Жаңалықтар

Қалтай Мұхамеджанов: Халық тарихы – киелі ғимарат

ашық дереккөзі

Қалтай Мұхамеджанов: Халық тарихы – киелі ғимарат

Қазақ әдебиеті мен өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың туғанына биыл 90 жыл.Елдік мәселеде үнемі ұлтының сөзін сөйлеп, ақиқат биігінен көрінген тұлғалы жазушының ой-пікірлері өзінің тереңдігімен, өткірлігімен дараланып тұратын. Кезінде халықаралық «Түркістан» газетін ашып, қазақ баспасөзінің дамып, өркендеуіне мол үлес қосқан көрнекті қаламгердің тарих, халық, әдебиет пен мәдениет жайында айтқан сүбелі ойларымен оқырмандарымызды қайта қауыштырғанды хош көрдік.

Редакциядан

Өнегелі  ғұмырбаян

Қалтай Мұхамеджанов 1928 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауы­лын­да дүниеге келген. 1953 жылы Таш­кенттің театр және көркемөнер инс­ти­тутын бітіріп шыққаннан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет минис­трлігінде, Мемлекеттік кино коми­тетінде, Қазақстан Жазушылар ода­ғының, Кинематографистер одағының хат­шысы,1988-1998 жж. республикалық «Ара – Шмель» журналында, халықаралық «Заман – Қазақстан» газетінде бас редакторы болып еңбек етсе, өмірінің соңғы жылдары халық­аралық «Түркістан» газетінің бас редак­торы болып қызмет атқарды. Шығармашылық жолын М.Горькийдің «Тоғышарлар», С.Айнидің «Құлдар», Айбектің «Киелі қан» сияқты атақты туын­дыларын аударудан бастаған. 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік ака­демиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туын­дысының премьерасы болды. Одан кейін «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын» атты пьесалары қойылып, қазақ драматургиясының дамуына зор әсе­рін тигізді. Ал қырғыздың әйгілі жазу­шысы Шыңғыс Айтматовпен бірлесе жаз­ған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы әлемнің бірнеше елінде қойылды. «Шыңдағы шынар», «Айман–Шолпан» кино­сценариінің авторы. Әдебиет мен өнер­ге қатысты мақалалар жазған. А.Қаххардың «Ауру тістер» пьесасын, Ш.Айт­матовтың «Ана–Жер–Ана», «Арманым, Әселім» пьесалары мен «Ақ кеме» повесін тәржімалады. Шығыс классикасы – «Мың бір түн» ертегісін (1-4-томдарын) қазақшалады. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы шығар­маларының екі томдығы, 1998 жылы «Атамұра» баспасынан таңдамалы шығар­маларының 3 томдығы басылып шықты. Қазақстанның Халық жазушысы (1992). «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы, «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болған.

* * *

...Байқаңдар, ағайын, халық тарихы – киелі ғимарат. Оның есігін адал пейіл, ақ жүрекпен ашыңдар. Ал саясатқа келсек, бұл да медицина, математика сияқты қиын мамандық. Оның ішкі механизмінің тілін тауып, тамырын басу деген жыланның тісін санап, арыстанның азуын емдеуден де ауыр шаруа. Сондықтан тарихқа да, саясатқа да сақ болған жөн. Осындайлардың ортасынан шыққан не ұлттық үлгісі, не азаматтық нішәні белгісіз кейбір рухани қызметкерлер «Қазақ әлі ұлт болып қалыптаспаған, әлі этнос қалпында» дегенді шығарып жүр. Оларға айтарым, этнос дегеніміз – «биогенетическая категория» деген ғылыми тұжырымға жүгінсек, қазақ жеті атаға дейін қыз алыспау пәтуасына келген күннен бастап бұл дәуірді басынан кешкен болып табылады. Ал енді «национальность» – социокультурная категория» дегенді мойындасақ, бұл дәуірді қазақ басынан кешіп келе жатқалы қай заман. Сонда біз әріге бармай-ақ, ұлттық рухани мәдениетіміздің мақтанышы Шоқан, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Жамбыл, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтарды этностың еншісіне берсек, алдымен бұлардың қай папуастардың әйелдерінен туғанын дәлелдеуіміз керек. Бұдан 1200 жыл аса бұрын Орхон-Енисей жазбасында қазақтың қолтаңбасы болғаны өз алдына. Ежелгі Шығыс пен гректердің ғажайып туындыларын ұлт жасамай, этнос жасады дегенге кім сенеді? Иллиада мен Одиссеяны немесе «Шахнама» мен «Слово о полку Игоревені» ұлт жасамай этнос жасап еді дегенге кім сенеді? Демек, этнос адам баласының балаң шағы болса, ұлт – есейген, өз тілінде әдебиет пен мәдениеттің негізін қалай бастаған шағы. Түптеп келгенде, капиталистік ұлт, социалистік ұлт дегендер марксизм алхимиктерінің сәуегейлігінен туған ұғымдар. Олар – әдейі әрбір ұлтты өз тарихынан, өз мәдени мұрасынан айыру саясатын көздеген қағидалар.

