Қаланы көкөніске қарық қылған

Қаланы көкөніске қарық қылған

Қаланы көкөніске қарық қылған
ашық дереккөзі
«Шелек фермерлері» Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жыл санап дамып келеді. Олар республикалық супермаркет желілеріне көкөністерді тікелей жеткізумен айналыса бастаған еліміздегі алғашқы фермерлер екені белгілі. 4 фермерден басталған кооператив бүгінде 26 фермердің басын қосып, топырағы құнарлы Алматы облысының Шелек ауылынан экологиялық таза көкөністерді Алматыға тасымалдайды. Ал осы жылдан бастап «Шелек фермерлерінің» өнімдері Алматыдағы «Арзан» супермаркеттері желісінде ғана емес, сондай-ақ, Алматы, Астана, Павлодар және Өскемен қалаларындағы «МЕТРО Кэш энд Керри» супермаркеттерінде қолжетімді болмақшы. Осы маусымда «Шелек фермерлері» 212 тонна көкөністі, соның ішінде «МЕТРО Кэш энд Керри» сауда желісіне 52 тонна қызанақ –  жылыжайда өсірілген қызғылт жаңа, қызыл жаңа және черри сұрыптары; 50 тонна бұрыш –  қарлығаш, мазурка, ред джет, бағдаршам, болгар қызыл және жасыл бұрышы, жартылай ащы, ащы чили; 44 тонна қияр, соның ішінде корнишондар; 36 тонна екі сұрыпты баялды (баклажан) – алмас және ханзада; 30 тонна картоп және алма, қарбыз бен құлпынай секілді басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жоспарлап отыр. – Біздің компаниямыздың басты мақсаты – бизнес үшін үздік әріптес атану. МЕТРО қызмет ететін барлық 25 елде біз шағын және орта бизнес өкілдеріне, атап айтқанда, елдің экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылатын жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетудеміз. Фермерлік шаруашылықтармен әріптестік дүкен сөрелерінде қазақстандық өнімдерді ұлғайтып қана қоймай, сонымен қатар елімізде пайдалы тағамдармен тамақтану мәдениетін қалыптастыруға көмектесетін болады, – дейді  «МЕТРО Кэш энд Керри» ЖШС операциялық қызмет бөлімінің басшысы Артур Янушевский. «Шелек фермерлері» – ірі бизнестің шағын бизнеске көмек көрсетуінің тамаша мысалы. Жоба Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры мен «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылған. Назар аударатын бір жайт, «Филипп Моррис» бұл жобадан еш пайда көрмейді. Олар фермерлерге 2014 жылдан бері көмек көрсетіп келеді екен. – Біз Шелекте темекі өсіргенде осы фермерлермен жұмыс істегенбіз. Оларды жақсы танимыз. Әріптестерімізді жарты жолда қалдырып кеткенді жөн көрмедік, сондықтан осы жобаны әлеуметтік тұрғыда қолдауды шештік. Жобаның ел экономикасына, нарығына тигізер пайдасы зор, – деді «Филипп Моррис Қазақстан» компаниясының корпоративтік байланыс қызметінің жетекшісі Ринат Заитов. Жоба шеңберінде еңбекшіқазақ ауданында Агробизнес-орталығы құрылып, оның негізінде жергілікті фермерлер қазіргі заманғы агротехнологияларды, ауыл шаруашылығындағы менеджмент пен маркетингті оқып үйренуде. Өнім экологиялық таза болуы үшін және түрлі химия мен екпелерді қолданбау мақсатында фермерлер көкөністі көршілес отырғызу әдісін де жетік меңгерген. – Біз көкөністерді отырғызу тәртібіне аса қатты мән береміз. Егер де сәбіздің жанына пияз отырғызсаңыз, сәбіз құрттары пияздың иісінен шошып, пияз құрттары сәбіздің иісін жақтырмай,  нәтижесінде зиянкестер екеуіне де жоламайды, – дейді фермер Марат Мансұров. Жобаны іске қосқанға дейін әр фермер өз күнін өзі көрген еді. Нарықты, сұранысты, өнімді өткізетін уақытты есептемей өсіре берген. Бір жылдары жаппай пияз егіп, өткізе алмай, екінші жылы пияздан қашып, басқасын егіп, ол жылы пиязға сұранысы артып, талай фермер шығынға ұшыраған кездер көп кездескен. Ал жобаға мүше болғалы олар тапсырысқа сай, шығынсыз сауда айналымына көшкендерін ризашылықпен айтады. Әзірге жергілікті шаруалардан құрылған кооператив сауда желілерін көкөністермен тек жаз мезгілінде ғана қамтамасыз етеді. Болашақта қойма салып, өніммен қамтамасыз етуді күз мезгіліне дейін созу көзделген. Естеріңізге сала кетсек, 16 шілдеде «Шелек фермерлері» жобасы «Жылдың үздік әлеуметтік-экономикалық жобасы» номинациясында CSR Excellence Award халықаралық марапатының иегері атанды. Сыйлық Ұлыбританияда табысталды және байқауға бүкіл дүниежүзінен 100-ден астам компания қатысқан. Сонымен бірге, 2018 жылы мамыр айында «Шелек Фермерлері» Қазақ­станның Еуропалық бизнес-қауымдастығы (EUROBAK) өткізген байқауда «Әлеуметтік әріптестік» номинациясының жеңімпазы атанған еді. Бір жыл бұрын жоба Қазақ­стандағы Америка Сауда Палатасы (AmCham) ұйымдастырған жыл сайынғы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласындағы жобаларды марапаттау рәсімі аясында «Кәсіпкерлікті дамыту» номинациясында үздік жоба болып танылғанын да айта кеткен жөн.