Жаңалықтар

Көше көп пе, ұсыныс көп пе?

ашық дереккөзі

Көше көп пе, ұсыныс көп пе?

Алматы әкімдігі жөнделетін көшелерді қала тұрғындарының өздеріне таңдауды ұсынып отыр. Қай көшеге тротуар жасалуы тиіс? Жергілікті билік осы мәселе бойынша да тұрғындардан нақты ұсыныс күтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Соңғы үш жылда жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 524 көше жөнделіп, ондаған шақырым тротуар салынған. Биыл орташа жөндеумен 157 көше қамтылды. Оның басым бөлігіндегі жұмыстар аяқталып, қалған көшелердегі жөндеу жұмыстары 25 тамызға дейін бітірілмек. Қазіргі кезде жол сапасына жауапты басқарма келесі жылдың жұмыс жоспарын жасау үстінде. Сол себепті қала тұрғындары өз өтінімдерін арнайы zhol.almaty@a-a.kz электронды поштасына жолдай алады. Талап˗тілектер осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін қабылданбақ. – Мемлекеттік қызметші ретінде біз үшін бірінші кезекте қала тұрғындарының пікірі маңызды. Біз өз жұмысымызды жария түрде, есеп беру қағидаларына сүйене отырып істегіміз келеді. Қай көшені жөндеу керек, қай жерге жарық бағаналары қажет? Осы жайында тұрғындармен ақылдасуды жөн санап отырмыз. Өйткені бұл мәселелерді олардан артық ешкім білмейді. Келесі жылғы жөндеу жұмыстарын осындай ұсыныстарды ескере отырып бастайтын боламыз, – деді қала әкімдігінің ресми өкілі Тимур Базарбаев.