* * *

...Ұлттық идеология демекші, осы кезде баспа беттерінде «бізде ол жоқ» деп жар салушылар көбейіп кетті. Алдымен басын ашып алайық. Идея – мұрат болса, идеология соған жетудің ғылыми жолдары. Қайсы бір ұлт болмасын, оның келбетін танытатын тілі, діні, дәстүрі, тарихи өткен жолы. Жіліктеп айтсақ, ұлттық идеология бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қоятын саптыаяқ емес. Ол ғасырлар бойы қалыптасады. Оның тағдыры әріде жатыр. Керек десең, тамыры ананың әлдиі – бесік жырынан басталады. Баршаға мәлім ерлікті, адалдықты, азаматтықты, әдеп-әркенді уағыздайтын батырлар жырлары мен эпостарды былай қойғанда, мақал-мәтелдер, дуалы ауыздан шыққан қанатты сөздердің өзі идеология атаулының қай халықта болмасын қайнар көздері. Осы қазақтың бағзы заманнан келе жатқан жігіттің – өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты деген киелі ұғымдар бар. Әрбір азамат осы үш жұртқа да бірдей қамқор болуға борышкер. Осыған орай, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне», «Үйден безсең де, діннен безбе» деген қағидалар ұлттық мұраттың қадау-қадау ережесі емес пе? Ұлан-байтақ мекеніңді қорғауда осылар қай патриоттық ұраннан кем түседі?

* * *

...Осында отырған тарих ғылымы тағының иелері мен таяғын ұстап жүргендердің, маған қазақ халқы тарихи сахнаға шығып, ұлт болып ұйытқы тапқалы жүзге бөлініп, әр хандыққа қолы жеткелі, мемлекет атанып мәмілеге келгелі, не таққа таласып, не байлық-баққа таласып, не жерге таласып өзара соғысқанын дәлелдеп бере алатын біреуі бар ма? Кешегі күнге дейін, керек десең қазір де шым-шытырық шайқасты бастан кешіріп отырған Шығысты былай қойғанда, өзіміз білеміз-ау деген Еуропаға зер салайықшы. Людовик ХІ-ге дейінгі (15ғ.) француз тарихын алыңыз, Иван Грозныйға дейінгі (16ғ.) Ресей тарихын алыңыз, Отто Бисмаркке дейінгі (19ғ.) Германия тарихын алыңыз, бәрі қашан бастары қосылып, қашан мемлекет іргесі бекігенше өзара қырқысудан көз жазды ма? Осы кезеңдер қазақтың жүздік кезінде де, хандық кезінде де өзінің куә болған, көз алдынан өткен дәуірлері еді ғой. Бақсақ, осы бес ғасырдан аса уақыт өресінде қазақ даласында өзара бірде-бір соғыс болып көрмепті. Әлбетте, ел болғасын ағайын арасында азды-көпті қырғи-қабақ, қиян-кескі қылықтар көрінетін. Бірақ олар жесір дауы, барымта-сарымтадан әрі аспайтын. Қазақ: «судың іргесін шым бекітеді, сөздің іргесін шын бекітеді, ардың іргесін дін бекітеді, даудың іргесін қыз бекітеді», – деп ондайлардың аузына кезінде құм құйып отырған екен.

