Жаңалықтар

Даниялық Ян Гейлдің қолтаңбасы

ашық дереккөзі

Даниялық Ян Гейлдің қолтаңбасы

Алматы қаласында өткен қоғамдық кеңесте «Алматы – 2020» бағдарламасының шеңберінде қала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 7 бағыты талқыланды. Бүгінде оңтүстік астанада қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударылып отыр.  Алматы қалалық ішкі істер департаментінің қызметін жандандыру мақсатында соңғы 5 жылда қала бюджетінен 31 миллиард теңге бөлінген. Бұл ретте Алматы полициясының ақпараттық «ақылды» шешімдерге сай цифрлы жүйеге жаппай көшірілгенін атап өткен абзал. 2015 жылы қала қозғалысын небəрі 64 бейнекамера бақыласа, бүгінде бақылау камераларының саны – 118.  Өткен жылы қала көшелерінде орнатылған бейне бақылаулардың арқасында 21 мың əкімшілік тəртіп бұзушылық анықталып,  1218 қылмыс дер кезінде əшкереленген. Бұдан бөлек жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында автоматтандырылған ақпараттық жүйеге көшу үшін қосымша 15 миллиард теңге бөлініп отыр. Алматыдағы сел қаупі, сондай-ақ, сейсмикалық қауіпсіздік мәселесі де үнемі қала басшысының назарында.  Қазір Алатаудың қойнауындағы Мыңжылқы бөгетін жаңғырту жобасы іске қосылды. Келесі жылдан бастап Аюсай мен Ақсай аңғарларындағы селге тосқын болатын құрылыс бөгеттері  салына бастайды. Сондай-ақ, қазір Алматы қаласының 3D автоматтандырылған геоақпараттық картасын жетілдіру жұмысы жалғасуда. Бұл  мегаполистің құрылысына қатысты көптеген рəсімдерді онлайн тəртібіне  аударуға мүмкіндік берді. Картада 169 қабат бойынша құрылысқа қажетті қызыл  сызықтар, инженерлік желілердің қуаты, жел бағыты немесе топырақтың  құрам-жайы сияқты техникалық деректер көрсетіледі. 2019 жылға  дейін Алматы қаласының дизайн-кодын жасау аяқталуы тиіс. Қазір Алматы қаласының алдын ала əзірленген дизайн-кодының екінші кезеңі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алматы қалалық сəулет жəне құрылыс басқармасының мәліметтері бойынша,  2020 жылға дейін Алматы қаласының орталық бөлігіндегі көшелер даниялық сəулетші Ян Гейлдің жобасына сəйкес қайта жаңартылмақ. Қазір 15 көшенің жəне екі жағалаудың қайта қалпына келтірілуіне арналған жоба-сметалық құжаттамалары әзір тұр. Мамандардың айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде Алматы адам танымастай өзгереді. Қазір қаланың 150 көшесінде құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алматы көшелеріндегі қарбалас қыркүйек айында  толық аяқталады. Айта кетейік, Алматы қаласы Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызын, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 32 пайызын, барлық сауда операцияларының 41 пайызын иеленіп, республикадағы еңбекке жарамды халықтың 15 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.