Қазақ театры – Шотландияда

Қазақ театры – Шотландияда

Қазақ театры – Шотландияда
ашық дереккөзі
Тамыз айы  Эдинбургте әдетте – театр фестивалінің айы. Жетпіс жылдан бері қалыптасқан дәстүр осындай. Шотландияның бас қаласынан былайғы күні де туристер қарасы үзілмейді, ал бұл күндері Эдинбург көшелері ығы-жығы адамға толы. Осы қалада оқып жүрген қазақ студенттері кейде адам санының көптігінен шаршайтынын айтып, әзілдеп қояды. Расында, Эдинбургте туристерге таңсық дүниелер көп: орта ғасырлық қамал-қала, мұражайлар, өнер галереялары, ғылыми-көпшілік аттракциондар, тарихи ғимараттар, ойын-сауық орындары – бұл қаланың бар қызығын көріп шығуға бір апта түгілі, бір ай аздық етеді. Ал бұған қоса мұнда үш апта бойы, яғни 3-27 тамыз аралығында Халықаралық Фриндж театр фестивалі өтіп жатыр. Биылғы фестивальдің маңызды жаңалығы – онда қазақ театрының өнер көрсетуі. Жетпіс жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін бұл фестивальге биыл елу шақты елдің өнерпаздары жиналған екен. Ресми дерекке жүгінсек, былтыр бұл қалада 3398 шоу 25 күн бойы жалғасып, ұзын саны 53 232 қойылым қойылған. Биылғы өнер мерекесінің ауқымы одан кем емес. Осы күндері қаланың әр түкпірінде 300-ге жуық сахна орнатылды. Арнайы құрылған қазылар алқасы жоқ, көрермен ықыласы үшін сайысатын өнер ұжымдарының ішінде тәжірибелі театр труппалары да, студенттер де, жеке-дара өнерпаздар да бар. Кей деректерге қарағанда, осы фестиваль аясында көрсетілген қойылымдардың бестен бір бөлігі әлемдік деңгейдегі премьераға айналатын көрінеді. Бұл фестиваль түрлі жанрдағы қойылымдарды топтастырған. Театр, комедиялық шоу, би, цирк, кабаре, балаларға арналған қойылымдар, мюзикл, опера, көркемсөз, өнер көрмелері, тағысын тағы – талғамы зор көрермен қалағанын табады. Олардың қатарында Қазақстаннан арнайы келген қазақ театрының жөні бөлек. Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыка драма театры Эдинбургке «Ақбаян» спектаклін алып келген екен. «Ақбаян» – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» халық жырының негізінде жазылған Ғабит Мүсірепов пьесасының жаңартылған нұсқасы. Қойылымды сахналаушы – Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер  Хусейн Әмір-Темір. Қозы рөлінде Санат Жүзбай, Баян рөлінде Зарина Кенжалы мен Айым Бегмат, ал Қодар бейнесінде Қанат Архабаев ойнайды. Бір сағатқа жуық қойылым бастан-аяқ қазақ тілінде өткенін айта кету керек. Альбион аралындағы «Ақбаян» қазақ мәдениеті мен ұлттық тұрмысын барынша қанық суреттейді: асық ойыны, көкпар, арқан тарту, ұлттық ән мен би – бәрі осында. «Ақбаянды» көріп, қазақ театрымен көзайым болған Эдинбург университетінің студентінен қандай әсер алғанын сұрадық.  width= Әсел БАЙБЕК, Эдинбург университеті химия факультетінің докторанты: – Эдинбургке келген қазақ театрының қойылымына арнайы бардық. Қызылорда драма театры үш күн қатарынан тегін өнер көрсетті. Қойылым, меніңше, өте жақсы өтті. Қазақ тілінде болғанымен, мәтінді ағылшын тіліне аударып, оны көрермендерге алдын ала таратып берді. Қойылым соңында жүргізуші көрермендерден «Ұнады ма?» деп сұраған еді, шетелдік қонақтардың көбісі жылы лебіздерін айтып жатты. «Ақбаян» Эдинбургтегі Стокбридж шіркеуінің сахнасында қойылды, айтпақшы, бұл сахнаның пішіні киіз үйді елестетеді екен. Спектакль Қозы-Көрпеш пен Баян сұлу туралы халық жырының незігінде жазылғанымен, сюжет желісі аздап өзгертілген. Соңында Қозы мен Баян үйленіп, той жасайды. Жалпы, спектакль қазақ халқының тұрмысын, көшпелі елдің мәдениетін көрсетеді. Мысалы, онда Баян қыздың барымта болған жылқылардың соңынан қуып, атпен шаба жөнелген сәтін бейнелейтін көрініс бар. Меніңше, режиссер қазақ әйелдерінің жауынгер рухын көрсетуге тырысқан сияқты. Актерлердің ойыны қатты ұнады, әрқайсысы өз рөлін өте кәсіби деңгейде орындады. Шет елде, жат жерде туған тіліміздегі қойылымды тамашалап, туған елге деген мауқымыз басылғандай болды. Менімен бірге осы спектакльді көрген австралиялық досым «Енді Қазақстанға міндетті түрде барамын» деп жүр. Спектакль аяқталған соң, келген қонақтардың бәріне Қазақстан шоколады мен кәдесый таратты. Шетелдіктер қатты риза болып тарасты.

Ұлыбритания