Бауыржан Есебаев, композитор: Қазақ әлі де әнге кірпияздықпен қарайды

Бауыржан Есебаев, композитор: Қазақ әлі де әнге кірпияздықпен қарайды

Бауыржан Есебаев, композитор: Қазақ әлі де әнге кірпияздықпен қарайды
ашық дереккөзі

Өнерсүйер қауым оның әндерін жатқа айтқанымен, автордың өзі туралы бейхабарлау. Өйткені ол көптің назарынан тысқары жүргенді құп көреді. Өзінен гөрі шәкірттері, сөзінен гөрі әндері алда жүргенін қалайды. Сондықтан сұхбат алғысы келген тілші қауымның бетін талай мәрте қайтаруға тура келген. Досымжан Таңатаровтың орындауындағы «Ақ сәулем», Медеу Арынбаев тамылжытатын «Дариға жүрек», Саят Медеуовтің репертуарындағы «Ана», Сержан Әлидің жұлдызын жаққан «Моншақтым», Қайрат Нұртас асқақтататын «Ауырмайды жүрек», Ернар Айдар шырқайтын «Жарығым-ай», Алтынай Жорабаева құйқылжытатын «Перзент парызы» сынды халықтың жүрегінен орын алған әсем әндердің авторы, белгілі композитор Бауыржан Есебаев өтінішімізді жерге тастамай, «Түркістанның» оқырмандарына арнап сұхбат беруге келісті.

Продюсерге айналған полицей

– Бауыржан мырза, ақпарат құрал­дарында сіз жайлы дерек жоқтың қасы. Бүгінгі сұхба­ты­мыз осы олқылықтың орнын тол­­­тырады деп ойлаймын. Зама­науи тілмен айтқанда өңкей «хит» әндердің авторы Бауыржан Есе­баев­ты дүниеге әкелген қай өңір, тәрбиелеп өсірген, бойына музы­каға деген махаббатты дарыт­қан қандай орта?

– Менің негізгі мамандығымның өнер­ден ауылы алыс, заңгермін. Қылмыстық тергеу бөлімінде қызмет атқарғандықтан болар, сырт көзден тасада жүруге тырысамын, өзім жайлы ақтарылып айта бермеймін. Бұрынғы қызметтен қалып қойған қасиет қой, теледидардан да, газет-журналдан да көп көріне бергім келмейді. Сондықтан ғаламторда мен жайлы ақпараттың болмауы таңғаларлық жайт емес.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келдім. Кішкентай күнімнен домбыра тартуды үйрендім, аспапқа қосылып ән де шырқап жүрдім. Бірақ ауылымыз кіл өнерлілердің ауылы болғандықтан, менің әу дегенім ешкімге таңсық болған жоқ. Көптің бірі ғанамын. Мектепті бітірген соң, 1992 жылы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Студенттік жылдарым нағыз өнер ортасында өтті. Белгілі әншілер Құрмаш Маханов, Досымжан Таңатаров, өз қолтаңбасы бар ақын Олжас Отар, Мадина Сағымбекова, Назгүл Дүйсенбаева, Индира Расылхан, Гауһар Қаспақова, Ғани Мәтебаев сынды талантты қыз-жігіттермен аралас-құралас болдым. Кейіннен Досымжан Таңатаров біздің топқа ауысып келген соң, өнерге тағы бір қадам жақындай түстім. Досымжанның бірнеше әні шығып, халыққа танылып үлгерген кезі болатын. Өзі баратын концерттерге мені де ертіп барып жүрді. Бірінен бірі өтетін кіл дарынды ақын-сазгерлер, әншілермен танысқан сайын өнерге ықыласым арта түсті. Алғашқы әндерім сол уақытта жарық көре бастады. Жазғандарымның бәрін Досымжан сахнаға алып шықты, халық жақсы қабылдап жатты. Бірақ ол әндердің авторы өзім екенін көпке дейін жария еткен жоқпын. Тіпті, менің әндерімді шырқап жүргенін Досымжан да білген жоқ. Бір күні досым шындықты айтпасқа жанымды қоймады. «Қазақ радиосы» сұрап жатыр, кімнің әні екенін айт!», – деп талап етті. Айттым, бірақ сенбеді. «Осынша уақыт қасымда жүріп, ән жазатыныңды қалай жасырып келдің?», – деп таңғалды.

