі. 29 шілде күні Индонезиядағы халық көп шоғырланған Ломбок аралында күтпеген жерден жер сілкінді. Зілзаланың тербеліс күші 6,4 баллға жетті. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, 16 адам қаза тауып, 162 тұрғын жарақат алған. Дүмпу туристік Бали аралына жақын орналасқан Ринджани жанартауы маңында орын алған еді. Сейсмологтар «жер сілкінісі негізгі дүмпуден кейін 5,4 балл шамасында 11 рет қайталанды», – дейді. Бұған дейін, маусым айында Индонезия жағалауында қатарынан үш зілзала тіркелген болатын. Келесі бір жер сілкінісі 5 тамыз күні орын алды. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметінше, Ломбок аралында болған зілзала күші Рихтер бағамымен 7 баллды құраған. Осы апаттан 16 адам қаза тауып, жүзден астам адам жарақаттанған. Қуатты жер асты дүмпулерінен кейін үкімет цунами соғу қаупі туралы жариялаған еді. Соңғы ақпаратқа сәйкес, табиғи апат салдарынан 450 адам көз жұмды. Апат салдарын жою агенттігінің ресми өкілі Сутопо Нугрохоның айтуынша, «қаза тапқандардың саны артуы мүмкін, өйткені құтқарушылар үйінділердің арасынан зардап шеккендерді әлі іздестіруде». Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, зілзала салдарынан 387 мыңнан астам адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды және аралда төтенше жағдай енгізілген. Шенеунік, сондай-ақ, азық-түлік, дәрі-дәрмек және ауыр техниканың жетіспеушілігі салдарынан құрбандар саны артуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Ал 19 тамыз күні Ломбок аралында осы айдағы үшінші жер сілкінісі орын алады. Қуаты 6 баллдан асқан зілзала дүмпуі солтүстік жағалауда тіркелген. Әзірге қаза тапқандар мен жарақат алғандар туралы ақпарат жоқ. Алайда ғимараттарға елеулі зақым келген. Қазір мамандар оның көлемі мен шығынын анықтауға кірісті. «Жығылғанның үстіне жұдырық» боп, 20 тамызда Ломбок аралында тағы да жер сілкінді. Қуаты 7,2 баллға жеткен зілзала ошағы 300 мың халқы бар Матарам қаласынан 70 шақырымдай жерде тіркелген. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, соңғы зілзаладан 1 адам қаза тапқан. Және де көптеген ғимарат қирап, табиғат апатынан болған шығын 340 миллион долларды құрап отыр екен. Ал Үндістанда жаңбырлы маусым басталғалы 770 адам опат болды, 30-дан астам үнділік ұшты-күйлі жоғалып кеткен. 350 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Елдің Ішкі істер министрлігі осылай деп мәлімдеп отыр. Деректерге қарағанда, табиғат апатынан Керала, Уттар-Прадеш, Батыс Бенгалия және Махараштра штаты көп зардап шеккен. Бұл өңірлерде нөсер мен су тасқынынан жүзден астам тұрғын көз жұмды. Керала штатында нөсер мен су тасқынынан қаза тапқандардың саны күн санап артып, 200 мыңнан астам тұрғын зардап шегіп үлгерген. Аймақтағы 6 ірі шаһарды су басып, тасжолдар мен теміржолдар да қирап, қатынас үзілді. Шамадан тыс жауын салдарынан егістік алқаптары бүлініп, ел экономикасы орасан шығын көріп отыр. Қазір апатты аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Оған Үндістанның Төтенше жағдай қызметі, жаяу және теңіз әскери күштері де жұмылдырылып отыр. Айта кетейік, Үндістанда жаздың алғашқы айынан жаңбырлы маусым басталып, қыркүйекке дейін созылады. Осы кезеңде жүздеген адам табиғат апатынан мерт болып, ел экономикасына зор шығын келтіріледі. Бірақ Керала штатының билігі мұндай апат соңғы 100 жылда болып көрмегенін айтып отыр. Ал ауа райын болжаушылар жауын әлі де жалғасатынын хабарлап, жұртты одан әрмен үрейлендіруде. Апат алыс Оңтүстік Азияда ғана емес, Еуропада да орын алуы мүмкін. Әрине, көбіне техногендік апаттар. Италияның Генуя қаласында 14 тамызда көпір опырылып, келесі күні Италия үкіметі аза тұту күнін жариялады. Төрт күннен кейін Италия халқының қайғысына ортақтасып, Брюссельдегі Еуропалық одаққа мүше елдердің барлығы туларын төмен түсірді. Ал Италияның өзінде 3 күн аза тұту жарияланып, көпірдің опырылуынан қаза тапқан 43 адамның жерлеу рәсімін салтанатпен өткізді. Әрбір табыт гүлмен көмкеріліп, епископтар дұға оқыды, билік өкілдері ауыр табыттарды қабырғасы майысып арқалап жүрді. Жерлеу рәсімінің өзін әлемдік БАҚ тоқтамастан жарыса жариялауда. Тағы айта кететін жайт, Еурокомиссия бұған дейін Италияға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеген, қорытындысында, Генуяда құлаған көпір қайта салынатын болды. Нысанды тұрғызған компания басшылығы көпірді қалпына келтіруге 500 миллион еуро бөліп, апат кезінде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, кешірім сұрады. Байқап отырғанымыздай, Генуяда құлаған көпір әлемдік БАҚ арқылы бүкіл адамзаттың басына төнген ауыр қайғы сияқты жеткізіліп отыр. Христиандық құндылықтар насихатталуда. Ал Индонезия мен Үндістандағы мыңдаған адамның қазасына қабырғасы қайысқандар онша көріне қоймады, өкінішке қарай. БАҚ-тың күші осыдан-ақ аңғарылмай ма? Бірақ адам қаны су емес, қай елде орын алса да, мұндай апаттардан бүкіл адамзат зардап шегеді. Тым құрығанда, әрбір адам өздерінің шынайы кейпін көрсетіп алады. Бір өкініштісі, әлемде әл-әзір нәсілшілдік, адамзатты алалау жеңдірмей тұр-ау...