Алакөл Антальядан еш кем емес
Алакөл Антальядан еш кем емес
Алакөл үздік туристік орталыққа айналмақ. Өйткені алдағы жылдары Алакөл жағалауын дамыту мақсатында қомақты қаржы қарастырылып отыр. Осылайша, болашақта Алакөл Түркия жағалауларымен бәсекеге түспек.
Алакөлдің суы шипалы, жанға дауа. Сондықтан бұл жерге келетін демалушылар саны жыл сайын артуда. Биылғы жазда шипалы көлге демалуға 500 мыңдай адам келген. Алакөлдің шипалы суының даңқы көрші Ресей, Өзбекстан, Қытай елінен асып, Еуропа туристерін қызықтыра бастапты. Келушілердің көбеюі аймақтағы туристік нысандардың дамуы мен инфрақұрылымның жақсаруына да ықпал етіп отыр.
Қазіргі уақытта Алакөлдің демалыс аумағы абаттандырылып, мемлекет қамқорлығына алынған. Бұл үшін қазынадан 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазір көпшіліктің сүйікті демалыс орнында әдемі қонақүйлер мен құны 150 млн теңгелік заманауи арбат пайда болған. Биыл жолаушылар Өскемен мен Семей қалаларынан Алакөлге дейін темір жол бағытымен келуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, Алматы, Астана, Семей мен Өскеменнен әуе бағыты да жұмыс істеп тұр.
Алдағы 3 жылда Алакөл жағалауын дамытуға тағы 12 млрд теңге бөлінеді. Электр қуаты тартылып, жиектер қоршалады. Қазір мұнда 250-ден аса демалыс кешені бар. Туристерді тегін интернетпен қамту жағы да қарастырылған. Табиғаттан күш алған халықты рухани байыту да назардан тыс қалмайды.