Университетті бітірген соң әскер қатарына алындым. Кішкентай күнімде құқық қорғау саласында жұмыс істеуді армандайтынмын. Форма кисем, погон тақсам, генерал шеніне дейін жетсем деген бала арман­ды қуып, әскерден келген соң полицияға жұмысқа кірдім. 4 жыл қызмет етіп, қатардағы қызметкерден аға лейтенант шеніне дейін жоғарыладым. Басқа салада жүрсем де, музыкадан алыстаған жоқпын. Әндерім халық арасында кең тарап, «хит-парадтарда» топ жара бастады. Бірақ уақыт өте келе екі саланы қатар алып жүре алмайтынымды түсіндім. Қылмысты тергеу кезінде, рейдтер жүргізу барысында: «Аға, сіз композитор емессіз ба?» деп жастар танып жатқанда, өзімді ыңғайсыз сезінетінмін.

Не істерімді білмей ойланып жүрген күндердің бірінде өнеріме жанашырлық танытып жүре­тін полковник Болат Күлекеев шақырып алып: «Әй, композитор, сен Алматыға кет! Бөтен ортада адаспай, өз үйіріңе қосыл. Полиция сенсіз де күн көреді», – деді. Басым бұрынғыдан бетер қатып кетті. Қиын кезең болатын. Жылы орнымды тастап кетсем, ол жақта мені жайлы өмір күтіп тұрғанына кім кепіл? «Алматыдан өз орныңды таппасаң, Таразға қайтып келесің, қайтадан өзім жұмысқа алам», – деп шорт кесті. Қалтама ақша салып, ақ батасын беріп, Болат аға мені Алматыға шығарып салды.

Алматыға келгенде алдымнан Нұрлан аға Өнербаев шықты. Менің «Ақ бұлттан жасалған» атты әнімді орындап жүрген кезі болатын. Жаңа ортаға бейімделуіме қолынан келгенше көмектесті. Жаңа әндерімді көріп, мына туындыларыңды пәленшеге, түгеншеге көрсет деп жөн сілтеді. Айтқан адамдарына барып, әнімді ұсындым. Олар ұнатты да, қолыма бірден әннің ақысын санап берді. Бір ән үшін бір ай жүріп алатын жалақымнан да көп ақша алғанда сенер-сенбесімді білмедім. Алла берген қарым-қабілетті бағаламай жүргенімді түсіндім. Өнерге, музыкаға құрметім еселене түсті. Өз айдынын енді тапқан балықтай өнер әлемінде емін-еркін жүзе бастадым. Композиторлықтан бөлек, продюсерлікті де қолға алдым. Әндерім жаңа есімдердің танылуына сеп болып жатқанын көріп, жұмыс істеуге құлшынысым тіпті артты. Қоржыным «Жыл композиторы» сынды атақтармен толығып жатты.

Шаруалармен шапқылап жүрген күннің бірінде бейтаныс кісі телефон шалып, тез арада «Анкара» қонақ үйіне келуімді сұрады. Жарытып ештеңе түсіндірмеді. Бірдеңе болып қалған екен деп, басқа істі ысырып қойып, жүгіріп бардым. Қонақ үйдің бірінші қабатына өңкей өнер адамдары жиналып қалыпты. Марапаттау салтанаты өтіп жатқанын байқадым. Бір уақытта «ҚР Мәдениет қайраткері» атағы тапсырыла бастады. Атаққа лайық деп танылғандардың арасында менің де есімім аталды. Аң-таңмын. Өнерге сіңірген азын-аулақ үлесімнің еленгеніне шын қуандым.

