Босқын, қайда барасың?

Босқын, қайда барасың?

Босқын, қайда барасың?
ашық дереккөзі

Өткен мақаламыздың бірінде Еуропаға сыймаған босқындардың енді заңсыз миграцияның екінші толқынын тудыратынын болжаған едік. Мигранттар Еуразияға қарай бет ала ма деген күдігімізді білдіргенбіз. Болжамымыз шынға шықпағай. Себебі кешегі аптада Британ парламентінде басы артық босқындарды Орталық Аияға қарай бағыттау туралы ұсыныс айтылды. Мұның арты не болмақ?

16 қыркүйектің кешінде Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мәселесін талқылаған Ұлыбританияның Лордтар палатасында Сириядағы гуманитарлық дағдарыс пен босқындар мәселесіне қатысты әртүрлі пікір айтылды. Осы дебат кезінде сөз алған этникалық үндіс, қазір британ азаматы лорд Десаи аяқ астынан бүйректен сирақ шығарып, Таяу Шығыстан келген босқындарды Орталық Азия мемлекеттеріне бағыттау туралы ұсынысты ортаға тастады. Бір ғажабы, Лейбористер партиясының мүшесі, 76 жастағы саясаткер Орталық Азияға қандай мемлекеттер жататынын да анық білмейтін болып шықты. «Орталық Азияда Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия сияқты тұрғын халқы аз мемлекеттер бар. Бұл аймақтағы халықтың орналасу тығыздығы Еуропадағы халықтың орналасу тығыздығынан жүз есе аз», – деді лорд географиялық білімінің саяздығына еш қымсынбастан. Одан соң «Мен БҰҰ осы мемлекеттермен бірлесе отырып, осы аймаққа мигранттар мен босқындардың неғұрлым көп бөлігін көшіруді ұйымдастырса деп едім» деп жалғады сөзін. Ол тіпті Еуроодақ бұл істі қаржылық тұрғыдан қолдап, Ортаазиялық мемлекеттерді «ынталандыру» қажет деп қосып қойды. Өз сөзінде босқындар мен Орталық Азия халқының арасында мәдени ұқсастықтар бар екенін алға тартты. «Олар – мұсылман мемлекеттер. Сириялықтармен және ирактықтармен діні бір».

Бұл ұсынысты әзірге британдық басылымдар елей қоймады. Есесіне, «EurasiaNet» сайтында жауап материал жарияланып, онда бұл елдердің көбінде демократиялық шектеулер бар екенін еске салып, олардың ешқайсысы босқындарды қарсы алуға дайын емес делінген. Мысалы, біздің ел туралы былай дейді: «Оның үстіне, бұл елдердің қай-қайсысының да иммигранттарды қабылдауға экономикалық әлеуеті жеткіліксіз. Олардың ішінде осы аймақтағы ең өркендеуші мемлекет – Қазақстанның өзі қазір айтарлықтай экономикалық қиындықтарды бастан кешіруде». Оған қоса Моңғолияның http://infomongolia.com/ct/ci/9739 сайтында осыған ұқсас пікір жарияланып, «Лорд Десаи атап өткен Моңғолия негізінен буддистік мемлекет» деп ағылшын саясаткерінің тағы бір қатесін көрсеткен.

Дегенмен, Десаидің өзі бұл ұсыныстың утопиялық сипатта екенін мойындап қалды. Бірақ қазақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп бекер айтпаған ғой?

Шындығында, Еуропаның қалың нөпір босқындарды қалай бағыттарын білмей аласұра бастағаны даусыз. Еуроодақ көшбасшылары 160 мың босқынды қабылдауға шешім қабылдады да, қалған мигранттардың алдынан қақпасын тарс жапты. Венгрия сияқты шекара өтінде отырған елдер босқындар тасқынының алдынан әскер шығарып, бөгет тұрғызып әлек. Еуроодақ шекарасында адам өлімі күн сайын тіркелетін болды. Сонда да адами тасқын саябыр табар емес. Өз ойларындағы Жиделі-Байсынға жету үшін қандай да қиындықтарға төзуге даяр босқындар саясаткерлердің саяси шешімін қайтсін. Сондықтан батыстық идеологтар оларды бетін басқа бағытқа бұруды ойлап бас қатыруда. Лорд Десаидің мына ұсынысы осындай  қыңыр ойдан туған талпыныстың бірі, шамасы.

