Қазақтың жауы - қамсыздық

Қазақтың жауы - қамсыздық

Қазақтың жауы - қамсыздық
ашық дереккөзі
Жалпы, мінсіз ұлт жер бетінде жоқ шығар, бірақ айнала қарасақ, бізден басқаның бәрі етек-жеңін жинап, ұйысып, топтасуға күш салып жатқан секілді. Оның басты себебі – демография. Мемлекет құраушы ұлттың сан жағынан басым болуы – барлық унитарлы мемлекеттің басты мақсаты. Бұл жағынан алғанда, 2025 жылға дейін халқының санын 20 миллионнан асыруды межелеп отырған Қазақстанның да көздегені көрініп тұр. Қай елде болса да, демографиялық ахуалды жақсарту екі жолмен жүзеге асады: халық санының ішкі өсімінің артуы және елге сырттан келетіндердің қатарының көбеюі. Мемлекетіміздің демографиялық ахуалын жақсартуға осы екі жолдың да игі әсері болды. Дегенмен соңғы жылдары шетелден келетін қандастардың қатары айтарлықтай сирексіп барады. Жасыратын несі бар, жер бетіндегі қазақ атаулының рухани тірегі – Қазақстан! Ұлан-ғайыр жері бар, халқы сирек қоныстанған, Еуропа мен Азияның бел ортасында орналасқан, түрлі энергетикалық ресурстарға бай ел. Бірақ түрлі аласапыранды басынан кешкен, кеңестік қызыл қырғынның кесірінен байырғы халқы жан-жаққа шашырап кеткендіктен және түрлі саяси науқандар кезінде сырттан келген өзге ұлт өкілдері соңғы жылдарда атамекендеріне оралып жатқандықтан аздап демографиялық тоқырау байқалатын Қазақстанның саяси-экономикалық және рухани дамуын одан әрі көтеру үшін сырттағы қазақ диаспораларының елге оралуы керек-ақ. Ал осыны қазақ атаулы түсінбейді дей аламыз ба? Түсінеді, әрине. Бірақ «Мені құртқан Көкшолақ» демекші, қазақты құртқан қамсыздық болып тұр. Арқаны кеңге салу – күн санап жаһан күрт өзгеріп жатқан уақытта өзіңе қастық қылғанмен бірдей. Қазірдің өзінде сырттағы қазақ соның зардабын тартып жатыр... Жалпы, сырттағы қазақ диаспорасының молдау жерлері – Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елдері. Сол сияқты Түркіменстан, Тәжікстан, Түркия, Иран секілді елдерде де саны бірнеше жүз мыңға жететін қазақ ұлтының өкілдері тұрады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң іле-шала Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы (1992 жылы) өтіп, сырттағы қазақтарды Атамекенге көшіріп алу істері басталып, түрлі насихат жұмыстары жүргізілді. Одан кейін Қазақстан үкіметі жанынан арнайы Көші-қон комитеті құрылып, сырттан келетін қазақтарға квота бөлініп, материалдық жәрдем беру шарасы да жолға қойылды. Осының арқасында елімізге миллионнан аса қандастарымыз қоныс аударып, қазақ елінің басына бас қосылып, қазақ мемлекетінің алысты көздеген саясаты жақсы нәтиже бере бастаған-ды. Алайда... уақыттың бір орында тұрмайтынын, заман ағымында заң-зәкүннің өзгеретінін бір сәт естен шығарып алдық. Оралмандар мәселесіне қатысты еліміздің заңында пайда болған біршама өзгерістер (мәселен, шетелден көшіп келуші қандастардан келген елінен талап етілетін сотталмағаны туралы анықтама, т.б. құжаттар), шетелдік кейбір қандастарымыздың атамекенінде жұмысқа орналаса алмай жүруі, тілге байланысты кедергілер (орыс тілін білмеуі), өздері келген жақтан алатын молдау зейнетақыны (Қытайдағы қандастарымыз) қимай жүріп қалу секілді жағдайлар шекараның арғы да, бергі жағындағы қазақтарға аздаған қиындықтар тудырып, оның нәтижесі атамекенге қөшіп келушілер легін тежеді. Тіпті, атажұртқа көшіп келген қандастардың кейбірі қайтып көшіп кеткен жағдайлар да кездесті. Ақыры не болды? Қытай мемлекетінің өз ішіндегі қазақтарға көзқарасы өзгеріп, олардың сыртқа шығуын тоқтатты. Ресей қазақтары тіл мәселесінде томаға-тұйық халге түсіп, кейінгі ұрпаққа орыстану қаупі төніп тұр. Ал Өзбекстан қазақтары өмір сүріп жатқан аймақтарда соңғы жылдары экологиялық апат құрсаулап, қандастарымыздың өсуі тежеліп келеді. Шын мәнінде, шетелден оралмай қалған қандастарымыздың басына қара бұлт үйіріле бастаған сияқты. Ширек ғасырдай уақыт аралығында атамекенге көшіп алу мүмкіндігін қолдан шығарып алған сырттағы қазақтың кейінгі халі қалай болмақ?!. Қазақ қай жерде де қазақ, алайда жетістігіміз ғана емес, кемшілігіміз де көзге ұрып тұрады. Осыдан бір ғасыр бұрын «Ай, қап...» деп сан соғып жүрген болсақ, қазір де сол қалпымыздан көп өзгере қоймаған секілдіміз-ау... Қазақтың жауы, қай кезде де, қамсыздық! Қамсыздығымыздан уақыттың өзі беріп тұрған мүмкіншіліктен айырылып қала беретініміз өкінішті. Бұл орайда Абайдың: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. ...Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!» («Қырық бірінші сөз») деген екен, осыдан тура 131 жыл бұрын. Күйініп айтқан сөз, болашаққа алаңдап айтылған сөз. Бір жалғаны жоқ. Сондықтан болар, қазақтың осы бір ештеңеге асыға қоймайтын кержалқаулығын сезген ақын-жүрек, елге қандастар көші басталар-басталмастан: Өртенген сен дегенде жаным жалын, Аңсағам, алабұртқам, сағынғанмын. Тұрғанда күнің туып, қайран қазақ, Қайтпауың атажұртқа неғылғаның?   Қауышып бөлінгендер мауқын басып, Табысып жатыр бәрі жақындасып. Сені де күтіп отыр елің, жерің, Қазағым, қапы қалмай қайтуға асық.   Тойланбас тозып жүріп тапқан бақыт, Жібімес жүрек шері жатқан қатып. Тәңірім, қайтқан елге жар бола гөр, Асырып мәртебесін аспандатып!   Құр қалар ұмтылмаған сыбағадан, Қайырымын қайталамас мына жалған. Бас қосып бауырымыз бүтінделмей, Жеткізбес бұлаңдаған, сірә да, арман!   Қайт, қазақ, еліңе, жеріңе – төріңе, Қайт, қазақ өніп-өсер мекеніңе, – деп жыр төккенде (Нүкеш Бәдіғұлов), есі бар ел енді арқаны кеңге салмайтын шығар деп ойлаған жұрттың бәрі. Алайда әне-міне деп жүргенде ширек ғасыр өте шықты. Сырттағы қазақтың бестен бірі ғана елге оралды. Сонысына да шүкір дейміз де... Қазақ мемлекеті – бар қазақтың ортақ Отаны, демек бар қазақ соның көркеюі үшін жан аямай еңбек етіп, бар білім-білігін сарп етуі тиіс. Бізді қамсыздықтан құтқарып, іргелі елге айналдыратын ұлттық идеологияның алтын арқауы осы болса керек.