* * *

Жаңа біз қазақ халқы өзара соғыспады дедік. Енді осының сыры неде екен? Соған келейік. Меніңше, мұның сыры – қазақтың генетикалық кодында – нәсілдік шартында жатыр. Дүниежүзіндегі халықтардың ішінде жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі тек қазақта ғана бар екен. Классикалық демографиялық рәсімінде бұл 175 жыл деген сөз. Көшпелі халық жыл сайын мерзімді жерлерінде жайлау-қыстауында бір-бірімен араласып, тоқайласып жатады. Бір күні Алтайдың қызы Атырауға ұзатылады, Сырдың қызы Ұлытауға кетеді, Ұлытаудың қызы Сыр бойына келін болып түседі. Сөйтіп бой жеткен қыз арқылы келген салт-дәстүр, әдеп-әркен, ән-күй, жыр-жоралғы араласып кетеді. Ақыры Абай мен Махамбетті, Бұқар мен Сүйінбайды туғызған елге тілмаштың керегі болмай қалады. Осылайша қазақтың ана тілі қалыптасады. Ана тілі дейтін себебі де ұлттық тіліміздің негізін қалаған қазақтың қыздары боп шығады. ...Ана демекші, басқа халық, ұлттарға қарағанда, қазақтың әлеуметтік өмірінде әйел әулетінің орны ерекше. Қазақта «тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деген мәтел бүкіл фольклорда бой көрсетеді. Бұл майдан даласының өзінде де азаматтармен қыздардың да бірге жүргендігін дәлелдейді. Қазақ: «Алып анадан туады», «аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деп жатады. Осының өзі әйел қауымының біздің қоғамда ерекше орнын танытады.

* * *

...Өкінішке орай, қазір дастарқан басында болсын, кейде баспасөз беттерінде болсын, зиялымын деген кейбіреулердің аузынан: «Қазақта бірлік болмаған», – деген сандырақты естігенде қарап жүріп қарның ашады. Олай болса тарихқа жүгініп көрейікші. Баршасын көзінен тізіп жатпай-ақ, екі мысал: егер бірлік болмаса, 1643 жылы Жетісудағы Салқам Жәңгірдің кезінде жоңғарлар шайқасына сонау жердің түбі қияннан, кіші жүздің Алшын руынан Жалаңтөс батыр жиырма мың сарбазымен Жәңгірге келіп, бірге шайқасып, жау бетін бірге қайтарар ма еді? Егер бірлік болмаса, о жақ бұ жағы үш жүз жылға созылған қазақ-жоңғар соғысының ең соңы – 1729 жылғы Аңырақайдағы 40 күндік қиян-кескі шайқасында Ұлы жүз сарбаздарын Саурық батыр, Орта жүз сарбаздарын Қара керей Қабанбай, Кіші жүз сарбаздарын Тайлақ батыр басқарып, арыстандай алысып, түбегейлі жеңіске жетер ме еді? Осыдан артық бірлік-берекенің үлгісі болар ма? Өзіңіз қараңыз, мына дүниежүзінде көлемі жағынан 9-орын алатын байтақ мекенді бізге сан ғасырлар бойы не қытай, не орыс, не фарсы қорғап берді ме? Білетіндердің есебі бойынша, осы жер үшін кейінгі екі жарым ғасырда 6 миллионнан аса батыр-бағландарымыз құрбан болған екен. Осыны біле тұра бабаларымыздың әруағының алдында «бізде бірлік жоқ» деуге саңылауы бар қазақтың дәті қалай шыдап, аузы қалай баратынына таң қалам.

