Жаңалықтар

Министрлік баланы жастан, жемқорлықты бастан ауыздықтамақ

ашық дереккөзі

Министрлік баланы жастан, жемқорлықты бастан ауыздықтамақ

Ақ пен қараны тура мағынасында әрең айырып жүрген жөргектегі балаға жемқорлық туралы айтып түсіндіре аламыз ба? Қазіргі таңда бұл туралы қызу зерттеу жүргізіп отырған Білім және ғылым министрлігі балабақшаларда жемқорлық туралы пән енгізіп, айды аспанға бір-ақ шығармақшы. «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Мәжілісмен Нұрлан Әбдіров: «Орта білім беретін мектептерде «Құқық негіздері» атты пән арнайы оқу бағдарламасына кірген.

Сол пәннің негізінде сабақ уақытының 15 пайызы жемқорлықпен күрес мәселелері, оның түсіндіру жұмыстарына арналуы керек. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан азаматтардың 20-30 пайызы қандай да бір мәселені шешуде пара беретіндерін жасырмай атқан болатын. Яғни елімізде пара беруге дайын тіпті, пара беріп жүргендер де бар. Олар үшін бұл ертеңм үйреншікті жағдайға айналады. Сондықтан жемқорлықпен күрес мәселесінің негізін балабақшадан бастау керек», ̶  деген еді.

Бұл ұсыныс көтеріле салысымен қостанайлық шенеуніктер еліміздің барлық мектептерінде жемқорлықтың зиянын жан-жақты оқытатын сабақ енгізуді сұрады. Пара түбі темір тор екенін көріп-біліп жүрсе де, ақша алуын қоймаған ересектерден мүлдем күдер үзсе керек, атқамінерлер енді күресті білім ұяларынан бастамақшы. Қостанай облысы Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі, Асхат Ескендіров:

«Жемқорлықпен күресті мектеп пен балалақшалардан бастап жүргізу қажет. Балалар оны мектептен бастап біліп өссе, болашақта сыбайлас жемқорлықты түпкілікті жоюға болады. Сондықтан, біздер Білім және ғылым министрлігіне арнайы пән енгізу жөнінде ұсыныс жасадақ», ̶ дейді. Жемқорлықпен күрес мәселесін қозғайтын пән 2017 жылы іске асып, бұл бастамадан балабақшадағы бөбектер де қалыс қалмайды. Бұл туралы  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызметтен өту басқармасының жетекшісі Әсел Мұсағұлова: «Қазіргі уақытта Қазақстанның білім беру мекемелеріне білім берудің барлық деңгейінде жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі сабақтардың қажеттілігі туралы хаттар жіберілетінін айтты.

Бастапқы кезде тоқсанда немесе семестрде бірнеше сағатқа есептелген тематикалық сабақтар болады. Ал жаңа оқу жылынан бастап (2015-2016 жылдар) мектептерде - "Адам және құқық", "Өзін-өзі тану", жоғары оқу орындарында - "Құқық негіздері" сияқты қоғамдық пәндердің аясында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша сағаттарды қарастыру жоспарланып жатыр. 2016-2017 жылдардан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жеке пәнді енгізу туралы мәселені талқылаймыз. Себебі бұл мәселе білім беру нормаларын, сағаттарды және басқа жағдайларды қайта қарауды талап етеді.

Яғни, әзірше қоғамдық пәндердің аясында ғана, ал одан кейін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жеке пәнді енгізу туралы мәселе көтеріледі", - деді Мұсағұлова. Ол жемқорлыққа қарсы ағарту жұмыстарымен балабақшалардың да қамтылатынын атап өтті. "Балаларда жақсы мен жаман туралы түсінік ерте бастан қалыптасады. Сондықтан дәл осы кезеңде оларға жемқорлықтың жаман екенін түсіндіру маңызды. Үлгімен тәрбиелеу маңызды. Бала үйде, мәселен әпкесінің "мен сессияны ақшамен жаптым" дегенін немесе әкесінің шешесіне: "баланы жұмысқа орналастыру керек, ақшасын төлейік" дегенін естісе, мұның барлығы қалыпты жағдай болып көрінеді; ал үйден тыс жерде мұның жаман екенін айтады, сөйтіп баланың санасында қарама-қайшылық туады.

