Жаңалықтар

«Қазақ әдебиетіндегі модернизм»

ашық дереккөзі

«Қазақ әдебиетіндегі модернизм»

Модернизм және постмодернизм тәрізді әдеби стильдер, Европа мен орыс әдебиеті мен өнерінде өткен ғасырдың басында терең зерттеліп, өзіндік орны мен бағасын алған. Олар үшін бұл әдеби әдістердің ерекшелігі таңданыс тудырмайды. Ал қазақтың жазба әдебиеті кешеуілдеп дамығандықтан, қазақ әдебиетінде модернизмнің бар жоғы ұзақ жылдар бойы күмән тудырып келді. Ол қазақ әдебиетіне «бөтен стиль» деген теріс пікірлер болды. Профессор Бақыткамал Қанарбаеваның «Қазақ әдебиетіндегі постмодернизм» деп аталатын зерттеуі сол күдікті сейілтіп, кеңестік дәуірде, қазақ әдебиетінде де социалистік реализм дәстүрінен тыс үлгілер болғанын дәлелдеді.Сондықтан кітап осы қалпында ғылыми-зерттеу ғана емес, жоғары оқу орындарының студенттеріне көмекші оқу құралы ретінде таптырмайтын зор еңбек болып отыр. Оның себебі зерттеудің әр тарауларының соңына берілген тапсырмалар студенттер мен магистранттардың  оқығандарын түйіндеп, ой дамытуларына мүмкіндік береді. Зерттеуші- ғалым осыған дейін де 2010 жылы «Қазақ әдебиетіндегі модернизм» деп аталатын көмекші оқу құралын жарыққа шығарған еді. Бұл кітапта модернизм жайлы жалпы түсінік бере келіп, одан тарайтын әдеби ағым түрлерімен таныстырып, қазақ ақын-жазушыларының еңбектеріне талдау жасаған. Оған онға жуық қазақ ақын-жазушыларының шығармалары алынған болатын.Жиырма үш баспа табақ көлемінде жарық көріп отырған Бақыткамал Қанарбаеваның осы аталған еңбегі сол кітаптың заңды жалғасы. Төрт бөлімнен тұратын ғылыми туынды. Бірінші бөлімінде модернистік мәтіндерді қандай белгілерінен тануға болатындығы жайлы ғылыми түсінік бере отырып, оның түрлі тәсілдерімен таныстырып, белгілерін берген. Екінші бөлімі «Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысындағы модернистік лирикалар мен әңгімелер» деп аталады. Онда Сәкен мен Жүсіпбектің, Дөнентаев пен Әуезовтың әңгімелеріндегі модернистік тәсілдер талданған.Отызыншы жылдардан кейін қайта түзетулерге ұшыраған Мұхтар Әуезовтың модернистік әңгімелеріндегі социалистік реализм дәстүрінің алғашқы белгілері мен сыншыл реализмнің ара қатынасы салыстыра сараланған. Сондай-ақ Мағжанның модернистік мәтіндері мен орыс модернистерінің ортақ байланыстарына типологиялық салыстырулар жасалған.Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі мен бірнеше әңгімелері модернистік мәтін ретінде терең талданып дәлелденген. Жазушының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық өмір қайшылығын жеткізудегі шеберлігіне жоғары баға берілген. Сондай-ақ әр бөлімнің соңына берілген тапсырмалар арқылы студенттер мен магистранттар жүйелі ой қорыта алады. Кітаптың екінші бөлімінде 1960–шы жылдардан кейінгі қазақ әдебиетінде бас көтерген постмодернизм стилінің тамаша үлгісі ретінде, Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» романы мазмұндық, тақырыптық және стильдік жағынан талданып, дәлелденген.Жазушының жаңашылдық әдісі ашылған. Роман төңірегінде талас тудырған себептердің мән-жәйіне жан-жақты түсінік бере келіп, мысалдар келтірген. Мәтінді талдау барысында, постмодернистік кейіпкерлердің образдық ерекшеліктері ашылған.Оны жасаудағы автордың жаңашылдығы көрінген.Кезінде көп талас тудырған романның тілдік ерекшелігінің себеп-салдары айқындалған.Жазушының жеке басына байланысты деректерде бар. Кітаптың үшінше бөлімі «Постмодернистік әңгімелер» деп аталады. Онда  қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің Европа және орыс әдебиетіндегі үлгілерден ерекше екендігі екшелген. Қазақ әдебиетіндегі посмодернизмнің оларға мүлде ұқсамайтын ұлт болмысына тән айырмашылығы айқындалған. Батыс Европа мен Америка әдебиетінен таралған постмодернистік стилді қазақ жазушылары қалай пайдаланғаны және не үшін алғандығына саяси әрі әдеби тұрғыданда талдау жасалып, баға берілген. Оған Зейін Шашкиннің әңгімелері мен Оралхан Бөкеевтің әңгімелері алынған.Ал кітаптың төртінші бөлімінде, қазақ әдебиетіндегі постмодернистік стилге гуманизмді қосу арқылы қазақ прозасына жаңа тәсіл енгізген, Илья Жақановтың жазушылық ерекшелігіне жоғары баға беріліп, шығармасы талданған. Сондай-ақ күні бүгінге дейін зерттелу жағынан кенжелеп келе жатқан элегия жанрының Мұқағали Мақатаев поэзиясындағы түрлеріне мәтіндік талдау жасалып ғана қоймай, оған жаңаша баға берілген. Мұқағалидың қазақ әдебиетіндегі бірден-бір элегик дара тұлға екендігі талдауға алынған өлеңдері арқылы дәлелденген. Бұл ақынның қазақ әдебиетіндегі тың серпілісі ғана емес, қоғамдық олқылықтарды әшкерлеудегі саяси сипаты, әдемі әдісі болғандығына оқырмандардың көзін жеткізген. Кітап соңында осы бөлімдердегі ғылыми ойлар қортындылана келіп, модернистік және постмодернистік стильдердің қазақ әдебиетін дамытып, әлем әдебиетімен деңгейлестірудегі маңызы айқындалған. Ендеше бұл тек жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына ғана қажетті кітап емес,  осы саладан мол мағлұмат алғысы келетін барлық  мәдениет пен өнер мамандарына таптырмайтын еңбек екендігі айқын. Кітаптың таралымы 200 дана.