Жаңалықтар

ЭФИРДЕ –ҮНДІ ФИЛЬМІ

ашық дереккөзі

ЭФИРДЕ –ҮНДІ ФИЛЬМІ

Біз бәріміз – өз заманымыздағы идеологияның туындысымыз. Мейлі, идеология бар деп мойындаңыз немесе оны үркек сананың қиялы деп санаңыз – шындықты өзгерте алмайсыз. Әр замандағы өнер, қоғамдық мәдениет, халықтық әдет-ғұрыптар, өркениет жетістіктері сол дәуір тұрғынының сана-сезіміне, ой-өлшеміне ықпал етпей қоймайды. Жүйеден тыс ойлауды үйрену үшін оның шекарасынан аттап шығу керек. Содан болар, физикалық шекарадан аттап, өзге елдерге, бөтен қоғамға сіңген мигранттардың ой-санасы түбегейлі өзгеріске ұшырайды. Ел мен жер танып, өзге жүйеде өмір сүрген адам мен туған ауылдан аттап шықпаған адамның психологиясын салыстыру қисынсыз. Мәселе кімнің озып, кімнің артта қалғанында емес. Санадағы өзгеріс тың идеялар мен өзге құндылықтарды түсінуге талпынудан басталады. Басқа-басқа, советтік жүйе адам санасын тұқыртып, оны жаңаша ойлаудан барынша алыс ұстаудың бар айла-шарғысын өте шебер меңгеріп еді. Біз бүгінде «темір қоршау» деп атайтын жабық шекара, жат идеяларды шектеп отыратын идеологиялық сүзгі совет адамдарын белгілі бір шектеудің аясында, тар шеңбердің ішінде өмір сүруге үйреткен болатын. Дегенмен жатжұрттыкінің бәрі «жаудыкі» саналғанымен, сыртқы әлемдегі советтік идеология «мақұлдаған» дүниелер темір қоршаудың саңылауларынан сынамалап кіріп жатты. Мысалы, үнді фильмдері, меніңше, Совет Одағында «рұқсат етілген» бірден-бір шетелдік кинотуындылар болатын. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары бой түзеген буынның өкілі ретінде куә бола аламын: үнді киноларының үні тіпті елдің алыс түкпірлеріне дейін еркін жетіп, бүгінгі тілмен айтқанда, барлық кинотеатрларға монополия орнатқан еді. Апта сайын, әр сенбі не жексенбі бүкіл ауыл тайлы-таяғы қалмай орталықтағы жалғыз клубқа асығатын. «Зита мен Гита», «Диско бишісі» сияқты фильмдердің «хит» болып тұрған кезі еді ол. Қариялар көзінің жасын білдіртпей сүртіп, ал жастар жағы үнді биін үйреніп, бала біткен ізгіліктің түбі зұлымдықты жеңіп, әділдік салтанат құратынын дәл осы фильмдер арқылы біліп-түйсінетіндей еді. Менің замандастарымның арасында үнді актерлері мен актрисаларына «ғашық» болып, олардың суреттерін жинап, күнделік арнап, «Мәжнүн» болуға шақ қалғандары қаншама! Сол кездегі Митхун Чакрабортидің фан-клубын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Майкл Джексонның фан-клубының санымен ғана салыстыруға болатын, бәлкім, одан басым түсер ме еді... Қысқасы, бір әлде екі буын өткен ғасырдағы үнді фильмдері мен әндерінің, сол арқылы тараған үнді мәдениетінің ықпалын сезініп есейді. Әлбетте, бұл фанатизм дертіне шалдықпаған азшылықтың бірі ретінде, үнді фильмдері жалпыұлттық ықпалға ие болған жоқ дегім-ақ келеді. Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары америкалық, еуропалық, азиялық, түрік және басқа ұлттардың кинотуындыларының бәріне жол ашылғаннан кейін де, үнді фильмдерінің біздің елде әлі сұранысқа ие екені мені кәдімгідей таң қалдырады. Ұлттық телеарнаның өзі шайналған сағыз сияқты нәрсіз үнді сериалдарын жылдарға созып беруден тартынбайды. Мұны тіпті «көрермен сұранысымен» ақтайды. Шын мәнінде солай ма? Егер қатардағы тұтынушының қалыбынан шығып, яғни күнделікті ауыр тұрмыстан аз да болса ойды сейілтіп, көңіл сергітуді қалайтын тұтынушылық көзқарастан арылып, зерттеуші ретінде ой түзе алсақ, нені байқар едік? Балиғатқа толмаған жас қызды тұрмысқа беру, әйелді адам санамау, парақор полициядан қорқу, материалдық байлықты насихаттау, зұлымдыққа көнбістік таныту, шала сауаттылық, тағысын тағы – осы ма алатын өнегеміз? Рас, үнді фильмдері менің зерттеу тақырыбым болған емес, сондықтан бұл тақырыпта ештеңе жазған емеспін. Ашығын айтқанда, үнді фильмдерінің қазақ қоғамына, әсіресе, жастарға қандай өнеге беріп, нендей ықпал еткені жайлы тұшымды дүние бұған дейін көзіме түспеді. Тек жақында Лондонда өткен халықаралық конференцияда Калькуттадан келген Дибьяжит Мухерджидің баяндамасы осы олқылықтың орнын толтырғандай болды. Ол Калькутта университетінің Инженерия және менеджмент институтында доцент болып қызмет атқарады екен. «Үнді фильмдері мен жарнамада әйел бейнесінің көрініс табуы» деген тақырыпты тереңнен қаузап, барынша тыңғылықты зерттеу жасап жүр. Конференциядан соң Мухерджи мырзамен сөйлесіп, арнайы «Түркістан» газеті үшін эксклюзивті сұхбат алдым. Киноиндустриядағы идеологияның пәрмені жайлы, қазақ қоғамында әлі айтылмай-жазылмай жүрген тақырып – үнді киноларындағы мағына, мақсат пен оның өзегі жайлы тың ойларға қаныққыңыз келсе, осы сұхбатты ұсынамыз. Айтпақшы, сұхбат ағылшын тілінде алынған, сондықтан мәтінді қазақшаға аударып беріп отырмыз. Дибьяжит МУХЕРДЖИ (Калькутта, Үндістан):

