Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Біз жаңа серпіліске дайын болуымыз қажет

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Біз жаңа серпіліске дайын болуымыз қажет

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті: Біз жаңа серпіліске дайын болуымыз қажет
ашық дереккөзі

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы ортақ іс-қимылдың, мақсат-мүдденің мүлтіксіз сақталуы дамуға сеп. Әсіресе, аграрлық салаға назар аудару аса қажет. Сочидегі Форумда Елбасы отандық өнім өндірушілер кезігетін кедергілерді ашық айтып, серіктес елдерді әділ бәсекелестікке шақырды. Егер ЕЭО-ға мүше мемлекеттер Қазақ басшысының сөзіне құлақ асса, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына қатысты шаруалардың жағдайы түзелмек. Әсіресе, ет пен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерге жағдай жасалады.

Өткен аптада Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев Сочи қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XII аймақтық ынтымақ­тас­тық форумына қатысты. Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі екі­жақты қарым-қатынастар мен интеграция мәселесін талқыға салған шарада Елбасы эконо­микалық байланыстарды нығайтуға ке­дергі болатын жайттарға тоқ­тал­ды: «Экспорттық тауарлар мен валюта нарығындағы тұрақ­сыздық салдарынан екіжақты сау­да айналымының көлемі 20-25 пайызға дейін төмендеп кетті. Бүгінгі форум барысында аталған түйткілдерді шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік бар. Кез келген дағдарыстың соңында өсу бар. Сондықтан біз жаңа серпіліске дайын­ болуымыз қажет». Президенттің пікі­рінше, өтпелі кезеңдегі Еуро­азия­лық экономикалық одақ кездес­кен қиындықтар интеграцияға емес, сыртқы күштер мен әлемдік нарық­тардың тұрақсыздығынан».

Форумда сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен мал шаруа­шы­лығына көңіл бөлу керектігі айтылды. Әлемдік нарықтағы көмірсутегілер бағасы күрт төмендеп кеткені мәлім. Сондықтан аграрлық саланы дамытқан жөн: «Қазір біз әлеуетіміз бен күшімізді толық пайдаланып отырған жоқпыз. Оны мойындау керек. Біздің елдеріміздің үлесінде әлемдік сүт өндірудің небары 6 пайызы, сиыр еті мен көкөніс, жеміс-жидектің 3 пайызы бар. Ресейдегі еңбек өнімділігі Қазақстанға қарағанда жақсы. Бірақ сонда да Канада мен Австралиямен салыстырғанда, сегіз есе аз, ал біз – он есе. Отырып алып, қытайға таңданамыз: «Гектарына 30-40 пайыз өнім алады, ал біз оларға жете алмаймыз» деп». Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан мен Ресей арасындағы ауыл шаруашылығына қатысты келісілген саясатты қабылдауға ұсыныс айтты.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2015 жылдың алғашқы 7 айында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы былтырғы осы мерзімге қарағанда, 22 пайызға төмендеген. 2014 жылы аталған көрсеткіш 11 миллиард доллар болса, биыл 9 миллиардқа күрт азайған.

Сочиде сөз болған басты тақы­­рып­тардың бірі – азық-түлік қауіп­­сіздігін қамтамсыз ету және шекара сыртынан келетін тауарлар импортын азайту. Екі ел арасындағы тауар айналымын жақсарту өнім өндірушілерді бәсекелестікке төтеп беруге шыңдайтынын айтқан Ресей президенті Владимир Путин: «Көкөніс пен жеміс-жидекті, ет және сүт өнімдерін алыс шет елдерден әкелудің не қажеті бар? Өзіміздің өнім өндірушілер жұмыс істеуге, еуразиялық ортақ нарыққа шығуға құлшынып отыр. Сапалары да еуропалықтардан кем емес. Ресей импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерін отандық өнімдермен алмастыруға баса назар аударады. Осы орайда, 460 инвестициялық жоба бар. Оларды жүзеге асыру үшін 265 миллард рубль бөлінді», – деді. Ресейлік әріптесінің сөзін құптаған Қазақ елінің басшысы дағдарыс кезінде азық-түлік ең сенімді валюта болатынын айтты. Импорт мәселесіне келгенде, ре­сейлік нарықтағы Еуропалық Одақ елдері мен Америкадан келетін ет өнімдерін Қазақстанда өндірілген өнімдермен алмастыруға мүмкіндік барын айтты: «Мәселен, қолымдағы деректер бойынша бүгінде Ресей еттің барлық түрінің 1,5 миллион тоннасын импорттайды. Оның 600 мың тоннасы (сиыр еті) Бразилия, Парагвай, Уругвай, Аргентина сияқты үшінші елдерден 2,5 миллиард долларға тасымалданады. Қазір Қазақстанда жыл сайын 4 мың тонна тоңазытылған сиыр еті өндіріледі. Алайда мал бордақылау алаңдарын қалыптастырған Батыс Қазақстан облысынан Самара, Саратов, Орынбор облыстарының нарықтарына жетпей отыр. Егер осы мәселеде Ресеймен бірге жұмыс істейтін болсақ, тағы да ет өндіру орындарын қарастыруға әрі экологиялық тұрғыда таза тоңазытылған сиыр етін өндіру көлемін арттыруға дайынбыз».

