Жаңалықтар

Тоғызқұмалақшылар табысты оралды

ашық дереккөзі

Тоғызқұмалақшылар табысты оралды

Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен иық теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Археолог-ғалымдар ойынның пайда болу мерзімі 4000 жыл шамасын қамтиды деген түрлі деректерді алға тартып жүр. Не де болса көшпелі қазақтың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін тоғызқұмалақтың тарихы тереңде жатқаны анық. Бұл күнде ұлттық ойынға деген сұраныс өте жоғары. Ең алғаш тоғызқұмалақтан елімізде жекелей чемпионат 1974 жылы өткізілсе, 2009 жылдың 19-26 қазан аралығында Шымкент қаласында Азияның тұңғыш чемпионаты өтті. Тоғызқұмалақтан биылғы Азия чемпионаты  Моңғолияның Баян-Өлгей қаласында жалауын желбіретті. Дүбірлі дода 25-31 шілденің аралығында өтті. Чемпионатқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қытай және Моңғолия спортшылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Халықаралық сипат алған ұлттық ойынды Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Моңғолия тоғызқұмалақ федерациясы және Баян-Өлгей аймақтық әкімшілігі ұйымдастырған. Әр елден жиналған 180-ге жуық спортшы тоғызқұмалақтан Азия чемпионын анықтау үшін тартысты өнер көрсетті. Олар тоғызқұмалақтың классика, блиц және рапид түрлері бойынша арнайы жүлделерді сарапқа салған. Сондай-ақ, ересектер, жастар және жасөспірімдер топтарында сайысқа түсті. Апта бойы жалғасқан ақыл-ой сайысында еліміздің Республикалық «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» құрама командасының тоғызқұмалақшылары биік белестерді бағындырды. Ересектер арасында өнер көрсеткен 16 жастағы ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова рапид аталымы бойынша 1-орынды жеңіп алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Сонымен қатар, блицтан  жастар арасында қызылордалық Дамир Ахметов 1-орын иеленді. Бір айта кетерлігі, Дамир жасөспірімдер арасында өткен рапид бойынша да 1-орынға ие болды. Батыс Қазақстан облысының тоғызқұмалақшылары да Азия чемпионатынан құр қол қайтқан жоқ. Ел намысын қорғаған Әсет Қайыржанов 2-орын алды. Тоғызқұмалақтың 15-19 жас аралығындағы жастар арасында өткен рапид түрі бойынша Павлодардан келген Нұрсұлтан Сүлейменов 1-орын, Түркістан облысының туын көтерген Саят Жандарбек 2-орын еншілесе, тағы бір түркістандық Бейбарыс Батырбек 3-орынды қанағат тұтты. Қыздар арасындағы дәл осы аталымда Қарағанды облысының шоқтығы биік болды. Аңсаған  Қожанәсіп 1-орынды өз облысына тарту етті. Астанадан барған Құндыз Есіркеп  елорда тұрғындарына 2-орынды сыйлады. Классика аталымында 15-19 жас арасында қыздардан Аружан Салман (Түркістан облысы) 2-орын, Гүлнәр Базаралиева (Астана қаласы) 3-орынға қол жеткізді. Жасөспірімдер арасында   Алмас Тілегеновтің  жарқырай көрінгенін атай кеткен жөн. Ол тоғызқұмалақтың классика және блиц түрі бойынша екінші орынды алды. Алмас елішілік ойындарда да жақсы көзге түсіп жүрген жас. Азия чемпионатында ел үмітін ақтағаны оны жаңа биіктерге ұмтылдырары даусыз. Жалпы, Республикалық «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы»  түлектері 5 алтын, 7 күміс, 2 қола медаль иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Моңғолия тоғызқұмалақ федерациясы және Баян-Өлгей аймақтық әкімшілігінің арнайы дайындаған медаль, диплом және бағалы сыйлықтары табысталды. Чемпионаттың жабылу салтанатына ел атынан Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Қалыбек Қобландин мырза қатысты. Ұйымдастырушылар жарыс соңында жүлдегерлермен бірге олардың  жаттықтырушыларына да арнайы естелік медальдар тапсырды. Дәл сондай құрмет Республикалық «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» қызметкері, тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Шотаевқа да көрсетілді. Аға жаттықтырушыға  Баян-өлгей аймақ әкімі құрмет медалін тапсырды.