ӘЙЕЛДІ АДАМ ЕМЕС, ЗАТ ДЕП САНАУ – ҚЫЛМЫС

– Мухерджи мырза, сіздің зерттеуіңіз туралы сөз қозғамас бұрын, әуелі сіздің үнді фильмдері жайлы, ондағы мораль, идеология мәселелері жайлы ой-пікіріңізді білгім келіп отыр. Менің балалық шағым Совет Одағында үнді фильмдерінің жаппай таралып, өте танымал болған шағымен тұспа-тұс келді. Қателеспесем, сол кездегі үнді кинолары әдептен аттамайтын, ибадан аспайтын, шектен шықпайтын құндылықтардан тұратын сияқты еді. Қазіргілері жайлы айта алмаймын, бірақ батыстық киноиндустриямен салыстырғанда үнді кинолары «ұятты» көріністерден бо­йын аулақ салатындай көрінетін. Бәлкім, қазақ көрермендеріне ұнағаны содан болар. Сіздіңше, үнді киноларында қандай да бір мораль бар ма? Қандай идеология­ны көздейді? – Әуелі мораль мен идеология арасын­дағы байланыс туралы айтып өтсем деймін. Левинас өзінің «Тіршіліктен тыс» (ағыл. Beyond Essence) атты кітабында адамзат тарихының өне бойында мораль біздің адамгершілігімізді арттырудың орнына оны жоққа шығарды дейді, яғни, зорлық-зомбылық, кісі қанын жүктеуді мораль арқылы ақтау ең тиімді әдіс емес пе? Екінші жағынан, Альтюссердің айтуынша, идеологиядан біз ешқашан қашып құтыла алмаймыз. Біз ұдайы идеологияның құрсауындамыз, Славой Жижек өзінің «Идеологияға өзінше кіріспе» (ағыл. Pervert’s Guide to Ideology) кітабында идеологияны қоқыс салатын жәшікке теңейді, яғни біз бәріміз керек ақпаратты осы қоқыс салатын жәшіктен алып жүрміз деген сөз. Үнді фильмдеріне келсек, әсіресе, Болливуд өнімдері ұзақ уақыт бойы әйел бейнесін сомдауда патриархалды ұстанымда болды, яғни әйел бейнесі «сұлулық туралы мифке» негізделсе, ер адамның бейнесі дене күшінің үстемдігін көрсететін. Шындығын айтқанда, ең озық үнді киноларын Сатьяджит Рей, Мринал Сен және Ритвик Гхатак сияқты болливудтық емес режиссерлер түсірді, бірақ олардың туындылары Үндістанның өзінде жалпақ көрерменге таныс емес. Ал үнді кинолары бұрынғы Совет Одағында өте танымал болғанынан хабарым бар. Сол заманда өте танымал болған екі-үш кино туралы кеңірек айтып берсем деймін. Сонда көп нәрсе түсінікті болар. Радж Капур 1951 жылы түсірген «Кезбе» (түпнұсқа атауы «Awaara») фильмі Рагхуната атты бай судьяның Джаггу атты адамға кесім шығарған сәтінен басталады. Джаггудың әкесі кезінде қылмыскер болған, яғни судья қылмыскердің баласы да қылмыскер болады деген қағиданы ұстанады. Бұдан әрі фильмдегі оқиғалар желісі қоюланып, негізгі назар судьяның көшеде өскен ұлы Раджа мен оның ғашығы Ритаға ауады, бірақ осы жерде Рита Раджаның көлеңкесі сияқты көрсетілген. Фильмнің соңына қарай Раджа түрмеден шыққан соң, Рита үшін өзін