Жаңалықтар

АБАЙ АЙТҚАН «ЖҮРЕК»

ашық дереккөзі

АБАЙ АЙТҚАН «ЖҮРЕК»

Әр сөзімен соны ой қоздатып, ұлттық даналықтың туын сана биігіне желбіреткен қазақтың ұлы ақыны Абай шығармаларында «жүрек» сөзін 40-тан астам мағынада 107 рет қайталаған екен. Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас, Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас. Жүректен қызу-қызба кете қалса, Өзге тәннен еш қызық іс табылмас, – деп басталатын өлеңін әрі қарай оқысақ ұлы ақын достық пен қастықтың, ар мен ұяттың барометрі жүректен туындайтын қасиеттер екенін ұғындырады. Жүрек – тірі жандылардың дене мүшелерінің патшасы. Дене жасушаларын қоректендіріп, тамырлар арқылы ағзаға қан айналымын жүйелеп беріп отыратын орталық мүше – жүрек. Тән мен жанның тұтастығы өмір сүру деңгейімен өлшенсе, «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деп Абай айтқандай, тіршіліктің көзі осы ара болып саналады. Бұл тура мағынасында. Ал ауыспалы мағынада жүрек – иманның мекені, адамгершіліктің тұрағы, махаббаттың баламасы, Алланың нұры. Исламда иманның тұрақтайтын мекені жүрек, тірі жанның болмысы. Исламның сопылық саласын ұстанған шайырлар жүректі мың құбылта жырлаған. Шығыстың философ ғалымы Әбу Мұхаммед әл-Ғазали (1059-1111) «Жүрек – адам денесінің барлық мүшелермен байланысты және мемлекет әміршісі сияқты оларға билік жүргізеді» дейді. Жүрек – иманның көрінісі, иманды адамның жүрегі нұрланып тұрады. Адамның игі қасиеті жүректен шығады, жақсылыққа қуанады, жамандықтан жиренеді. Ақиқат тапқан жүрек алдамайды, алаламайды, адалдықтан айнымайды. Хадисте: «Алла адамның түр-әлпеті мен мал-мүлкіне қарамайды, оның жүрегіне қарайды» дейді екен. Алла жүректі иман, мағрифат және махаббат үшін жаратқан. Ұлы Абай «Алла деген сөз жеңіл» атты өлеңінде: Дененің барша қуаты Өнерге салар бар күшін. Жүректің ақыл суаты Махаббат қылса тәңірі үшін, – деп жүрек пен ақылды махаббатпен бағындыра білуді меңзейді. Жүректің шапағатынан нәр алғың келсе ақыл деген суатпен бару керектігін және жүректің әміріне ақылсыз ере беруге болмайтынын айтады, жүрек пен ақыл Тәңір деген күшке бағыну керектігін тұспалдайды. Ақыл мен хауас барлығын Білмейдүр жүрек, сезедүр, – деген Абай сөзін М.Мырзахметұлы «хауасты жүрекпен сезесің дейді» деп түсіндіреді. Абай айтатын «Ақыл мен жан – мен өзім, тән менікі» деп, жүрек пен ақылды адамның жанына, сыртқы пішінді тәнге балап, ондағы «мен» мен «менікі» ұғымымен қатарластырады. «Жүрегім менің – қырық жамау» дейтіні жан күйзелісі, ол ақынның «менінің» күйзелісі жүрекке түсер салмақ екендігін аңғаруға болады. 17-қара сөзінде Абай: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп қайрат, ақыл, жүрек сияқты адамның жақсы қасиеттерін айтыстырады. Онда адамның алдына қойған мақсатына жету үшін қайтпайтын қайрат керек екені тұспалданады. Ақыл болмаса жақсы мен жаманды айыра алмаймыз, сондағы асылы жүрек болмаса бүкіл адам бойындағы мүшелері өмір сүруді тоқтатады. Қайрат тек адалдыққа ғана қызмет етпей күш-қуатына сеніп ізгілікке қызмет етумен қатар теріс әрекетке де баруы мүмкін. Ал ақыл болса, ақылдылықпен жақсы мен жамандыққа да ниет білдіре береді. Адамды адалдыққа бастайтын ақиқат жолында ғана жүретін жүректің бұйрығы ғана туралыққа бастайды, ол қайрат пен ақылға бағынбайды. Жақсылыққа қуана білетін, жамандыққа баспайтын ізгілікке ғана бейім Жүрекке билеткен әділ қазы қызметін атқарған ғылым: «...үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет...» деген қорытындыға келеді. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» (ІІ, 171) (14-қара сөзі). Көпті алдап жем ететіндерді ақын шығармаларында әшкерелеп отырғандығын көреміз. «Ойға түстім, толғандым» деген өлеңінде: Бойдағы мінді санасам, Тау тасынан аз емес. Жүрегімді байқасам, Инедейін таза емес, – деген шумағында ұлы ақын бар шынын ақтарып, «жүрегімде тірі пенде сүйсінер тазалық жоқ» деп іштей ренішпен жүреді және өзінің өкінішін өзіне баяндап тұрғандай. «Жастықтың оты...», «жүректің көзі...», «...дүние есігі...», «...дүниенің тілі...» деп әсер туғызатын, ерекше жүк көтеретін сөздің эстетикалық өрісін кеңейту сияқты әдістерді қолданады. Мәселен: Асау жүрек қайнамай, Жуасыр ма еді кезінде? – («Татьянаның Онегинге жазған хаты») деген өлең тармақтарында жастық шақтың албырт кезеңі бейнеленген, тауы шағылып, беті қайтпаған ер көңілдің бейнесі көрінеді. «Махаббат іздеп талпынар, Асау жүрек алқынар» деген ақын – адамды бақытқа бастар жол, олардың бір-біріне деген ыстық сезімі деп түйеді. Ақын 3-қара сөзінде қазақтың бір-біріне қаскүнемдігін, мансапқорлығын, жалқаулығын, надандығын көріп назаланады, біздің халықтың бар ойы малын көбейтіп дүние жыйып, оны аз күндік ғұмырының рахатына жұмсамайтынын, қызметке таласқыштығын сынайды. 43-қара сөзінде: «...жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсеменен кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Егерде бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады...» дейді. Осы көріністен ақын жүрегіне салмақ болып, қатты қиналғанын «Болыс болдым мінеки», «Мәз болады болысың» өлеңдерінде жеріне жеткізе айтып, билікқұмар қандасының әрекетін сынайды. «Жүрегім менің – қырық жамау» деген жыр жолы Абайдың «қиянатшыл дүниеден» көңілі қалғанын байқатады. Ұлы ақынның «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» атты өлеңінде: Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек. Еңбекті сат, ар сатып неге керек? Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – дегені үнемі алға ұмтылу, ізденудің сипаты – «Ыстық қайрат», ізгілікті іс, жақсылыққа пейілді болу – «Нұрлы ақыл», иманды болу жолында адамдарға мейірмандылық сыйлау – «Жылы жүрек». Осы үш қасиетті ізгілікке жұмсай алғанда ғана «...толық инсаниятың бар болады» деп халқына ақыл береді. Ал ақынның мына өлеңіндегі жүрек басқаларына қарағанда өзгерек. Онда баласы Әбдірахманның Алматы қаласында науқас үстінде жатқанда сағынған жүректің үлкен толғанысын көреміз: Я, құдай, бере көр Тілеген тілекті. Қорқытпай орнықтыр Шошынған жүректі. Шын жүрек елжіреп, Алладан тілеймін. Шын қалқам осы күн Болып тұр керек-ті. Жүрегім суылдап, Сүйегім шымырлап, Алладан тілеймін Құпия сыбырлап, – деген ақын өлеңінде адамның өзін-өзі тануына мүмкіндік беретін діни-философиялық ағымның өзегі – жүректі тыңдау жатыр. Ақынның өлеңдегі ойы Құран кәрімдегі «Рабымыз, Өзің бізді тура жолға салғаннан кейін, енді жүректерімізді хақ жолдан аударма» деген аятпен (Әли-имран сүресі (3) 8-аят) үндесіп тұр. Ислам дінінде жүрек адамның өзегі, тура жолға бастаушы. Иман ұяламаған жүрекке перде тұтылып, кір шалады, мұндай жүрек Жаратқанды танып білуге қабілетсіз. Иманды адамның жүрегі нұрланып тұрады, ол қайрат пен ақылға бағынбайды, жақсылыққа қуанады, жамандыққа ермейді. «Күлембайға» деген өлеңінде ақын: Сыяз бар десе жүрегім. Орнықпайды суылдап. Сыртқыларға сыр бермей, Құр күлемін жымыңдап, – десе, одан Абайдың кемеліне толған шағында жүрек пен тілді бірдей ұстап, артына бір қайырылып қараған сәтін аңғаруға болады. Ол қасиетті Құранның Бақара сүресі, 8-аятындағы: «Алла сендерді тілдеріңдегі бос аяттарың үшін жазаламайды. Керісінше, жүректеріңнен істелген анттарың арқылы жазалайды» – деген ақиданы еске түсіреді. Абай танымында жүрекке табыну қай шығармасында болсын адамдық сипаттың қалыбынан шығатын «...толық адам...» мұратымен қатар келіп отырады. Абайдағы «Адам болу» қағидасы, жүректің бұйрығына бой ұсыну керек екенін айғақтайды. Жүрегім екеуіне жалбарынар, Рақымдық пен әділ сор деп жалынар, – деген жыр жолында ақын адам бойындағы жағымды сипаттар рақым мен әділеттен жүрегім медет сұра, жалбарын, жалын деп ескертіп тұрғандай. Абай шығармашылығындағы әр түрлі адамдардың мінез-құлқы мен ішкі дүниесін ашып көрсеткен үздік шығармалары деп «Бөтен елде бар болса» («Көжекбайға»), «Сабырсыз, арсыз, еріншек», т.б. өлеңдерін атауға болады. Қажет деген жерінде ақын сөз тигізетін адамдар тобын саралап, бөліп айтады. Мысалы «Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді» дегені өңкей қыртың, мылжың адамдарға қатысты болса, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» дегені елдің сиқын бұзып жүрген, қолындағы күші азайған, ұлыққа, мансабы жоғары болыстарға қатысты айтылған сынды. Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім. Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! – деп тебірене шер төккен Абай жүрекке байланысты «асау жүрек», «асыл жүрек», «ет жүрек», «жау жүрек», «жылы жүрек», «ит жүрек», «мұз жүрек», «сұм жүрек», «ыстық жүрек» деп сан түрлі ұғымдар туындатып, жүректің қасиеті мен сыр-сипатына бейнелі де астарлы мән беріп, өзгеше мағына туғызған. Әлемде жүректі әспеттеп, оған арнайы бір күн арнаған, яғни жыл сайын 28 қыркүйекте дүниежүзінің 100-ден аса елінде «Жүрек күні» аталып өтеді. Ал бізде қазірше оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Десе де болашақта өркениетті әлемнің айырылмас бір бөлшегі болған Қазақстан да Жүрек күнін атап өтер болса, оған ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының жүрек туралы ойлары адастырмас құбыланама болары анық деп ойлаймыз.  

Сейдалы ОРАЗАЛИЕВ,

Мұхтар Әуезов атындағы

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік

университетінің доценті