4 жылға тағайындалған директорлар

4 жылға тағайындалған директорлар

4 жылға тағайындалған директорлар
ашық дереккөзі
Жазғы демалыс мерзімі аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Әр оқу жылының басында білім беру жүйесіне әйтеуір бір жаңалықтың енгізілетіні баршаға мәлім. Бұл жылы да білімгерлер мен тәлімгерлерді өзгерістер күтіп тұр. Мұны жыл сайынғы дәстүр бойынша өткен аптадағы мұғалімдердің тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді. Сонымен, 2018-2019 оқу жылында қандай жаңалықтар болмақ?

Ұстаздарға жақсы жағдай жасалмақ

«Мектептің жүрегі – ұстаз». Сондықтан мұғалімдердің жағдайын жасап, беделін арттыру аса маңызды. Өкінішке қарай, соңғы уақытта біздің елде ұстаз деген мамандықтың қадірі қашып барады. Мұғалімдердің мәртебесін биіктету үшін министрлікке сан түрлі талап жолдап жүргендер қаншама. Бірақ осыған дейін бұдан еш нәтиже болмай келген. Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылынан бастап осы олқылықтың орнын толтыруға кіріскен сияқты. Өйткені биылғы педагогтардың тамыз конференция­сында еліміздің бас ұстазы ұстаздардың жағдайына көбірек тоқталды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз сөзінде: «Алдағы оқу жылының басты міндеті – ұстаздардың жағдайын жақсарта отырып, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру», – деп атап айтты. Осы ретте Білім және ғылым министрінің жаңа оқу жылы қарсаңында жеткізген жаңалығының бірі – ұстаздардың қағазбастылықтан құтылуына жасалған алғашқы қадам. Яғни, журнал, күнделік толтырып, сабақ кестесі мен жоспарын жазудан басқа шимайға жоламауы тиіс. Енді ұстаздар қауымы бұрынғыдай қағазға көміліп, бүкіл құжатты толтыруды мойнына алмай, педагогтар толтыруға тиіс құжаттардың тізбесі бойынша ғана жұмыс істейді. Одан басқа мұғалімдерден ешқандай есеп, ешқандай қағаз сұралмайды. Оның үстіне директорлар артық құжат толтыруды талап ете алмайды. Әйтсе де, аттестациялау сынағы жалғаса бермек. Биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақыны қарастырады. Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттес­тациядан өтті. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Аттестаттаудан өтпеген мұғалімдер оны ағымдағы жылғы қарашада қайта тапсыра алады. Сонымен бірге, биыл 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі. Сонымен қатар, министр былтырдан бері мұғалімдердің үй аралау қызметінен босатылғанын атап өтті. Алайда өңірлерде ұстаздарды қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесі әлі де өзекті. Сағадиев мұғалімдерге үй аралауға тыйым салса да, жергілікті әкімдіктер оларды арзан жұмыс күші ретінде пайдалануын доғармай отырғанын ашына айтты. Жаңа оқу жылынан бастап, мұғалімдерді ҰБТ-ға қатысу міндетінен босату талқылануда. Министрлік оны қолдап отыр. Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін де алып тастаған. Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мәселесіне де ерекше назар аударып, оларды тағайындауда жаңа өзгерістер енгізілгенін айтты. Осы қағидаларға сәйкес кандидат 4 кезеңнен тұратын конкурстан өтеді: мектептің қамқоршылық кеңесі, заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбат. Мектеп директоры тек 4 жылға тағайындалады. Әрі қарай жұмыс істеймін десе, конкурстан қайта өту мүмкіндігі бар. Мұғалімдердің жайына ерекше назар аударған министр тамыз кеңесінде ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеру үшін арнайы Заң қабылдауды қолға алуға уәде етті.

Оқу жүйесінде не өзгеріс бар?

