Жаңалықтар

Жамбылдың инвестициялық мүмкіндігі артып келеді

ашық дереккөзі

Жамбылдың инвестициялық мүмкіндігі артып келеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында экономиканы дамыту мақсатында инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру қажеттігін атып айтатыны белгілі. Елбасының тапсырмасына сай, бүгінде Жамбыл облысы инвестициялық ахуалды жақсарту үшін түрлі жобаларды қолға алуда.  Жалпы, Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктері артып келе жатқаны әмбеге аян. Осы ретте өңірдегі инвестициялық жобалар Шымкентте өткен роуд-шоуда Түркістан облысының инвесторларына таныстырылды. Шымкент қаласында өткен шараға Жамбыл, Түркістан облыстары мен осы шаһардағы бірқатар ірі компаниялардың, «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ аймақтық өкілдері қатысты. Бұл шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – құрылыс материалдары, агроөнеркәсіп кешені және әртүрлі өңдеуші өнеркәсіп секілді ірі экономикалық секторларда іскерлік ынтымақтастықты дамыту. Бизнес-форумда 14-тен астам инвестициялық жоба ұсынылды. Оның ішінде, қазіргі заманғы медициналық кешен құрылысы, ультра пастерленген сүтті өндіру және қаптау цехын кеңейту, «С» санатындағы жол бойындағы сервистік кешендердің жобалары бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан – 2050" стратегиясында: "Біз ұлттық экономиканы жоспарлы түрде  әртараптандырудамыз. Үдемелі индустрияландыру бағдарламасында екі бесжылдықта экономикамыздың бет-бейнеcін өзгертіп, оны шикізаттың әлемдік бағаларының ауытқуына тәуелсіз ету  міндетін қойдым", – деген болатын. Содан бері Жамбыл өңірінде де айтарлық жұмыстар атқарылып, түрлі жобалар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, Жамбыл облысында 2018 жылдың соңына дейін индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылады. Соның нәтижесінде өңірде 947 жаңа жұмыс орны ашылуға тиіс. Жоспарланған инвестициялық жобалардың қатарында шойын балқыту, арматура шығару, кондитерлік өнім өндіретін фабрикалар да бар. 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 42 инвестициялық жоба, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өңірде қолға алынатын жобалардың бірі – дәрілік препарат шығаратын биокомбинат. Бұл Орталық Азия мен Таяу Шығыста теңдесі жоқ бірегей зауыт болмақ. Жылына 25 млн дозалық дәрілік препаратты шығаратын биокомбинат жыл соңына дейін ашылады деп жоспарлануда. Бұл ауқымды жобаның құны 2 миллиард теңгені құрайды. Ал өткен жылы өңірде 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жұмысын бастады. Жаңа нысандарды іске қосу үшін 13 миллиард теңге жұмсалған. Нәтижесінде 700-ден астам жергілікті тұрғын еңбекпен қамтылды. Тағы бір өңірге қажетті кәсіпорынның бірі 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Мал азығын шығарумен айналысатын зауыттың ашылуына мемлекеттік бағдарлама мүмкіндік берді.  Жоба құны 1 миллиард теңгеден асады. Мұнда мал азығының 15 түрі шығарылады. Тәулігіне 480 тонна өнім дайындауға қауқарлы. Аймақ шетелдік инвесторлар үшін көптеген инвестициялық мүмкіндіктер ашуда. Облыс аумағында республикалық баланс қорындағы фосфориттің 71,9 пайызы, плавикалық шпаттың 68 пайызы, кварциттің 65,1 пайызы, алтынның 8,8 пайызы, мыстың 3 пайызы, уранның 0,7 пайызы орналасқан. Өңірдегі азықтық және техникалық тұз қоры 10 миллион тоннаны құрайды. Өткен жарты жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты. Яғни, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, жалпы өңірлік өнім көлемі 265 миллиард теңгені құрап, 8,4 пайызға өсті. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласындағы оң динамикаға индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосуда. Ағымдағы жылдың 6 айында бұл кәсіпорындар 13 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Жамбыл облысында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші 5 жылдығында жалпы құны 159 миллиард теңгенің 43 жобасы жүзеге асырылған. Екінші бесжылдықта тағы 30-дан астам инвестициялық жоба іске қосылмақ. Бұл бағыттағы жұмыс осы қарқыннан таймаса, Жамбыл облысы 2022-2025 жылға қарай индустриалды-аграрлық өңірге айналуы мүмкін.