* * *

Рухани мұрадан басқа ізі қалмаған талай ұлы халықтар өткен жоқ па? Халық санының көбеюі, азаюы, мүлдем жоқ болып кетуі тағдырдың қолындағы таразыға байланысты. Бүгін көп екенмін деп кеуде соғып желбуаздану – күпірлік. Бері салғанда бейпарасаттық, әрі салғанда рухани соқырлық пен мәдени қайыршылықтың көрінісі. Соны көріп отырған біздің Орта Азия, Ресей, Кавказ өңіріндегі түркі тектестер бір-біріне тіксіне қарайтындай не қара басты? Бүйте берсек, сапа жағынан да, сана жағынан да, бәрімізді қосқанда он орап алатын шекаралас отырған екі алпауыттың мазағына желеу болғаннан басқа не қалады? Бөлінгенге бөрі дайын. Тоқтыны жеген қасқыр, түйе етінен жиіркенбейтінін әр сәт есімізге сақтағанымыз абзал. Анау алыстағы Түркиядан неге үлгі алмаймыз? Ол саған құшағын жайғанда, кемдігінен, аздығынан жайып отыр ма? Бәрі бірліктің мүддесі емес пе? Мұндайда «түбіттен тікен, кіседен кісен іздегенше» тағдыр саған өміріңде бір рет, бәлкім, соңғы рет, есіңді жияр азғана пұрсат берген екен, соны опық жеп қалмау үшін, оң-солымызға салауатты сабырмен қарап, бірлік-ынтымақтың жолында ұқыпты ықыласпен пайдаланып қалсақ не етті? Көрші бауырымыздан бір жейдеміз артықтығына мәз болып, уақытты оздырып алсақ, келер ұрпақ өмірі кешірмейтіндігін есте неге тұтпаймыз? Күштінің қанжығасында байланып, ғасырлар бойы үмітіңді үрей басып келген жәутең көзіңнің қанды жасын неге ұмытасың? Сен бүгінгі бостандығыңа ғасырлар өресінде құрбан болған, қан кешіп, қазаға сүрінген ата-бабаңның әруағын сыйла. Сенің бүгінгі тәуелсіздігің – солардың аманаты. Бес күнгі тоқтығыңа құл болмай, тарих алдындағы жауапкершілігіңді жан-жүрегіңмен сезін. Сені ұл тудым, тағдырымды тапсырдым деген халқымыздың қарғысына ұшыраудан Алла сақтасын!

* * *

Бірлесіп істеген жұмыста береке болмақ, байбаламнан бірлік күшті.

* * *

Патриотизм атты киелі ұғымның қай заманда да генераторы – идеология. Тиянақты идеологиясы жоқ мемлекет құбылнамасы жоқ кемемен бірдей.

* * *

Ешбір халық өзінің рухани, әдеби мұраларында зұлымдыққа, мейірімсіздікке кешірім еткен емес. Керісінше, оны әшкерелей отырып, өзінің ұл-қыздарының биік қасиеттерін жексұрын қылықтарға қарсы қояды.

* * *

Дүниежүзілік мәдениеттен алу бар да, дүниежүзілік мәдениетке беру бар. Алғаныңды жарасымды жолмен ойыңа өзек ете білу қандай қиын болса, оған енді өз өрнегіңді қосып қайта бере білу – бәрінен қиын шаруа. Бере білгенде ғана – сен бүкіл адам баласының тарихи қозғалысының жалына жармасып, оның қазыналы көшіне өз керуеніңді қосасың.

* * *

Жер шарының әр алуан географиялық кеңістіктерінде құдірет-күші әрқилы жер қозғалыстары тынымсыз болып жатады. Бірақ жеке халықтың ұлттық тарихында рухани сілкініс үшін дәуірлер көшіп, замандар ауып, ғасырлар толғатса керек.

* * *

...Тіл тағдыры мен дін тағдыры болашақ мемлекеттің өсер-өнер берік қазығы. Менің бір ғажап қалатыным, екі мың жылдан аса дүниежүзін кезіп кеткен еврей халқының 50 жылдың ішінде әр тараптан, әртүрлі тәрбие көріп, әр тілде сөйлеп кеткен ұрпақтарының бас қосып, ежелгі Тәурат тілі – ивритті қайтадан тірілткені. Біз өз мекенімізден табанымыз аумай отырып, дінімізге, тілімізге ие бола алмайтын дәрежеге жеткенімізге қатты қынжылам.

* * *

Қоспасыз таза өнердің қауым мен қоғамға айтары көп.

