Алтайда аңқасы кепкен алқаптар

Алтайда аңқасы кепкен алқаптар

Алтайда аңқасы кепкен алқаптар
ашық дереккөзі
Ауыл шаруашылығын қолдауды басымдық санайтын Қазақстан суармалы жерлерді тиімді пайдалану үшін ақшаны аямайды. Тіпті, Шығыс Қазақстанда соңғы 4 жылда суармалы жерлерге 20 млрд теңгенің суару жүйесі тартылған. Алайда облыс мемлекет қаржысына тартылған инфрақұрылымды ел игілігіне толық жарата алмай отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішев ренішпен айтты. Көкпекті ауданында өткен-семинар кеңеске суармалы алқап иелері мен жергілікті сала басшылары қатысқан болатын. Ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай Шығыс Қазақстанда 92 мың гектар суармалы жер шаруалардың игілігіне берілуі қажет. Одан кейінгі кезеңде 200 мың гектардан астам алқапқа қажетті инфрақұрылым тарту көзделген. Республика бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, инфрақұрылым тартылып жатқанымен, суармалы жерге кетпен түспей тұр.  Су ресурстары комитетінің мәліметі шынымен ойланарлық. Суару жүйесімен қамтылғанына қарамастан, аңқасы кеуіп жатқан алқап мыңдаған гектарға жетеді. Тарбағатай ауданында – 4575 гектар, Үржар ауданында – 8,5 мың гектар, Жарма ауданында – 789 гектар алқап игерілген жоқ. Ал Зайсан қаласының маңайындағы 1855 гектар алқапқа суару магистралі тартылғанымен, оның тек 100 гектары ғана ел игілігіне берілген көрінеді. – Суармалы жердің 1 гектарынан бір маусымда ең кем дегенде 1 млн теңге табыс табуға болады.  Жоғарыда аталған  аудандардың есебінен 4 жылда бөлген 20 млрд теңгені бір ғана маусымда ақтап алуға болар еді. Бірақ жергілікті әкімдерге суармалы жердің ел игілігіне жарауы қажет емес сияқты. Мемлекет қаржысын бұлай желге ұшыруға жол берілмейді. Бұл мәселе облыс әкімі мен Үкімет басшысының алдына қойылатын болады, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішев. Суармалы алқап иелері тартылған инфрақұрылымның пайдаға аспай жатуының бір себебін тау өзендерінің көбі күзге қарай тартыла бастайтынымен түсіндірді. Әсіресе, Тарбағатай мен Қалбатау сілемдерінен бастау алатын өзендерде тамыз айына қарай су азайып қалатын көрінеді. Соның салдарынан су магистральдерге жетпей жатыр.  Диқандар осы түйткілдерді біржола жою үшін каналдардың басына су қоймаларын орнату қажет деген ұсыныс айтты.