Биыл 3, 6, 8-сыныптағылар мазмұны толық жаңарған бағдарлама бойынша оқиды. Латын қарпімен «Әліппе» басылып, ол тек келесі жылдан бастап оқытылмақшы. Сонымен қатар, осы жылы 1-11-сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітілген. Бұған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5-7-сыныптарда «Өлкетану» курсы енгізілгелі отыр. Оқулықтар мазмұнын өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасаған. Бүгінгі күні оқулықтар дайын. Жаңа оқу жылынан бастап оқытыла бастайды. Биыл информатика пәні 3-сыныптан басталады. Ал келесі жылдан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында информатика пәні 1-2-сыныптарға да енгізіледі. Олардың бағдарламалары дайындалуда. Цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылуда. Әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100 пайыз жеткізілді, мұғалімдер оны тиімді пайдалана білуі қажет. Министрлік ұсынысымен жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин беріледі. Енді цифрлық ресурстар үйде де, мектепте де бәріне тегін қолжетімді болады. Тамыз кеңесінде министр еліміздегі жоғары білім беру жүйесін де назардан тыс қалдырмады. Ендігі жерде бас мұғалім бір-бірін қайталайтын қажетсіз мамандықтарды шетінен жабамын деп сес көрсетті. Осы кезге дейін министрлік 17 мамандықтың лицензиясын тартып алған. Саны көп, сапасы жоқ колледждерге қатаң талап қойылып, үдеден шықпағандары шәкірт оқыту құқығынан айырылады. Университеттерден бұрын Білім министрлігі орта білім берудің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлмек. Жуырда ғана Елбасы жоғары білім ордаларының академиялық автономдылығы жөніндегі заңға қол қойған болатын. Жаңа ережеге сәйкес, институттар мен университеттер оқыту бағдарламаларын құрып, оқу бағасын және студенттерді қабылдау тәртібін өздері белгілейді. Демек енді маман дайындаудағы жауапкершілік тікелей университеттерге жүктелмек. Айтпақшы, биыл дефектолог мамандарды дайындауға мемлекеттік тапсырыс ұлғайтылып, 400 грант бөлінді. Себебі елімізде дамуында кемшілігі бар балалармен жұмыс жасайтын осындай кадр­лар жетіспейді. Сондай-ақ, бұған дейін Білім және ғылым министрі кейбір білім ошақтары қажетті оқулықпен қамтамасыз етілмей қалуы мүмкін екенін айтты. Бірақ іле-шала жергілікті жерлердегі атқамінерлер есеп беріп, кітаптар дер кезінде беріледі деп сендірді. Міне, бірер күннен кейін жаңа оқу жылы да басталады. Уәденің қаншалықты орындалғанын сол кезде бағамдайтын боламыз.

Оқушылар қалай тамақтанады?

Өткен оқу жылының соңында мектеп асханаларының ахуалы қоғамдық мәселеге айналып, талқылауға түскен. Сонда құзіретті органдар бұл мәселені жаңа оқу жылына дейін реттейтіндігі жайында айтылып еді. Соған сай, биыл еліміздегі мектеп асханалары ерекше тәртіппен жұмысқа кірісіп, оқушыларға арнайы тамақтану рационын ұсынбақ. Бірыңғай стандартқа негізделген бастама алғаш рет Алматы қаласында жүзеге асады. Ал қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері бірыңғай талап арқылы мектеп асханасында дайындалатын тамақтың сапасын арттырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз деп құлшынып отыр. Себебі биыл оқу маусымы аяқталар тұста қоғамдық ұйым өкілдері мектепте тамақтану оқушының денсаулығына қауіп төндіреді деп дабыл қаққан. Мектеп асханасында пісірілетін тамақтың 80 пайызы қоқысқа тасталады деген олар жалға алушылар ойларына келгенін істейді деген болатын. Ал жаңа талап бойынша енді тамақтану рационын құзырлы орындар белгілейді. Төрт апталық ас мәзірінде маусымдық ерекшеліктер назарға алынған. Сондай-ақ, оқушы аптасына екі рет бал мен сүт ішсе, үш мәрте сүзбе және көкөніс салатын жейді. Бейсенбі сайын балықтан ауыз тисе, әр күні ыстық сорпадан дәм татады. Балаға жұғымды асқа сиыр және тауық еті қарастырылған. Бірақ әзірге жаңа ас мәзірінің бағасы айтылған жоқ. Алайда талапты орындамағандарға бірден шара қолданамыз дейді департамент басшылығы. «Жекелеген жауапкершілік тағамды дайындайтындарға жүктеледі. Себебі жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік байқау немесе тендер арқылы ұтып алады. Сондықтан олар тамақтың сапасы мен қауіпсіздігіне жауап беруі тиіс. Тіпті, улану секілді төтенше жағдай болып жатса, мектеп әкімшілігі де жауапкершіліктен қаша алмайды», – дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасимова.