– Сіздің есіміңіз аталса, ең әуелі қазақ эстрадасында жарқырап көрініп жүрген жас әнші Ернар Айдар ауызға ілінеді. Бауыржан Есебаевтың әндері Ернардың бағын ашса, ол сіздің, яғни ұстазының есімін көпке танытып жүр. Композитор мен әншінің бірлігі неден бастау алды?

– Шығармашылықта бірізділік деген ұғым бар. Бұл – әншінің бір композитор және бір өңдеушімен тұрақты жұмыс жасауы. Марқұм ұстазым Бағлан Омаров: «Өнерде бірізділік болуы керек, әйтпесе өз жолыңды таба алмайсың», – деп үнемі айтып отыратын. Расында да, бүгін бір өңдеушімен, ертең екіншісімен жұмыс істейтін болсаң, репертуарыңда жүйелілік деген болмайды. Әр жолы әр композиторға жүгіре берсең де, шығармашылығың ала-құла, қойыртпақ дүниеге айналады. Әсіресе, өнерге енді ғана қадам басып жатқан жас әншілер халыққа танылғысы келсе, осы қағиданы естен шығармауы керек.

Ұстазымның ақылын тыңдаған соң, дарынды жастардың бірімен тұрақты жұмыс істесем деген оймен жүргем. Бір күні Қайрат Нұртастың продюсері телефон шалып, бірлесіп еңбектенуге ұсыныс білдірді. Бірлігіміз өз жемісін беріп, Қайратқа 16 ән жаздым. Бәрі де өз тыңдарманын тапты. Одан кейін Сырым Исабаев, Сержан Әли мен Мақпал Дихамбаеваға арнап әндер жаздым. Бірізділіктің арқасында олар да өз жолдарын қалыптастырды.

Ернар Айдарды белгілі өңдеуші Қуаныш Құрманбаев ертіп әкелді. Таудай талабын көріп, қолдау көрсеткіміз келді. Күні бүгінге дейін оған арнап 30-ға тарта ән жазыппын. Бірізділіктің бір жақсы жері – әншінің репертуарында не артық, не жетіспейтінін біліп отырасың. Өйткені әндерінің бәрі өз қолыңнан шыққаннан кейін бір тақырыптың бірнеше мәрте қайталанбауына, алуан түрлі бояулардың болуына баса мән бересің.

– Қазір Ернар Айдардың ән қоржынында сіздің 30 әніңізден басқа не бар?

– Әнші өзінің бағыт-бағдарын тауып, халыққа кең танылғаннан кейін тыңдарман оның қылығын да, үнін де жақсы көріп тұрады. Қандай ән айтса да көпті ұйыта алатындай дәрежеге жетеді. Ернар бүгінде сондай деңгейге көтерілді деп ойлаймын. Сондықтан қазір тек менің әндеріммен шектеліп қалмай, басқа композитор мен өңдеушілермен де жұмыс істегенін құптадым. Екі жыл қатарынан жеке концертін өткіздік. Бүгінде Ернардың ән қоржынында 80-нен астам ән бар.

– Көктемде «Бауыржан Есебав­тың продюсерлік орталығы фильм түсіргелі жатыр» деген ақпарат кең тарады. Рөлдерді сомдайтын актер­лер іріктеліп қойғанын да естідік.