Бірақ бұл ұсыныс тек сөз жүзінде қалады деп ешкім кепілдік бере алмас, тәйірі. Босқындар ХХІ ғасырда кейбір елдерді басып қалу үшін немесе шекаралық кедергілерді бұзып-жару үшін, тіпті территориялық бөліністерді өзгерту үшін қолданылар тетікке айналмаса жарар. Өлген-тірілгеніне қарамастан жандәрмен алға ұмтылған босқындар «армиясы» мұздай қаруланған әскердің орнын баспасына көзіңіз жете ме? Оларды «армия» демей не дейсіз, мыңдаған заңсыз мигрантпен бірге жаңа жерге олардың тілі, мәдениеті, ділі мен діні, тіпті саяси күрестің жаңа әдістері көшіп келетіні даусыз. Ендеше, қаптаған заңсыз мигрант кез келген елдегі мамыражай тыныштықты бұзуға, жылдан-жылға әлеуметтік-рухани тіршілігіне сынамалап өзгеріс енгізіп, ұлттық-демографиялық келбетінің өңін айналдыруға, сөйтіп сол өңірде жаңа қайшылықтар мен келеңсіздіктер туғызуға себепкер болу ықтималдығын ешкім жоққа шығара алмайды.

Оның үстіне, босқындар мәселесі еуропалық ынтымақ пен бірлікке сына қақты. Соңғы кезде Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан заңсыз мигранттарды жақтырмайтындығын жасырмайтынымен аты шыққан еді. Дегенмен, ол өзінің Еуроодақ бойынша әріптестерін де аяған емес. Босқындар мәселесі ушыққанда ол: «Бұл Еуропаның емес, Германияның проблемасы» деп қойып қалды. Германияның осыдан азғана уақыт бұрын қанша босқын келсе де кедергісіз қабылдауға дайын екенін жариялаған мәлімдемелерін меңзегені. Меркель ханымның «мама-саясаткер» имиджі босқындар дағдарысының өршуіне әкелді деп санайтындар Еуропаның өз ішінде аз емес. Дәл осы тұста АҚШ саясаткерлерінің де Берлиннің гуманистік ұстанымын қолдамайтыны аңғарылады.

Германия, Ұлыбритания, Испания мен Австрияда кей тұрғындары босқындардың адами құқықтарының сақталуын талап етіп, оларды қарсы алу керектігін құптаса, Польша, Венргия, Чехия, Словакияда иммигранттарды қуып шығу қажеттігін ұрандатқандар да болды.

Еуропалық саясаткерлердің бір алаңы – діни үстемдік екенін алдыңғы мақалаларымызда жазғанбыз. Орбанның бір сөзі осы күдігімізді растағандай болды. Ол Таяу Шығыстан келген босқындарды топтап қабылдай берсе, Еуропа уақыт өте келе мұсылманданып кетеді деп сескенеді. «Еуропа христиан болып қала беруі тиіс» деп қысқа қайырды ол. Ол үшін мұсылман босқындарды кеудесінен кері итеру керектігін Орбан ашық айтса, оның сөзін үнсіз құптайтындар кәрі құрлықта жетерлік.

Босқындар мәселенің ушығуының кесірінен Шенген келісімі ішінара болса да өз күшін уақытша тоқтатты. Бұл дегеніңіз, Еуроодаққа мүше елдердің әрқайсысы қазіргі кезде өз қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін алаң деген сөз. Түптің түбінде, босқындар дағдарысы еуропалық құндылықтардың ғана емес, еуропалық бауырластық пен бірліктің іргесін шайқалтуы мүмкін-ақ.

Ал әзірге мыңдаған мигрант шым-шытырық геосаяси ойындардың құралына әрі құрбанына айналғанын сезбестен Еуроодақ шекарасында сеңдей соғылысып жүр...