Қаражат бала санына қарай бөлінбек

Елордадағы мектептерді қаржыландыру жүйесі өзгереді. Енді астаналық мектептер оқушы үшін таласатын түрі бар. Өйткені әкімдік білім ордаларына қаржыны адам санына қарай бөлмек. Сынақ ретінде жүргізілген тың әдіс жақсы нәтиже берсе, елордалық шенеуніктер 1 қыркүйектен бастап бұл тәжірбиені тағы 80 мектепке енгізгелі отыр. Сонымен, әкімдік жоғарылау сыныпта оқитындардың әрбіріне 230 мың, ал төменгілеріне 160 мың жұмсамақ жыл сайын. Сөйтіп мың оқушысы бар білім ордасы қалалық бюджеттен шамамен 200 миллион теңге алады. Яғни, сынып жоғарылай берген сайын бөлінетін ақша көлемі де ұлғая түседі. Осылайша, атқамінерлер бәсекелестік орта қалыптастырып, оқушылардың соңынан директорлардың өздерін жүгіртуге мәжбүрлемек. Бірақ бұл жүйе білім сапасын қаншалықты арттыра алады? Әрине, мектептер көбірек қаржы алу үшін оқушы санын арттыруға барын салады. Бұл ретте ата-аналар мектептерді білім беру сапасына қарай таңдайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан мектеп директорлары біліктілігі жоғары ұстаздарға басымдық беріп, сапаны арттыруға көбірек күш салар. Алайда мектеп басшыларының бәрі бірдей осы жолды таңдайтынына сенім жоқ. Жан басына қарай қаржыландыру тәсілінің де ұстаздардың мойнына жүк болмасына ешкім кепіл бола алмайды. Мәселен, ауылдық жерлердегі балабақшаларда бала саны жетіспесе, тәрбиешілер мен бала күтушілердің әрқайсысына бір баладан алып келуді тапсыратыны, ал бала әкелмесе, сол орынның ақысын жалақысынан ұстап қалатыны жайлы жиі сөз болады. Мектептерде де осындай жүйе қалыптасып, басы артық жұмыстан енді құтылдық па деген ұстаздар қауымы тағы бір міндет арқаласа қайтпек? Қалай десек те, 2020 жылдан бастап Қазақстанның барлық мектептерінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Сондықтан бұл жүйені енгізгенге дейін ешқандай олқылықтардың орын алмайтынына көз жеткізіп алған дұрыс. Мектептерге қатысты тағы бір мәселе – апатты жағдайдағы білім ордалары. Елімізде апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу әлі де мүмкін болмай тұр. Шенділер де бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін әлі біраз күту қажеттігін жасырмайды. Бүгінде республика бойынша 124 мектеп апатты жағдайда. Елордадағы қысылып-қымтырылып үш ауысымда оқып жүрген балалардың да бұл азаптан құтылуы үшін тағы бірнеше жыл шыдай тұруларына тура келеді. Ал Астанада 20 мың бала бірінші сыныпқа барады. Бірақ білім ошақтарында орын жоқ. Жаңа оқу жылының басталуына екі апта қалғанда мәселе қалай шешіледі? Астана қалалық білім басқармасының дерегінше, алдағы 4 жылға 24 мектептің құрылысы жоспарланған. Бұл үш ауысымды оқитындардың мәселесін біржола шешпек. P.S. Қазір ата-аналардың барлығы балаларын жаңа оқу жылына дайындап, мектеп формалары мен оқу құралдарын түгендеп жүрген шақ. Базардағы сауданың қызып тұрған кезі. Маусымға қарай бағаны шарықтатуға құмар саудагерлер мектепке қажетті тауарлардың құнын да көтеріп жіберген. Ал мектеп формасының бағасы қарапайым ата-аналардың қалтасына үлкен салмақ салуда. Бірақ қай ата-ана баласының қатардан қалғанын қалайды дейсіз? Қарызданып-қауғаланса да, баласының киімін де, құрал-жабдықтарын да түгендеп береді. Бастысы, білім ошақтары шәкірттерге сапалы білім беріп, ата-аналардың үміті ақталса болғаны.