– Иә, бір емес үш сценарий жазыл­­ды, рөлдер бекітілді. Түсірілім жұмыстарын жазда бастап кетеміз деп ойлағанбыз. Бірақ әлемнің тіс қаққан режиссерлері басшылыққа алатын кітаптарды оқып, сценарийдің, режиссураның қыр-сырына қаныққан сайын дайындығымыздың шикі екенін түсіндім. Мәселен, «Оскар» сыйлығының 49 иегерін, «Эмми» жүлдесінің 168 иегерін тәрбиелеген белгілі сценариші Роберт Макки өзінің «История на миллион долларов» атты кітабында сценарий жазу үшін жазу өнерінен бұрын психологияның қыр-сырын меңгеру керегін айтады. Ол Зигмунд Фрейдтің, Альфред Адлердің, Джозеф Кэмпбеллдің еңбектерін оқуды ұсынады. Соларды оқи отырып, қазақстандық кино өндірісі әлем киногерлерін табысқа жеткізген қарапайым қағидаларды қолданбай отырғанына көзім жетті. Барынша сауатты әрі сапалы дүние жасайын деген оймен түсірілімді шегере тұрғанды жөн көрдік. Осы уақыт аралығында ізденісті одан әрі тереңдете түстім. Голливуд актерлері мен режиссерлерінің қолынан түспейтін Джэйн Барнуэлдің, Уильям Индиктің, Чаббактың кітаптарын кемірдім. Түсіргелі отырған фильмге қажетті ілім-білімді жинап болғандаймыз. Алла қаласа, жуырда түсірілім жұмыстарына кірісеміз. Әзірге басты рөлдерге өз шәкірттерім – Қайрат пен Ернарды бекітіп қойдым. Егер жазылған сценарийдің үдесінен шыға алса, солар ойнайды. Көрерменге айтқымыз келген негізгі ойды жеткізе алмаса, басқа актерлерді тартамыз.

– Демек, бұл фильм табыс табу мақсатымен түсіріліп жатқан көп киноларға ұқсамай ма?

– Өнерде жазылмаған заң бар: автордың адами ұстанымы ерте ме, кеш пе, туындының бетіне қалқып шығады. Мейлі режиссер немесе продюсер болсын, жасаған дүниесінен көздеген мақсат-мұраты айқын көрініп тұрады. Қалтаның қамын ойласа да, өнердің өрісін кеңейткісі келсе де, ниетін аңғармай қалу мүмкін емес. Сондықтан фильміміз түсіріліп, прокатқа шыққан соң көп ұзамай Есебаевтың діттегені де көпке мәлім болады деп ойлаймын.

«Көңіліндегісін тапсаң, халық сенен ештеңесін аямайды»

– Қазір эстрадада әнші көп болған­дықтан болар, даралануға ұмтылыс, өз ерекшелігімді көр­сет­сем деген жанталас басым. Бірақ бұл құбылыстың соңы көп жағдайда жақсы нәтижемен аяқталмайды: асыра сілтеушілік, дарақылық, жасандылық бірінші планға шығып кетеді. Өз жолын таппай сенделген жастардың ортақ қателігі неде?

– Олардың ортақ қателігі – халық­пен жұмыс істей алмауында. Әншінің ұсынатын тауары – ән, тұтынушысы – тыңдарман. Демек тауарыңызға сұраныс артуы үшін көптің көңілін табуыңыз керек. Әніңізді тыңдайтын да, тойына шақырып, ақшаңызды беретін де – халық. Демек, халықпен жұмыс істеудің тәртібін үйренбейінше, табысқа жетемін деу бекершілік. Көпшіліктің алдында қалай жүріп-тұру керек, қалай киіну керек, жұртшылықпен сөйлесудің мәдениеті қандай – бәрін меңгеріп алу қажет. Одан кейінгі және ең басты талап – тауарыңыздың сапалы болуы, әннің сөзі мен сазының шебер үйлесуі. Қазақ ықылым заманнан әнмен ұйықтап, әнмен оянған. Затаевичтің зерттеуі бойынша халқымызда 5 мың күй, 12 мың ән бар екен. Бірнеше ғасыр өтіп, заман жаңарған соң қазақ ән түсінуден қалды десе, сенесіз бе? Әрине, сенбейсіз. Халқымыз әлі де әнге аса кірпияздықпен қарайды, әншіге қояр талабы да жеңілдеген жоқ. Біз қазір сол талаптардың үдесінен шыға алмай, тыңдарманға керекті дүниені таба алмай отырмыз. Сол дүниені тапқан кезде біз халықты оята аламыз. Қазақты дархан, жомарт халық деп бекер айтпайды. Көңіліндегісін дөп бассаң, ол сенен ештеңесін аямайды.