* * *

Өнердің классикалық қазынаға айналған озат үлгілеріне уақыт оздырып барып қайта оралып отыру үлкен мәдениеттің айнымас салтының бірі. Адамзат ақылы қалдырған оқшау мұралар заманнан-заман өткен сайын тек қана эстетикалық нәр алып, көңіл көтеріп қызықтау үшін ғана емес, негізінде әр ұрпақ, әр буынның тәрбие алып отырар ұстазы. Оның классика аталып, өлмес-өшпес өміршеңдікке ие болар сипаты да, құдіреті де осында жатуы ықтимал.

* * *

Қазақ қауымы ежелден әнді қос қанаты деп таныған. Бір қанаты ырғақ-әуен болса, екінші қанаты өрнекті ойға құрылған құнарлы сөз. Ұлы Абайдың: «Құр айқай бақырған құлаққа ән бе екен?» дейтіні де содан. Жалғыз қанатты құстың ұзаққа бармайтыны белгілі. Сөз демекші, бізде тым тәуір даусы бар жігіттер мен қыздардың кейде өз үніне өзі ғашық болып, әулекілене жөнелгенін көргенде сөз сорлының қай жерде жаны шығып, қай сайда қаңқасы қалғанын да аңғармай қаласың. Бүкіл ән мәтініндегі он шақты дауысты дыбысты қыл арқанға көгендеп алып, не мектебі, не мекені белгісіз жайдақ шырқаумен қанша құлпыртсаң да, «Өнер алды қызыл тіл » деген ұғымнан әзір қол үзе қоймаған халыққа әлгі даңғаза дарымайды, құлаққа кірпідей, денеге түрпідей қадалады. Демек, ән көңілдің күйін оятса, сөз ойға түрткі. Ойсыз күйдің күні құрысын.

* * *

Асылында, талант табиғатының тылсым құпиясы, сиқыр сыры бөгде көз былай тұрсын, сол талант иесінің өзіне де жауабын таптырмас жұмбақ болып қала беретін шығар. Кейде, өнерге көңілдес келіншегіндей жеңіл-желпі қарайтын, «жазушы» деген атаққа ғана мәз боп жүретін желөкпе дембуаздар болмаса, нағыз таланттың бірі «мен осылай едім» деп кеуде соқпаған ғой. Өйткені өнер атаулы киелі кеселге жөргегінде жатқан қай уақытта «қағынғанын» ол қайдан білсін! «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген кемеңгер Абайдың өзі де кім екенін білмей, оның жауабын келер ұрпаққа арқалатып, күні бүгінге дейін басымызды қатырып келе жатқаны бар емес пе. Соның өзінде «ұлысың», «дәнішпансың» дегеннен басқа қай сырын алып қарық қылдық...

* * *

Өлім мен өмірдің екіұдай таласын өз көзімен көріп, өз басынан өткендердің туа біткен таланты болса, шыншыл болмасқа жайы жоқ. Небір ұлы арпалыстарды, шендескен шындықтарды жүрек елегінен өткізгендердің сыршыл болмасқа әлі жоқ. Әдебиеттегі жаңашылдық адам болмысын бұрынғыдан гөрі тереңірек түсінуге көмектесетін жаңа сыр. Арғы жағында ондай жаңа сыр, жаңа шындық жатпаған жаңашылдық оқырманның жан-дүниесін байытар жаңа қазына емес, жай әшейін көз алдар алабажақ, көңіл алдарқатар көп өтіріктің бірі.

* * *

Шындыққа жүгінсек, халқымыздың арғы-бергі тұрмысында суреткерлер назарына жөнді ілікпей, зерделі ой, зерек қиялдың арнайы аттанысын күткен қат-қабат өмірдің қойнау-қуыстарында талай тірлік пен сан-қилы сыр-сипаттың сиқыр құпияларын бауырына басып, әлі әдебиет арқауына айналмай жатқан тақырыптарда қисап жоқ. ...Әңгіме тақырыптың үлкен-кішілігінде емес, суреткердің шеберлігі мен тереңдігінде деген қағида бар ғой. Тек келсаптан қазық шығара алмайтын «шеберлік» пен кездіктен қанжар соғам деген «зергерліктен» сақтасын. Әдебиет пен өнер мұндай әумесерлікті көтере алмаса керек.

