«Нұр Отан» партиясы мен Қытай Компартиясы арасында бірқатар маңызды келісімдер жасалды
«Нұр Отан» партиясы мен Қытай Компартиясы арасында бірқатар маңызды келісімдер жасалды
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасына ресми сапары барысында «Нұр Отан» мен Қытай Коммунистік партиясының арасында 2015-2017 жылдарға арналған партияаралық ынтымақтастық туралы Хаттамаға қол қойылды.
Қытай Халық Республикасына жуырда жасаған сапары барысында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев екі ел арасында барлық салада, әсіресе саяси-экономикалық мәселелер бойынша ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап айтқаны белгілі.
Осыған орай, Қытай елінің жетекші саяси күші – Қытай Коммунистік партиясымен өзара әріптестікті одан әрі жетілдіру мақсатында 17 қыркүйекте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған делегация Қытай Халық Республикасына ресми сапармен келді.
Делегация құрамына Партия Хатшысы Фархад Қуанғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Партия Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов, партия Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали, Партияның Саяси менеджмент мектебінің директоры Әсет Әбдуалиев кірген.
Сапар барасында «Нұр Отан» партиясының делегациясы Жалпықытай Халықтық Өкілдері Жиналысы Тұрақты Комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзян мырзамен кездесті.
«Нұр Отан» мен ҚКП-ға ортақ құндылықтар мен жұмыс бағыттарына тоқталған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қос елдің билеуші партияларының мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда, инфрақұрылымды жаңғыртуда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі институционалды ортаны нығайтуда және т.б. мәселелерде маңызды рөл атқарып отырғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Нұр Отан» елдің басты бағдарламалық құжаттары – Бес институционалдық реформа, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға тікелей қатысатыны да айтылды. Сондай-ақ, партия Төрағасының Бірінші орынбасары Қытай мен Қазақстанның өзара тиімді серіктестігін нығайтуға мүмкіндік беретін партияаралық әріптестіктің серпінді дамуының маңыздылығына айрықша тоқталды.
Өз кезегінде, Жалпықытай Халықтық Өкілдері Жиналысы Тұрақты Комитетінің Төрағасы «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау қызметін жолға қою бойынша жұмысына үлкен қызығушылық танытып, қарапайым халықтың шағымын тыңдап, оны шешуге атсалысу партияның халықтық екенін айқындайтынына айрықша тоқталды.
Кездесу соңында А.Мырзахметов Чжан Дэцзян мырзаға Қазақстан Республикасы Парламентінің 6 қазанда өтетін «Еуразиялық экономикалық болашақ» халықаралық форумына шақыртуын табыстады.
Бұдан соң «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Қытай Халықтық Саяси Консультативтік Кеңесі Жалпықытай Комитетінің Төрағасы, ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Ван Цзяжуй мырзамен кездесті. Кездесу барысында екіжақты әріптестік мәселелері талқыланып, екі елдегі қазіргі жағдай сөз болды.
Бүгінгі таңда Қытай мен Қазақстан арасында тығыз әріптестік ара-қатынас орнағаны айтылды. Сыртқы сауда айналымы бойынша Қытай Қазақстанның ең ірі серіктесіне айналғаны және оның Қазақстанның жалпы тауар айналым көлеміндегі үлесі 20%-ға жеткені сөз болды. Соңғы жылдың өзінде екі ел басшылары төрт рет кездескен. Елбасының Қытайға жуырдағы сапары барысында 33 құжатқа қол қойылды, оның 28-і коммерциялық сипатқа ие, жалпы құны 23,5 млрд. долларды құрайды.
«Қытаймен өзара достық қарым-қатынастар – Қазақстанның сыртқы саясатының дәстүрлі басымдықтарының бірі болып табылады. Екі ел арасында дипломатиялық байланыстар 23 жыл бұрын орнаған, осы мерзімде Қазақстан мен Қытайдың барлық салалар бойынша жүргізіліп отырған саяси диалогы өзара достастық пен құрметтеудің үздік көрінісіне айналып отыр», – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сапар барысында «Нұр Отан» партиясының делегациясы ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Чжоу Ли мырзамен келіссөздер өткізді.
Чжоу Ли мырзамен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары 2013 жылғы қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзинпинь Назарбаев Университеті қабырғасында Жібек жолының экономикалық белдеуін құру туралы тарихи бастама ұсынғанын еске салды. Бұндай ауқымды трансконтиненталды жобаның жүзеге асырылуы оған қатысушы елдердің тұрақты экономикалық дамуына мүмкіндік беретінін айтты.
«Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының үйлесімдігі екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді ол.
Кездесу нәтижесінде «қос партия арасында ынтымақтастық туралы 2015-2017 жж. арналған Хаттамаға қол қойылды. Бұдан бұрын осындай хаттамаға 2011 жылы қол қойылғанын айта кету керек.
Ресми сапардың екінші күнінде «Нұр Отан» партиясының делегациясы ҚПК ОК Жоғары партиялық мектебінің тұрақты проректоры Хе Итин мырзамен кездесті. Кездесу аясында «Нұр Отан» партиясы Саяси менеджмент мектебі мен Қытай Компартиясы ОК Жоғары партиялық мектебі арасында 2015-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Екіжақты кездесулер барысында тараптар екі елдің билеуші партиялары арасындағы өзара байланысты одан әрі кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Жоғары мектептің тұрақты проректоры Хэ Итин мырза ынтымақтастық туралы меморандумның партиялық кадрларды даярлауда тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтті.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партия Төрағасының Бірінші орынбасары екіжақты байланыстарды нығайту мен партиялық әріптестікті кеңейтудің маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар құрамына бірнеше газет пен теларналар кіретін «ChinaSo» ақпараттық технологиялар компаниясының президенті және Қытай журналистер Ассоциациясы төрағасының орынбасары Чжоу Сишэнмен кездесу өтті.
Осы кездесуде өскелең ұрпақтың интернетке, әлеуметтік желіге тәуелділігі проблемасы сөз болып, қос тарап бұл мәселені бірлесіп шешуді, яғни интернетті тәрбие құралына айналдыру бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру, сонымен қатар ғаламторда қазақ-қытай тілдерінің оңтайлы аударма жүйесін жасау туралы да айтылды.
Бұдан соң делегация Қытайдың ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына негізделген «Sanyuan Group» компаниялар тобына барды. Қытайдың ішкі нарығын, негізінен Бейжіңді ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ірі құрылымның жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партия Төрағасының Бірінші орынбасары ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін жаңа технологияларды Қазақстан нарығына шығару мәселесін тілге тиек етті.
«Sanyuan Group» өкілдері қос ел басшыларының арқасында жолға қойылған экономикалық байланыстар аясында қашанда жаңа технологиялармен бөлісіп, тəжірибе алмасуға дайын екендігін жеткізді.
Ресми сапар қорытындысында қос партияның тұрақты байланысының миханизімін түзу, жыл сайын тəжірибе алмасып тұру мəселесі талқыланды. Тек орталық аппарат емес өңірлік партия ұйымдарының байланыстарын нығайту сөз болды
«Түркістан-ақпарат»