Жастарға айтарым, батыстың мәде­ние­тімен ауызданған мамандар қазаққа керегін ұсына алмайды. Сондықтан халықтың өз ортасынан шыққан композиторлар мен өңдеушілерге жүгініңіздер дегім келеді. Осы орайда «Қазақ радиосының» алтын қорынан тыңдаған Шәмші Қалдаяқовтың мына бір сөзі ойға оралады: «Балаларым да менің жолымды қуып, композитор болғысы келді. «Сендер композитор бола алмайсыңдар. Өйткені ауылда өскен жоқсыңдар» дедім оларға», – дейді композитор. Ауылда өсу дегеніміз не? Халықтың боямасыз тірлігін тану, нені жақсы көретінін, нені жаратпайтынын білу. Қазақты жат ырғақтармен елітіп, батыстың бояуларын тықпалайтындар кеше де болған, бүгін де бар, ертең де болады. Одан үркудің қажеті жоқ. Тыңдарман өзіне керегін елеп-екшеп алады.

– Өнерде шет пен шекара, өлшем жоқ дейміз. Десе де, әр әншінің, әр композитордың ұмтылатын өз биігі болады, онсыз өсім, алға жылжу жоқ. Сіз көздеген биіктік қайсы?

– Тосылтатын сауал екен. Өнер­ге биіктікті аңсап келген жоқпын. Бұл салада генерал болуды көксемей­мін. Мақсатым біреу ғана – өзімде барды өзгемен бөлісу. Шамам келгенше, әндерім арқылы көпшілікті имандылыққа тәрбиелеуге, ұлттың ұлт екенін есіне салып отыруға тыры­самын. Аяғымыз тиген төбенің бәрін қазір биік деп жар салғанымызбен, оның биік не аласа екенін ұрпақ шешеді.

– Маусым айында Астанада «Муз-Тв» арнасының жүлде тапсыру сал­танаты дүркіреп өтті. Бұрын-соңды мұндайды көрмедік деп отандық әншілер аузын ашып, көзін жұмды. Бұл қазақ эстрадасының артта қалып қойғанын меңзей ме, әлде көрсеқызарлық, жағынып-жалпақтау басым түсті ме?

– Бұл мәселеге бір ғана қырынан қарауға болмас. Ұлттық тұрғыдан алсақ, аталмыш шараның пайдасынан зияны көп. Экономикалық тұрғыдан салмақтасаңыз, ысырабы мол. Ресей эстрадасының тайлы-тұяғымен Астанаға көшіп келуінің сыры неде? Өйткені біз де олардың бір нарығымыз. Олар салған әнге кешегі аға-жеңгелеріміз қалай елітсе, бүгін біз де дәл солай ұйып тыңдаймыз. Бүкіл Астана ресейліктермен бірге ән салғанын көзімізбен көрдік. Бірінші рет естіп тұрған әнін ешкім қосылып шырқай алмайды. Демек, Ресейдің әндері қазақтың қара домалақтарының құлағында күні-түні сайрап тұр. Иә, музыкада шекара жоқ дейміз. Өнердегі өлшемдермен бағамдасақ, олар ұтты. Халықтың көңіліндегісін тапты. «Хит» жасау үшін төгілген тер мен қаражатты ақтап алу үшін келді. Әндерін айтты да, қалталарын қампайтып кетті. Ұтылған – біз. Меніңше, бұл қазақтың көп ысырабының бірі болды да қойды. Сол ақшаны жұмсайтын жеріміз жетіп артылады. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін өкінгеннен не пайда?

– Сол шара қазақ әншілерінің ауызбіршілігіне де сын болғандай. Келісесіз бе?

