Көкжиегі кеңейген «Кедергісіз келешек»
Көкжиегі кеңейген «Кедергісіз келешек»
«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мақсатында түрлі шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, партияның Талдықорған қалалық филиалында «Кедергісіз келешек» жобасы аясында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімділігін тексеру рейдінің қорытындысы бойынша отырыс өтті.
Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, заңгерлер мен қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты. Іс-шарада комиссия мүшелері рейд қорытындысына тоқталып, анықталған кемшіліктерді атап өтті. Мәселен, арнайы жүргізілген рейд барысында 29 әлеуметтік нысанның 15-інде кемшіліктер анықталған. Оның ішінде, санитарлық-тұрмыстық бағыттағы дәретхана есіктерінің талапқа сәйкес еместігі және арбаның айналып өтуіне мүмкіндігі жоқ екендігі анықталды.
Мекеме басшылары кейбір нысандардың Кеңес Одағы тұсында салынғанына назар аударып, алдағы уақытта кемшіліктер жойылатынын жеткізді. Жұмыс тобының мүшесі Ғазиз Аманжолұлы өз сөзінде: «Комиисия тарапынан айлық аясында әлеуметтік нысандармен қатар қоғамдық көліктердің бейімділігі де тексерілді. Нәтижесінде 20 автобустың 18-іне арбаға таңылған азаматтардың кіруіне жағдай жасалынды. Тағы 4 автобуста тоқтатуға арналған дыбыс пернелері орнатылмағаны анықталып, тасымалдаушы мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді», – деп атап өтті.
Жалпы, жыл басынан бері қалалық филиал қызметкерлері «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 9 рейд ұйымдастырып, әрбір бақылау рейдінің қорытындысы бойынша анықтамалар мен жауапты мекемелерге ескертулер жасады.