тәрбиелеуге уәде береді. Осылайша, трансцендентті тұрғыда әйел адамның періштедей пәк, мейірім мен ізгіліктің өнегесі ретінде бейнесі қалыптасып, яғни үнді әйелінің стереотипі жасалды. Мұндай стереотиптердің кілтипаны сонда, бұл бейнені қоғамдық санаға біртіндеп сіңіре берді. Оған сәйкес келмеген әйел (немесе ондай болуды қаламаған әйел) бірден бөтен, яғни жеңілтек саналатын болды. Бұдан кейін 31 жылдан соң түсірілген «Диско бишісі» («Disco Dancer») фильмінде бас кейіпкер Джимми өз анасын зұлым бай Оберойдың ұрып-соғып жатқанын көз алдына елестетіп, жаны ауырады. Анасы қаза болғаннан кейін сергелдеңге түскен Джиммиді оның ғашығы Рита барынша қолдап, қайтадан аяққа тұруына көмектеседі. Бұл жерде тағы да әйел туралы мифтің желісі тарқатылған, яғни Рита Джиммидің табысқа жету баспалдағы сияқты. Осылайша, әйел ешқашан өз алдына тәуелсіз тұлға ретінде көрсетілмеген. Ол не көмекші, не адал жар, не ана бейнесінде. Тіпті, «Зита мен Гита» атты кинода сезімтал Гитаның бейнесі сомдалғанымен, оның сыңары Зита барынша әлсіз етіп сипатталған. Ал үнді аудиториясының басым көпшілігі Гитаны емес, Зитаны жақсы көретіні көп жайттан хабар берсе керек. Осынау идеологиялық тұрғыда жасалған бейнелерді қоғамдық санада біржола орнықтыруда кинофильмдер өте маңызды роль атқарады. Совет Одағы ыдыраған соң әйелді бас кейіпкердің ғашығы етіп қана көрсеткен көптеген кинолар түсірілді. Әдетте, бір топ басбұзарлар оған тиісіп немесе зорлауға ыңғайланғанда, бас кейіпкер ортаға шығып, оның «иззатын», яғни абыройын қорғайды, содан соң әлгі әйел оған ессіз ғашық болады. Бүгінгі таңда феминизм туралы айтылған фильмдер де түсіріліп жатыр, бірақ бұл екінші толқындағы француз қозғалысы сияқты революциялық брендті феминизм емес, оның үстіне, біздің арамыздан Роза Люксембург немесе Александр Коллантай сияқты тұлғалар шыққан жоқ. Егер сіз «Қызғылт» («Pink») атты киноны көрген болсаңыз, алғашқы сәтте оны феминистік туынды деп ойлап қалуыңыз бек мүмкін, бірақ онда үш бойжеткенді Дипак Сегал атты адвокат патриархалды биліктен құтқарғанын есіңізге салайын. Тағы бір фильмде («Раази») бас кейіпкер – Алия Бхат атты тыңшы әйел. Бірақ фильмде ол көз жасын бұлап, «Үйге қайтым келеді» деп жылап жүр. Айтыңызшы, агент Джеймс Бондтың жылағанын елестете аласыз ба? Керісінше, «Эк-та-тигр» атты тыңшылық туралы кинода бас кейіпкер Салман-хан барынша мықты адам болып бейнеленген, ол жау мемлекеттің тыңшысына ғашық болып қалса да, мұнысы сатқындық емес, батырлық сияқты сипатталады. Мұның бәрін былай қойғанда, үнді кинолары мен қазіргі жарнамаларда әйел бейнесі тауар сияқты кеңінен қолданылады.