– Ресейліктер ұйымдастырған кешке қазақ эстрадасының бір тобы барып, бір тобы қатысудан бас тартқанын меңзеп тұрған боларсыз. Бірлігімізге сызат түсіргені өз алдына, ең сорақысы, бұл шара қазақтың өнерін сыйлата алмайтынымызды көрсетті. Ресейліктер Астанаға келіп концерт қойса, біз өз әнімізді Мәскеу төрінде шырқайтын дәрежеге көтеруіміз керек еді. «Ұлытауды» насихаттағандай шын дарындарымызды шеттегілерге таныстырған жоқпыз. Қазақ әні мен әншісінің өзгелердікінен артық түспесе кем түспейтінін көрсететін «Азия дауысы» сынды байқауларды жаңғыртпадық. Сол қателігіміздің азабын тарттық деуге болатын шығар.

–  Ән ұрлау деген бір кездері кең өріс алған еді, сол теріс әдеттің белгілері қайта біліне бастады. Өзге­ден, бір-бірінен ұрлайтын да, әуенін, кейде тұтас әнді барымталайтын да – көбіне қазақ әншілері. Өзге елдің сахнасында барымташы әншілер жоқ па, әлде олар біз секілді былық-шылығын дабыра қылмай ма?

– Ән ұрлау деген тіркесті қолдан­бай-ақ қойған жөн деп ойлаймын. Өйткені оның мағынасы сіз атап берген құбылыстардан алшақ. Әннің түпнұсқасын автордың рұқсатынсыз пайдалану деген дұрыс. Бұл бізде ғана кездесетін жағдай ма деген сауалыңызға келер болсақ, алға тартар мысал көп. Мәселен, Реджеп Тайып Ердоғанның сайлауалды үгіт-насихаты кезінде түріктер ноғайдан шыққан ақын-композитор Арсланбек Ибрагимовтың «Домбыра» атты әнінің сөзін өзгертіп, музыкасын сол күйі пайдаланды. Рухты көтеретін әнді тұтас түрік елі аяқтан тік тұрып тыңдады. Кейін ән автордың рұқсатынсыз пайдаланылғаны мәлім болғанда, Түркия президентінің өзі Арсланбек Ибрагимовты шақырып алып, ат-шапан айыбын төледі. Ресейден бір мысал. Кезінде Киркоров «Дива» атты әнді шырқағанда оның авторына 30 мың доллар айыппұл төлегені де жұртқа мәлім. Жуырда ғана Стас Михайловтың әнін түріктің бір ән-би оркестрі рұқсатсыз орындағаны белгілі болды. Айтпағым, бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан құбылыс. Оны дабыра қылып айту, өнер адамдарын бір-біріне айдап салу ешкімге абырой әпермейді. Өйткені олар аз уақыттан кейін бір-бірінің тілін тауып, қайта жарасып кетеді де, жаман атақ айдап салушыға бұйырады.

Әннің мәтінін көшіріп алу құқық­бұзушылық боп саналғанымен, өзге композитор қолданған сарынды қайталау тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселен, Кененнің сарынын Нұрғиса Тілендиев қайталады, Тілендиевтің әуенін Алтынбек Қоразбаев пайдаланды деген әңгіме тарады. Есім хан тұсында өмір сүрген Марғасқа жыраудың сарынын Махамбет пайдаланғанын да зерттеушілер дәлелдеуге тырысты. Яғни, бұл ертеден келе жатқан дәстүр. Шетелдіктер өнердегі мұндай үрдісті заңмен реттеп қойған. Мысалы, пайызбен есептегенде ән иірімдерінің 25 пайызы өзге композитордан алынса, авторлық қоғам сіздің қаламақыңыздың 25 пайызын сол автордың есепшотына аударады. Барлығы екі автордың келісімі арқылы жүзеге асырылады. Бір емес, бірнеше композитордың иірімін пайдалансаңыз, сәйкесінше табысыңыздың көлемі бірнеше есе кеми береді. Шетелдің кейбір «хиттарында» 8 автордың үлесі бар көрінеді.