* * *

Меніңше, қандай бір жазушы болмасын, қай тақырыпқа жазса да, ол өзі өмір кешіп отырған заманының идеясы рухында заманының мүддесін көздеп, заманының мұқтажын іздейді. Замандасының талғамына сай, дәуірінің талабына жауап қарастырады. Соны тапқан бүгінгінің жазушысын бүгінгінің сөзін айтып отыр деп білемін.

* * *

Әңгіме тақырып төңірегінде қозғалса, «тақырыбы ұсақ екен» деген жаттандыға айналған жырынды үкімді жұрт сыншылардан жиі естиді. Өз ұғымымша, ұсақ тақырып жоқ, ұсақ жазушы бар.

* * *

Әрбір ақын-жазушының, өнер қайраткерінің рухани мәдениетіміздегі орнын айқындайтын негізгі мәселе – оның ұлттық мәдениетке қосқан үлесімен өлшенеді.

* * *

Мен өзім тарихи тақырыпқа шығарма жазған емеспін. Көптен ойым бар, бірақ қорқа берем. Ол үшін тарихты білу аз. Ғасырларға сапар шегу оңай емес. Өйткені сен, өз заманыңның тарихқа жіберген өкілісің. Заман талабы, оқырман ойынан шығарыңа сенбесең сапар шегіп керегі не? Алдар Көсе мен сайтанның картоп еккені сияқты түйнегін түбіне қалдырып, тарихтың сояу сабағын арқалап келгеннен не абырой, не атақ. Менің қорқатыным сол. Қысқасы қай тақырып болса да заманыңмен үйлесу, үндесу таппаса – зая кеткен еңбек, арам төгілген тер, тұл тебіреніс, дәйексіз даңғаза болып қала бермек.

Сыр елі өз ұлдарын ұмытпайды

Ежелден «жыр елі» атанған Сыр бойы­нан қай дәуірде де дүниеге келген мық­тылар көп. Қазақстанның Халық жазу­шысы Қалтай Мұхамеджанов Сыр өлкесінен шыққан ірі драматург, халық­шыл тұлға еді. Биыл туғанына 90 жыл толуына орай Қалтай Мұхамеджановты өзі туған Сыр елі құрметтеп еске алып, түр­лі шаралар өткізуді бастады. Соның алғаш­қысы – Сырдария ауданының 90 жыл­дық мерейтойымен тұспа-тұс келген халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен жазушы Әбірәш Жәмішевтің 90 жылдығына орай өткен «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кеш. Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінде өткен бұл іс-шараға дарынды жазушылардың ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері, өнер, мәдениет саласының майталмандары, БАҚ өкілдері қатысты. Әдеби кеште Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Димаш Байдушев: – Ауданның айтулы мерейтойымен осы ауданда туып, елімізге танылған халық жазушысы, жерлестер мақтанышы Қалтай Мұхамеджанов пен жазушы Әбірәш Жәмішевтің 90 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, аудан әкімінің өкімімен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қаламы қарымды тұлғалар» атты әдеби кеш өткізу жоспарланған болатын. Мақсатымыз – қала­мына құт қонып, бақ дарыған дарынды жазушылардың шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпаққа үлгі ету, ауданның тарихы тереңде екенін паш ету болып табылады, – деп сөз бастап, одан әрі қос қаламгердің шығармашылығы жайында әңгіме өрбітті. Әдеби кеште қаламгерлердің шығар­машылығы кеңінен насихатталды, шығар­маларынан үзінділер оқылды. Ақындар Сейфолла Оспан, Жадыра Дәрібаева, этнограф-қаламгер Тынышбек Дайрабай, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қазыбай Құдайбергенов сөз сөйлеп, Қалтай Мұхамеджанов пен Әбірәш Жәмішев шығармашылығы туралы ойларын, естеліктерін айтты. Әдеби кеш соңында сөз алған қос қалам­гердің ұрпақтары іс-шараны өткі­зіп отырған аудан әкімдігіне риза­шылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.  

Дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