Шудың майы мұхит асты

Жамбыл облысының Шу ауданындағы экологиялық таза мақсары майын шығаратын зауыт алғаш рет 37 тоннадан астам өнімін Жапонияға жөнелтті. «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» қарызды сақтандыру жолымен қолдау көрсетіп, кәсіпорынның сыртқы нарықты бағындырудағы әлеуетін арттыруға септігін тигізіп отыр.

«Kaz˗Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылдың маусым айында Күншығыс еліне мақсары майын экспорттау туралы келісім шартқа отырған. Жапония елінің мамандары Қазақстанға арнайы келіп, өндірістің сапасын жіті қадағалап, тексеруден өткізді. Нәтижесінде зауыт өнімдерін экспортқа шығаруға қол жеткен.

– Осы жылдың басында 400 тонна мақсары майын экспорттадық, біз «Қазақэкспорт» компаниясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Біздің жобаны кепілдендіріп, екі жүз миллион теңгеге сақтандыру кепілдігін берді, – дейді «Kaz˗Ir Agro» ЖШС бас директоры Хамидреза Алинагиян.

Зауыт тәулігіне 3 тонна мақсары майын өндіруге қабілетті, қыркүйекте қуаттылығын екі есеге арттыру жоспарланған. Германиядан әкелінген қондырғылармен жабдықталған нысанда 60 адам жұмыс істейді.

Back to top button