– Қазір тойға ғана лайықтап ән жазатын композиторлар мен тойда ғана ән шырқайтын әншілердің шоғыры қалыптасты. Ең сорақысы, сол әндерді ерте ме, кеш пе сахнаға алып шығады. Даңғыр-дұңғырды тойдан да, сахнадан да естіген тыңдарманның құлағы бітеліп, бір күні мүлдем ән тыңдаудан қалмай ма?

– Нарықтың бір түрі болғандықтан, қазір өнерге де толық еркіндік берілді. Интеллектуалдық өнімдердің айналымын бақылайтын ешқандай мекеме жоқ, көркемдік кеңес ескі заманның естелігі болып қалды. Бұл берекесіздік бүгін-ертең тыйылмайды, біразға дейін созылады. Уақыт өте келе нағыз өнер үшін жүргендер екшеліп шығады, өзгелер қаласа да, қаламаса да соларға қарап бой түзеуге мәжбүр болады. Өйтпеген жағдайда сахнамен қош айтысуларына тура келеді.

– Халықтың адамы болған­дық­тан тойда көп жүресіздер. Қазір қазақтың той-томалағында ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді, жөн-жоралғыларымызды жаңа заманға лайықтау үрдісі қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесі көңіл толарлық па?

– Барлығы бірдей көңілге қонымды дей алмаймын. Бірақ салт-дәстүріміздің қаймағын бұзбай, жөн-жоралғының мәнін бұрмаламай қаз-қалпында сақтаған бірнеше тойдың куәсі болдым. Үлгілі деуге лайық тойлардың бірі – Бейсенбаев Қайрат деген ағамыздың қызының ұзату тойын ұйымдастыруға өзім де атсалысқан болатынмын. Қазақтың Қыз Жібегі мен Төлегені – Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешованың ақ батасымен ашылған тойда у-шу, бей-берекет жүріс деген болған жоқ. Ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді халықтың есіне салуға тырыстық, ойымызды іске асыруға театр актерлері көмектесті. Дайындыққа тура бір ай уақыт жұмсаған екенбіз. Кейін сол тойдың дискісін қолқалап сұрап, өз тойларын дәл солай өткізгісі келгендер көп болды. Бірақ қанша ақша жұмсаса да ондай жоғары деңгейде ұйымдастыра алмады. Өйткені жеткілікті уақыт арнап, жіті көңіл бөлген жоқ. Әйтпесе артық ақша шығындамай-ақ, тойды бас-аяғын жинақы, қызықты әрі тағылымды етіп өткізуге әбден болады. Қазіргі тойлардың барлығы дерлік жауыр болған бір айналымнан шыға алмайды: асаба сөз береді, қонақтар тілек айтады, әнші ән салады. Осы тізбек қайталана береді. Арасында «сен ал, мен алға» кезек беріледі. Қазақ той-томалағының бүгінгі сиқы – осы. Бұл да барды бағалаудан қалып бара жатқанымызды дәлелдесе керек.

«Қазақ және Қазақстан эстрадасы болып екіге жарылдық»

– Кей әріптесіңіз ортаңқол ән­де­рін ақтап алу үшін «Біз халық­тың сұранысына сай дүние беріп отырмыз» дегенді жиі алға тартатын болды. Сонда тыңдар­манның талғамы тәрбиеге көнбей ме?