Жуырда еуразиялық тұты­нушылық нарыққа тасымалданатын отан­дық ет пен ет өнімдеріне қатысты ұсыныс айтқан ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Мамытбеков сиыр етін кіргізуге квоталық режімді алып тастауды ұсынды. Мамытбековтің пікірінше, егер осы ұсыныс қабылданса, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің нарығында ірі қара мал етінің бәсекеге қабілеттілігі артады. Сонымен қатар, ірі қара мал етінің құн салығының көлемі 27,5 пайыз болуы тиіс. Қазір Ресей Федерациясының ДСҰ алдындағы міндеттеріне байланысты, ірі қара мал етін импорттауға қатысты ішкі квоталық кедендік құн салығы 15 пайызға тең, ал квотадан тыс салық 55 пайызға жуық.

Отандық өндірушілерге еура­зия­­­лық нарық есігін айқара ашу­ды көздейтін мемлекеттік саясат көкөніс пен жеміс-жидек нарығын да ұмытпайды. «Еліміздің оңтүстік ай­мағында Ресей нарығын қамтамасыз ету үшін жеміс-жидек пен көкөніс өнім­дері өсірілуде. Соңғы жылдары олардың көлемі 2-3 есеге дейін артты. Біз түрік, қытай, поляк өнімдерінің орнын баса аламыз. Бөлшек саудамен айналысатын дүкен сөрелеріне сапалы өнім ұсынуға қабілетті шағын өнім өндірушілерге қойылатын талаптарды бәсеңдету керек», – деген Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік пен шикізат сапасына қойы­латын нақты талаптарды бекітуді ұсынды: «Азық-тұлік құрамы мен шикізат сапасына қатысты техникалық регламенттерді нақты жазу қажет. Тіпті, табиғи және қоюлатылған сүттің арасындағы айырмашылық көрсетілмейді. Мен досым Александр Лукашенкомен пікір таластырам, ол мұнда сүт ұнтағын тықпалайды, ұнтақты сумен араластырып, сатуға шығарады. Бұл табиғи сүт емес». Елбасының айтуынша, Батыста «сүт сусыны» деп аталатын осы өнім біздің табиғи сүтіміздің бағасымен сатылады. Осы мәселенің басын ашып алу керек. Біздің өнім өндірушілеріміз: «Бұл қалай болғаны? Біздің сүтіміз бен олардың сүт сусынының сапасы мүлдем басқа», – дейді. Табиғи сүт пен қалпына келтірілген сүтті өндірушілер арасында әділ бәсекелестік болуы шарт». Қазақ әріптесінің сүтке қатысты айтқан назына жауап берген Беларусь президенті Александр Лукашенко: «Бәрі де нарықтағы тұтынушылық сұранысқа қатысты», – деді. Негізі «сүт дауы» Ресей мен Беларусь арасында 2009 жылдан бері жалғасып келеді. Сол кезде беларусьтер Ресей тарапынан ұсынылған сүт сапасына қатысты регламентті қабылдаудан бас тартқан. Онысымен қоймай, беларусьтік нарыққа келетін ресейлік сүт өнімдеріне шектеу қоя бастаған.

Бүгінде жаңашылдыққа зәру ауыл шаруашылығына заманауи тех­ника мен технологияны жан-жақты енгізу де күн тәртібіне шыққан. Қазақстан Президенті осы орайда Израильді үлгі етті: «Біз әлі күнге израильдік бүлдірген мен жидекті жейміз. Ыңғайсыз ғой».

Қазақстан мен Ресейдің XII­ аймақтық ынтымақтастық фору­мының қорытындысында, ЕЭО-ға мүше мемлекеттерге қатысты бір­қатар мәселеге талқыланып, ортақ шешімдер шығарылды.