Сондықтан мемлекет осы кезеңде араласып, жемқолықтың қылмыс екенін, әлеуметтік зұлымдық екенін айту маңызды және ата-аналарға осыны жеткізіп айтып, егер болашақта баласы жемқор болмасын десе, оның санасында жақсы мен жаман туралы түсінік болсын десе бұл істі жұмыла жасайық", - деді ол. Агенттік өкілдері мектепке дейінгі білім беру орындарында интерактив әдістерді - ойындарды, мульфильмдер мен комикстерді қолданбақ. Ал мектептер мен жоғары оқу орындарында дәріс оқу үшін, кормативтік-құқықтық актілерді түсінікті түрде түсіндіріп беру үшін мемлекеттік органдардың өкілдерін шақыруды жоспарлап отыр. А. Мұсағұлованың келтірген дәйегіне сенсек, Қазақстан бұл жағынан жаңалық ашып отырмағанға ұқсайды. Бұған Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің тәжірибесі негізге алынған. "Гонконгтың үлгісі өзгелерге қарағанда сәтті, олар 70-жылдардан бастап балабақшаларда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл пәнін енгізе бастады. Яғни олар әлеуметтік зұлымдыққа, феноменге қарсы пікірі қалыптасқан ұрпақты өсіру үшін жұмысты балалардың ерте жасынан бастады. Сәйкесінше жемісін көре бастады", - деді ол. Әсел Мұсағұлова білім берудің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл формасы екенін айтады.

Оның пікірінше, адам білімді болған сайын жемқор болу мүмкіндігі азая түседі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы істер жөніндегі агенттік мемлекеттік қызметкерлерге, кәсіпкерлерге, үкіметтік емес ұйымдарға, БАҚ-тарға және азаматтарға жемқорлыққа қарсы ағарту жөнінде оқыту және білім беру бағдарламаларын таратуды жоспарлап отыр. "Азаматтардың жемқорлыққа баратынының бір себебі, меніңше, өз құқығын, мемлекеттік қызметтің қалай көрсетілетінін білмеуінде жатыр. Мұнда мемлекеттік қызметтің қалай көрсетілетіні, қайда барып, қандай құжаттарды жинау керек екені жайлы мәліметті жеткізбегені үшін мемлекеттік органдар да кінәсі бар. Бұл мәліметті оңай таба алмайсыз. Осыған байланысты адамдардың ақпараттану деңгейін көтеруіміз керек", - деді Мұсағұлова. Ал мамандар балабақшадағы сәбилерге жемқорлық жайлы айту қисынсыз деп есептейді. Бұл ұсынысты естіген қауымның реакциясы сан түрлі. Мектеп пен ЖОО-на мейлі делік,әріп танымайтын балаға жемқорлықтың зиян екендігін түсіндіру қиындық туғызбай ма? дегендер де табылды. Оның орайын тапқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түрлі аң-құстар арқылы жемқорларды сипаттап, сурет арқылы түсіндірмек.

Бұл туралы алғаш қоғамға ой тастаған Білім және ғылым министрлінгі депортаментінің директорының орынбасары Жаңабай Әбуов болатын. Ол: «Балабақшадағы балаларға арналған журналдарда жемқорлық суретпен сипатталмақ. Яғни жемқорларды аң-құстармен сияпаттау арқылы түсіндірмекпіз»,- дейді.  «Адам және қоғам», «Құқық» пәндеріне жемқорлық тақырыбын қамту мәселесін бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі қызу қарастырып жатса керек. Мамандардың айтуы бойынша, баланың қабылдауына мұндай күрделі әрі терең ойлауды қажет ететін процесті бірден сіңіре қою оңайға түспейді. Бұл тұрғыда көрнекі құралдардан да келер пайда шамалы болуы ықтимал.

Арысын барлап, сарапқа салмай жатып, баланың басын қатырудың қажеті жоқ дегенге саясады мамандар ойы. Онсыз да 12 жылдық білім беру жүйесімен арбай еті арша, борбай еті борша болған Білім және ғылым министрлігі ендігі «балаларда жемқорлықты қалай түсіндіреміз?» деп әуреге түспек. Оның үстіне «Тұлғатану» деген пәннің де қажет екендігі айтылып, аталмыш министрлікке ұсыныс түсіп жатыр. «Тұлғатануға» әркім өзі «тұлға» санайтын адамдарды енгізуді ұсынып жатқандығы тағы бар. Қысқасы, білім саласындағы жоспардың әлі мың мәрте жөндеуден өтпек. Бірін алып, бірін қойған білім саласындағы жобалар түптеп келгенде баланың санасына салмақ салудан басқа еш пайдаға жарамай келетіндігін білеміз. Расымен, білім саласы 20 жылдай сынақ алаңына айналып келген еді. Бұл жолы да шетел тәжірбиелеріне арқа сүйеген әр бастама, байқап, дәмін татып көру үшін ғана ұсынылып, қабылданып жатыр. Ал нәтиесін жалпақ жұртқа жариялап жатқан ешкім жоқ.