– Композитор немесе әнші халықты тәрбиелей алады деп кесіп айту қиын. Белгілі психолог А.Маслоу: «Барлық ауруды бір дәрімен емдей алмайсың» деген екен. Сол сияқты тыңдарманның бәріне бір әнді тыңдатам деу бос әурешілік. Әлеуметтік және интеллектуалдық тұрғыдан халық бірнеше топқа жіктеледі. Олардың қызығушылығы, құбылыстарды қабылдау деңгейі әртүрлі. Десе де, тыңдарманның бәрін бірдей елітетін әндер болады. Оларды заманауи тілде «мегахит» деп атап жүрміз. Әні де, сөзі де сапалы әндерді мегахитқа айналдыру арқылы ортаңқол әндердің ықпалын азайтып, көпшіліктің талғамына өзгеріс енгізе алар едік. Жаңадан шыққан әндер туралы мағлұмат беріп, сан мен сапаны таразылап отыратын бір кездегі «Ән мен әнші» секілді бағдарламалардың болмауы да музыкаға деген талғамның төмендеуіне себеп.

– Нарық тілімен айтсақ, ән де – тауар. Мәселен, киімнің бағасы оны тігу технологиясының қиын­дығына, матасының сапа­сына, пайдаланылған жіп пен түйме-моншақтың түр-түсіне қарай анықталады. Сырттан тасы­малданса, жол шығыны қосы­лады делік. Ал әннің бағасы қалай белгіленеді?

– Дұрыс айтасыз, еңбектің кез келген түрі қиындығына қарай бағалануы тиіс. Дене еңбегіне ақы тағайындаудың ежелден қалыптасқан қағидалары күні бүгінге дейін сақталған. Ал ой еңбегін бағалау крийтерийлері әр кезеңде әр түрлі. Идея дегеніңіз көзбен көріп, қолмен ұстайтын дүние болмағандықтан, оның құнын купюраға айналдырудың арнайы бекітілген өлшемдері жоқ. Интеллектуалды меншік төңірегінде дау-дамайдың көп болатыны сондықтан.

Өзге композиторлар әндеріне қалай баға белгілейтінін білмей­мін. Мен жаңадан жазылған шығар­мамның бағындырар биігін халыққа тарамай тұрып-ақ шамалаймын. Халық жаппай жатқа айтатын ән бола ма, жоқ әлде орта деңгейлі әндердің қатарынан табыла ма – алдын-ала сеземін. Әншінің атағын аспандатып жіберер ән боларын біліп тұрсам, неге мен оның құнын көтермеуім керек? Әннің бағасына сатып алуға тілек білдірген өнерпаздың танымалдығы да әсер етеді. Мәселен, тойға, концерттерге көп шақырылатын әншілерге қымбатырақ сатылуы мүмкін. Өйткені олардың бір тойдан алатын қаламақысы бір әннің құнынан екі, тіпті бес-алты есе көп. Оның үстіне, олар сенің туындыңды қаншама тойға алып шығады, бірақ саған бір-ақ рет төлейді. Жағдайын айтып келген жастарға әнімізді тегін беретін кездер де аз емес. Әсіресе, болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты ұл-қыздарды қолдау керек деп ойлаймын. Әнің арқылы халыққа кең танылып, өнер әлемінен өз орындарын тауып жатса, олар жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмытпайды.

– Өнердің қай түрін алсақ та, негізгі функциясы – эстетикалық тәрбие беру, яғни сұлулыққа, тазалыққа тәрбиелеу. Бүгінгі қазақ эстрадасы осы міндетті орындап отыр ма?

– Қазір сахнамыз қазақ эстрадасы және Қазақстан эстрадасы деп екіге бөлініп кетті. Қазақстан эстрадасы деп отырғанымыз – батыстың мәдениетін ұстанғандар. Олар ұлттық бояуға мән бермейді, жүріс-тұрыстары мен киім киістері тым еркін, әндерінің салмағы аз. Ал қазақ эстарадасы – Ақан Сері, Біржан сал салған жолды жалғастырушылар, өнерді ұлттық құндылықтардан бөліп-жармайтындар. Ұлттық қасиеттер құрметтелетін ортада тәрбие, тағылым болмауы мүмкін емес. Сондықтан қазақ эстрадасы өзіне жүктелген негізгі міндетті абыроймен орындап келеді деуге болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА