Атқарар міндет ауқымды

Атқарар міндет ауқымды

Атқарар міндет ауқымды
ашық дереккөзі
Сапалы білім беру – заман талабы. Елімізде болашақ ұрпақтың заман талабына сай сапалы білім алуы үшін бар жағдай жасалуда. Тіпті, білім беру саласын ілгерілету мақсатында «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – техникалық және кәсіптік білім беру үшін жағдайлар жасау арқылы жастарды әлеуметтік-экономикалық интеграциялау. Экономиканың орнықты дамуы үшін білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, адами капиталды дамытуды мақсат еткен «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша бүгінге дейін жүзеге асырылған шаруа шаш етектен. Соның ішінде табысты жүргізіліп келе жатқан техникалық және кәсіптік білім беру ісі. Өйткені бүгінде еліміздегі экономика және өндіріс салаларының дамуына байланысты жұмысшы мамандарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Оның үстіне, мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың әртараптануына баса назар аударып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясында кəсіптік білімді дамытудың маңыздылығын айқындай келе: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек….» – деп, білім мен ғылымды инновациялау мен модернизациялау экономикалық дамудың басты бағытына айналғанын, əрі жастарымыздың жан-жақты білімді, білікті маман болып қалыптасуы ел болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі екенін алға тартқан еді. Алға қойған осындай келелі міндетті жүзеге асыруда кəсіптік-техникалық білім ошақтарының атқарар міндеті ауқымды, жауапкершілігі зор. Кәсіптік-техникалық білім беру саласына, яғни колледждерге айрықша маңыз берілу себебі – кәсіпорындардың сұранысына ие жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадрлар арнайы дайындалатындығында. Олардың арасында құрылыс, тау-кен технологиясы, темір жол, байланыс, көлік және коммуникация мамандарын әзірлейтіндер бар. Бұл – өмір жолын жаңа бастаған жастардың белгілі бір мамандық иесі атануы үшін игілікті іс атқарылып жатқанының дәлелі. Бір құптарлығы, кәсіптік білім беру мекемелерінде білім беру ісі бизнес пен жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүргізілуде. Елбасының арнайы тапсырмасымен қайта құрыла бастаған әлемдік деңгейдегі колледждер техникалық және кәсіптік білімді басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырса, кәсіптік лицейлерді әлемдік тәжірибеге сәйкес колледжге айналдыру жұмыстары да толық жүзеге асырылды. Мысалы, алып мегаполис Алматыдағы лицейлердің барлығы бүгінде колледж мәртебесін алды. Мұның өзі оқушы-жастардың сапалы білім алып, талапқа сай білікті маман атануына кең жол ашады. Бұл – арнаулы білім ордаларына мемлекет тарапынан жасалып отырған орасан зор қамқорлық. Үкіметтің жастарға кәсіби-техникалық және жоғары білім беруге, бірінші кезекте экономика мамандарына сұранысты барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Бұл – тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесін шешуге жол ашады. Ең бастысы, жоғары оқу орындары білім берумен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімдерін құруы және оны дамытуы қажет. Осыған орай еліміздің мұнайлы аймақтарында, кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе – дуальды оқыту әдісі енгізіліп, қоғамға қажетті ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде, дуальды оқыту жүйесінде біліктілігі жоғары маман-кадрларға деген сұранысты анағұрлым арттыра түсу қажет. Осы бағытта әлемдік озық технологиялар енгізіліп, ауқымды жұмыстар жасалуда. Қазіргі кезеңде білікті маманның білімі мен кәсіби біліктілігі экономика дамуының басты тетігіне айналуда. Заманауи техниканы жан-жақты меңгерген кәсіби һәм білікті мамандарға сұраныс та арта түсуде. Елімізде қабылданған білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аса маңызды мәселелерді шешуде, ұлттық мамандарды дайындауда негізгі әрі қарқынды жобаға айналып отыр. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім саласына тағы да баса назар аударып, жастардың сапалы кәсіптік білім алуына жүйелі тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық бі­лім бе­ру» жобасын ерекше атап өтті. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» әлеуметтік жобаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған тұжырымдаманы негізге ала отырып, елімізде тегін техникалық және кәсіптік білімді енгізудің тетіктері қарастырылуда. Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру – бұл азаматтардың қайта білім алуы мен тегін оқу курсынан өтіп, өз кәсібін бастауға жол бастайтын үлкен мүмкіндік. Тәжірбиеге сүйенсек бұл ең бірінші ересек адамдарға да ыңғайлы болып отыр. Ал мектеп қабырғасын бітірген оқушылар түрлі себептермен жоғарғы оқу орындарына түсе алмаған жағдайда, мемлекет жасап отырған осы мүмкіндікті еркін пайдалана алады. Тегін кәсіптік білім арқылы қалаған мамандығын алып, жұмысқа да орналасуына төте жол. Елбасы ұсынған жобаға сәйкес мемлекет әрбір адамға жеке мамандық беруді қолға алатын болады. «Мектепті бітірген жас азамат бірінші мамандығын тегін алатын болады. Біз осыдан бастайтын боламыз. Үкімет осыған кірісуі керек. Қазақстанның жас азаматтары білімді, еңбекқор, бастамашыл болуы тиіс. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Мамандардың пікірінше, тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу жоғары оқу орындарына тәжірибелі, өзінің болашақ мамандығынан хабары бар талапкерлерді қабылдауға көмектеседі. Тағы бір айта кетерлігі, техникалық және кәсіптік білім беру қоғамда орта таптың үлесін арттыруға жол ашады. Кез келген елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі орта тап екендігі белгілі. Техникалық және кәсіптік білімді дамыту өнеркәсіппен қатар, аграрлық, медицина, құрылыс, қызмет көрсету секторларының өрге басуына ықпал етеді. «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын қаржыландыру жергілікті және республикалық бюджеттен де жүзеге асырыла береді. ТжКБ ұйымдарында оқи отыра жұмыс кәсіптерін меңгеруге, қысқа мерзімді курстардан өтуге де болады. Жалпы, 2021 жылға дейін ТжКБ тегін біліктілігін 720 мыңға жуық азамат алады. Өткен оқу жылымен салыстырғанда ТжКБ ұйымдарында кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 24,8 мың орынға дейін ұлғайтылды. Бірінші шығарылым 2019 жылы жоспарланып отыр. Оқуға мұқтаж жастардың санын анағұрлым көбірек қамту үшін 1850 мобильді топ құрылды. Мобильді топ бір жылдан үш жылға дейін оқу үшін 9-11 сынып түлектері, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, сондай-ақ, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жастардың тізімін жасады. Оқуға түскен жастардың 60 пайызы әлеуметтік әлсіз тұрғындар қатарына жатады. Мемлекет ТжКБ және қысқа мерзімді курстардағы оқудың төлемін өтейді. ТжКБ ұйымдарында оқудан өтіп жатқан бағдарламаға қатысушыларды бір реттік ыстық тамақпен және стипендиямен қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда олардың оқу орнына дейінгі жол жүру өтемақылары да төленеді. Қысқа мерзімді курстарда жобаға қатысушылар да стипендия алады және жолақы төлеу мәселесі де қарастырылады. Басқа қалалардан келетіндер үшін тұрғын үй жалдауға кеткен қаражат та өтеледі. Еліміздегі техникалық-кәсіптік білімнің өрісін кеңейтіп, керегесін кеңейтуде ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған «Кәсіпқор» холдингіне үлкен міндет жүктелген. Қазір холдинг Қазақстандағы ТжКБ жүйесін жандандыруды қамтитын төрт стратегиялық бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар – ТжКБ білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту, ТжКБ оқыту сапасын арттыру, ТжКБ тиімділігі мен мәртебесін арттыру және экономиканың сұранысы мен инновациялық бағыттары бойынша жұмыс істеп жатқан ТжКБ беру ұйымдарын жұмысын жандандыру. ТжКБ білім беру үрдісінің мазмұнын жаңарту жолында сегіз білім беру бағдарламасы әзірленіп, оның 97 үлгілік оқу жоспары мен бағдарламасы дайындалды. Осы ретте холдинг мамандары дайындаған 29 жаңа білім беру бағдарламасы еліміздегі 157 колледжге енгізілді. Холдингтің 45 білім беру бағдарламалары бойынша ТжКБ түлектеріне сертификаттау жүргізіп, біліктілікті көтеру үшін теориялық және практикалық тест тапсырмалары әзірленді. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамытуда өзге елдердің озық тәжірибелерін сүзгіден өткізіп, оларды Қазақстан жағдайына бейімдеді. Нәтижесінде шетелдің 400 оқу әдебиетін аударып, оған көпшіліктің қолжетімділігін арттырды. Тегін техникалық және кәсіптік білімді барлық ниет білдірген 9 және 11-сынып бітірушілері, мектепті бірнеше жыл бұрын бітіріп, еңбек нарығында біліктіліксіз немесе жұмыссыз жүрген жастар алуға құқылы. Тегін техникалық және кәсіптік білім техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылық, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша беріледі. Сонымен қатар, медицина, білім, өнер мамандықтары бойынша даярлық мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады. ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс бойынша кадрларды даярлау техникалық, ауыл шаруашылығы технологиялық мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Қазіргі күні сервис және қызмет көрсету саласындағы мамандар ерекше сұранысқа ие. Оқу ордалары еңбек нарығының жаңа сұраныстарына жауап береді. Мысалы, құрылыстағы дизайн, қайта жандандырылатын энергетика, ақпараттық қауіпсіздік, мехатроника сияқты жаңа мамандықтар пайда болды. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігі 141 мамандық бойынша жаңа модульдік бағдарламаларды іске қосты. Мысалы, құрылыс саласы бойынша білім алып жатқан студент «тас қалаушы», «плита-қасбет салушы» біліктіліктерін ала алады. Қалаған жағдайда оқуын жалғастырып, орта деңгейлі маман – «техник-құрылысшы» бола алады. 2018 жылдың басынан бастап жоғары оқу орындарымен барлық мамандық бойынша біріктірілген білім бағдарламаларын құру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ТжКБ, орта білімнен соңғы ұйымдарға қабылдау үлгілік ережелерінің жобалары келісілуде. Онда колледждерге қабылдау кезінде Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарындағы ұпайлар ескерілуі керек деген ереже алынып тасталды. Осылайша жаңа ережелер еліміздің «Білім туралы» заңына сәйкестендірілді. Сондай-ақ, бұл ережелерде өтінімдерді қабылдау мерзімі жұмыс мамандықтары бойынша 1 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл байқау бойынша ЖОО-ға өте алмай қалған талапкерлерге құжаттарын тапсырып, колледждерге түсуге мүмкіндік береді. Осылайша БҒМ жастарды ТжКБ ұйымдарына жұмылдыру үшін пайда болуы мүмкін кедергілерді жою бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда. Сондай-ақ, колледж түлектерінің кешенді тестілеуді тапсырмастан ЖОО-ға түсу мәселелері де шешіліп жатыр. Бұл үшін ТжКБ жүйесінде сәйкесінше алғышарттар құрылған. Жарқын еңбек жолы баршаға үлгі болып табылатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарын білімді, еңбекқор, белсенді болуға қазірден бастап дағдылануға, жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл баруға, шеберліктің шыңына жете білуге шақырады. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Бүгінгі заманда ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады.