ӨР АЛТАЙ, АСҚАР АЛТАЙ...
ӨР АЛТАЙ, АСҚАР АЛТАЙ...
Соңғы жылдары біздің елімізде ішкі туризмді дамыту туралы жиі сөз қозғала бастады. Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы және Павлодар облыстарына барғанда бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, облыс басшыларына бар мүмкіндікті пайдаланып, ішкі туризімді жетілдіруді тапсырды. Ой елегінен өткізсек, шынында да біздің елімізде шетелдік туристер ерекше қызығатын қаншама көрікті аймақтар, көл мен өзендер, таулар мен ормандар бар.
Иә, ішкі туризмге көңіл бөлгеніміз өте орынды. Ең бастысы, шетелге жыл сайын миллиондап кетіп жатқан қаржымыз еліміздің экономикасын, жергілікті халықтың әл-қуатын көтеруге пайдаланылып жатса несі бар? Биылғы демалысымды шығыстағы сұлу Алтайда, оның әйгілі Қатонқарағайында өткізуді алдын ала жоспарлаған болатынмын. Ғаламтор арқылы байланысып, алдын ала барлық мәселені анықтап, «Атың барда жер таны...» деп сапарға шыққан едім.
...Алматы – Өскемен бағытындағы ұшақ лып еткізіп (80 минутта) Шығыс Қазақстан облысының орталығына жеткізді. Таулы аймақ саналатын Қатонқарағай бұл жерден 340 шақырым қашықтықта. Қарағай мен қайың арасымен тартылған бұралаңдаған асфальт жол біресе өрге, біресе ойпатқа түсіріп, жеңіл машинаға әжептеуір салмақ салып келеді. Оң жағымызда Бұқтырма су қоймасының күнге шағылысқан айдыны еріксіз көз тартады. Адам қолымен жүздеген шақырымға созылатын аңғарға мол су жиналып, осындай шалқыған «теңіз» жасалды деуге әрең сенесің. «Керемет көргің келсе, тауға бар» деп қазақ қалай тауып айтқан! Айналамыздағы табиғаттың сұлулығы сүйсіндіреді, таудың таза ауасы тынысыңды аша түседі. Қайталанбас табиғат көрінісіне сүйсіне отырып:
Өр Алтай, асқар Алтай, асқан Алтай,
Анамдай әлпештеген жастан Алтай.
Суы бал, көдесі май, жері майса,
Ағызған сары алтынды тастан, Алтай.
Елімнің ерке қалқасы,
Сымбатты сұлу жер Алтай.
Омырауда алтын алқасы,
Отанымның сен, Алтай! – деген Нығмет Баймұхамедовтің сөзіне жазылған ән жолдары еске түседі. Бұл – бала кезімізден радиодан жезтаңдай әнші, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова апамыздың нәшіне келтіре орындайтын, әбден құлаққа сіңген белгілі «Алтай» әні. Алтайдың ғажап табиғатын тамашалай отырып, ерекше көтеріңкі сезіммен аудан орталығы Үлкеннарым (Большенарым) ауылына келіп жеттік. Кіре берісте бұрынырақ шипалы Алакөл демалыс аймағында танысып, екі-үш рет бірге демалған Қатонқарағай аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Бауырлан Мұзтауұлы күтіп алды. Көп оқыған, білімі терең, ойы жетік, көңілі ояу азамат осы өңір туралы көптеген құнды мәлімет-дерек берді.