Кәсіпкерлікті кешенді қолдау
Кәсіпкерлікті кешенді қолдау
Биылғы 7 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің қорытындылары Үкімет отырысында қаралды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының жобасы мақұлданып, ауылдық жерлерді интернетпен қамту жайы сөз болды.
Үкімет отырысы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың баяндамаларымен басталды. Министрлер 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің артқарылу қорытындылары туралы баяндады. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков баяндама жасады. Сонымен, биылғы 7 айда ішкі жалпы өнім өсімі 4 пайызды құрады. Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, бұған инфляциялық қысымның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы әсер еткен. Тимур Сүлейменов еліміздің халықаралық қоры 87,7 млрд долларды құрағандығын атап өтті. Оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 56,8 млрд доллар болса, алтын валюталық қорлар – 30,9 млрд доллар. «Экспорт көлемі 21,8 пайызға, импорт 7,8 пайызға өсті. Экспорттың импорттан едəуір өсуі төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын төмендетуге негіз болды. Бұл екі есеге – 1,4 млрд долларға дейін қысқарды», – деді Ұлттық экономика министрі.
Ал Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндай келе, 2018 жылдың 7 айындағы қорытынды бойынша мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлері өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда нәтижелі орындалғанын жеткізді. «Түсім 6,264 трлн теңгені немесе есепті кезең жоспарының 101,9 пайызын құрады. Шығындар 6,466 трлн теңге немесе 98 пайызға орындалды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд теңге сомасында қалыптасты. Бұл жоспардан екі есеге төмен», – деді Бақыт Сұлтанов. Министрдің мәліметінше, мемлекеттік қазынаға 4,351 трлн теңге кіріс түскен.
Алқалы жиында одан әрі «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бағдарламасы қаралды. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, аталмыш бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдары сақталған. Оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелер бойынша кепілдендіру, гранттар ұсыну, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу, оқыту жəне бизнеске консультациялық қызметтер көрсетуге басымдық берілген. Бағдарламаның жаңалығы – кəсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтандыру жəне оңтайландыру. «Бұл жұмыс бизнеске арналған. Бірыңғай платформа мемлекеттік қолдау шараларын «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша электронды форматта ұсынуды көздейтін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізілді», – деді Тимур Сүлейменов.
Аталмыш мәселе бойынша баяндама жасаған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз сөзінде 2014 жылдан бері палата мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағыты бойынша оператор қызметін атқаратынын атап өтті. Сол уақыт аралығында 7600 жаңа кәсіпорын ашылып, 11 мыңға жуық жоба іске қосылған. Ал үстіміздегі жылдың 6 айында 37 мың кəсіпкерге қызмет көрсетілді.
Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев аталған мемлекеттік бағдарламаның мәртебесін өзгерту тұрғысынан жергілік атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу бойынша бірлескен жұмыстардың жүргізілетіндігін тілге тиек етті. Мемлекеттік бағдарлама жобасы бойынша талқылауды қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы республикадағы кəсіпкерлікке кешенді қолдау көрсетудің маңызды құралдарының бірі екеніне тоқталды. «Қазіргі таңда Мемлекет басшысымен келісілген түрде бағдарламаға мемлекеттік мəртебе берілуде. Осылайша ол іске асырудың жаңа деңгейіне өтеді», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет отырысының күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамту, 5G жəне дата-орталықтарды дамыту жобаларын іске асыру жайы. Ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны əр 10 жыл сайын əзірленіп отырады. Ал сол жаңашылдықтан қалыс қалмай, əлемдік стандарттарға сай болуға «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр. Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Осыған орай, ауылдарға интернеттің кеңжолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету, 5G жəне дата-орталықтарды дамыту шаралары іске асырылуда. Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дəурен Абаев: «Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру еліміздің 1249 ауылындағы мемлекеттік органдарды жəне бюджеттік мекемелерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолданумен байланыс қызметіне қосуға мүмкіндік береді, байланыс арналарының жалпы өткізгіштік қабілеті кемінде 50 Мбит/сек құрайтын болады», – деп атап өтті.
Министр өз сөзінде 5G ұялы байланысын Қазақстан аумағына енгізу халықаралық электробайланыс одағының 5G стандарты қабылданғаннан кейін мүмкін болатынын айтты. Оның айтуынша, халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтардың өндірушілері қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.
Тақырыпты талқылау қорытындысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қалалар мен ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету уақыт талабы екенін баса айтты. «Кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету тек біздің ғана талабымыз емес. Біз артта қалмауымыз керек, қажетті құжаттар қабылданды, барлық шешімдер бар. Бұл – уақыт талабы, көптеген мемлекеттердің күн тəртібінде тұрған жайт. Тек белсенді жұмыс істеу керек. Негізгі мəселе – өңірлерде интернет бар, тек жылдамдығы өте төмен. Бұл бизнеске ғана қатысты емес, халықтың қажеттілігі», – деді Үкімет басшысы. Бақытжан Сағынтаев жиын соңында Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне сапалы интернетпен қамту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Ал бұл жұмыстардың жүзеге асырылуын Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев қадағалайтын болады.